Апта басында облыстық мәслихаттың төрағасы Наурызбай Байқадамов пен облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов және қала әкімі Асылбек Шәменов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баспасөз конференциясын өткізді. Брифингте өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен баянды бастамалар және алдағы күндері облыстың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында өтетін іс шаралар сөз болды.
– Өңірде әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму оңтайлы шешілуде. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларының аясында жүзеге асуда. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа тәуелсіздіктің құндылығын ұғындырып, ұлтшылдық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын, бойында ұлттық санасы қалыптасқан тұлғаларды тәрбиелеу үшін Сыр елінің қойнауына бүккен қазына-жауһарларына ерекше мән беріп, халық арасында насихаттау. Осы тұрғыда тамыз айының аяғы мен қыркүйек және қазан айларын мерейлі әрі саяси оқиғаларға толы екенін ескере отырып, сіздер арқылы барша облыс халқына үндеу тастау. Отанға деген сүйіспеншілік – жиындарда ұран тастау немесе ән шырқау емес. Отаншылдық бұл – шынайы патриоттық сезім. Яғни отбасыңды бағалау, тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу. Егерде азаматтарымыздың барлығында жауапкершілік болатын болса ісіміз алға баспақ. Тамырын тереңнен тартып, руханиятымен тау тұрғызған Сыр жұртшылығы жарқын болашақ жолына тура таңдау жасап, ауызбіршіліктің үлгісін көрсететіндігіне сенемін. Алдағы қоғамдық-маңызды шаралар азаматтардың жағымды көңіл-күйін қалыптастыруға, тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етеді. Облыс әкімінің бастамасымен аймақтағы 7 ауданда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары сынды бірқатар тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін «Руханият» орталықтары салынады, – деді облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Сейтқалиұлы.
Осыдан бірнеше күн бұрын облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын егжей-тегжей мәлімдеген. Сондай-ақ аймақтың ірі құрылыс алаңына айналғанын, оның ішінде құрылыс жұмыстары көлемі – 54,9 пайызға, инвестицияларды тарту – 23,1 пайызға, сауда көлемі 3,2 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 2,1 паайызға және ауыл шаруашылығының жалпы өнімі –1,8 пайызға артқанын жеткізді.
Ауылдық елді мекендерді қолдау бағытында «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде бірқатар жобалар қолға алынды. Олар «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» жобасы. Бұған бюджеттен 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар құрылысын салу мен жөндеу жұмыстарына, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 46 ауылдық елді мекендегі 216 жобаның жүзеге асуына 11,6 млрд теңге бөлінген.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 5 бағыт анықталған. Олар – өңдеу, кооперативтерді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша егін және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру.
«Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға 1 млрд 564 млн теңгеге 329 жоба қабылданды. Оған сенімді өкіл «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы екенін айта кетейік. Одан бөлек 616,9 млн теңгеге 92 жоба қабылданып, қалған 948 млн теңгені құрайтын 237 жоба қаралуда. Осы тұрғыда құжаттарды қабылдау шарттары ауыл тұрғындарының жағдайына қарай жеңілдетілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен ұлттық құрылтайда «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты. Яғни біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек», – деген болатын.
Осыны ескерген басшылар қаланы абаттандыру, елді мекендерді дамыту, ауылдық жерлерде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында алғаш рет «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсын бастаған. Яғни шілде айында конкурс нәтижесімен «Үздік ауыл», «Үздік аудан орталығы», «Қызылорда қаласының үздік шағын ауданы» анықталған.
Осы тұста ауладағы тазалық пен абаттандырудың үлгісін көрсеткен жеңімпазға «Үздік ауылдарға», «Үздік аудан орталықтарына» күнделікті ел тұрмысына қажетті деген заманауи үлгідегі техникалар табысталған. Ал қала орталығындағы шағын мөлтек аудандардың абаттандыру бағытында жасаған жұмыстарын бағалау мақсатында бюджеттен бөлінген қаржыға сквер, көше аулаларды жарықтандыру, балаларға арналған спорттық ойын алаңдары салынбақ. Көше аулалары жарықтандырылмақ.
Күзде «Үлгілі елді мекен» конкурсы қаланың шағын аудандары мен аудан орталықтары және ауылдар арасында қайта жалғасатын болады. Бүгінде коркурсқа бюджеттен 523 млн теңге қаржы бөлініп қана қоймай дайындық жұмыстары да басталған. Бұл шараны ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем ету үшін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланған.
Одан бөлек мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты ІІ ұлттық құрылтайда «Мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажеттігін» атап өтті.
Соған сәйкес өткен аптада облыс әкімі бірнеше ауданға барып, киелі орындардағы жағдаймен танысқан. Онда кәсіпкерлердің қолдауымен тарихта ізі қалған Сыр өңірінің қасиетті орындары – Қорқыт ата ескерткіш кешені мен Хорасан ата және Марал баба кесенелеріне қайта жаңғырту, айналасын абаттандыру жұмыстары басталмақ. Айта кетейік 2014 жылы Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата атындағы ескерткіш кешені толық реконструкциядан өтсе де, оны қайта жаңғырту жұмыстары жергілікті мердігер «СМП-Кызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен жүргізілмек.
Алматылық «АБМ ГРУП» компаниясының демеушілігімен биыл Сыр өңірінің қасиетті орындарындарын, кесене айналасын абаттандыру, жарықтандыру, қоршау мен қоғамдық музей салу жұмыстары басталған.
Облыстың мерейтойында мәдени-танымдық шара, салтанатты жиындардың қандай түрлері өтетінін облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов айтты.
– Сыр өңірінің 85 жылдық мерейтойына облыста көптеген игі шаралар ұйымдастырылады. Бұл Сыр маржанына орақ түсіп, қамба астыққа толып, шаруа адамы ілтипатқа бөленетін кезең. Дәстүрге айналған қала күнімен қатар келген облысымыздың айтулы мерейтойы ерекше болмақ. Мәселен, жыр кештері, кітап көрмелері, Қызылорда туралы ретро концерт, халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалі, республикалық ақындар айтысы, бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне арналған танымдық конференция ұйымдастырылады. Жоспар бойынша республикалық ғылыми-практикалық конференцияны өткізу арқылы аймақтың қоғамдық-саяси дамуы мен тарихи оқиғаларынан сыр шертіледі. Сонымен қоса облыстың 85 жылдығына орай «Қызылорда облысы: тарих, бүгін, болашақ» тақырыбында арнайы деректі фильм түсіру. Сондай-ақ кітап шығару және аймақтың көрікті жерлері бейнеленген «ФОТО КІТАП» әзірлеу жұмыстары да жүргізілуде. Жыл сайын өтетін «Алтын дән – 2023» мерекесінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, бәйге болып, бұл күн салтанатты шарамен қорытындыланады. 25 қазан – Республика күніне орай тақырыптық конференциялар мен салтанатты жиындар, 15 қараша – Ұлттық валюта теңгенің 30 жылдығына мерекелік шаралар ұйымдастырылады, – деді аппарат басшысы.
Бұдан бөлек облыс әкімі аудандарды аралап әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымын пысықтап қана қоймай, аймақтағы білім беру ошақтарының жаңа оқу жылына әзірлігі, күрделі жөндеуден өтіп жатқан білім мекемелерінің толық дайын болуы, оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету мәселесін тиісті сала басшыларына жүктеді. Аталған өзекті мәселелер аймақ басшысының жіті бақылауында екенін жеткізді.
Биыл 195,9 мың гектарға егін егілген. Оның ішінде 89 мың гектарға күріш егілген. Қазір егістікті суармалы судан қалдырмау шараларын жауапты министрліктер мен шаруа қожалықтары бірлесіп жүргізуде. Бұған арнайы жұмыс тобы құрылып, шаруашылықтарға суды кезекпен беруде. Егістікке су жеткізу және қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану үшін 351 насос құрылған.
Алдағы уақытта аймағымызда бірқатар шара өткізілу жоспарланған. Ашып айтсақ, 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес танымдық шаралар мен салтанатты жиын ұйымдастырылған. Ал Республикалық аналар форумына аймақтағы беделді, жетістікке жеткен батыр аналарды қатыстыру қарастырылуда.
Білім күніне орай барлық білім беру мекемелерінде 1 қыркүйекте салтанатты жиындар өткізілсе, тілдер күні мерекесіне орай танымдық іс-шараларды 5 қыркүйекте өткізу жоспарланған. Мұнан соң халықаралық қарттар күніне орай ардагерлерімізді ардақтау мақсатында қазанның бірі күні мерекелік жиыннан бөлек басқа да игі шаралар жоспарлануда. Осыған сәйкес бүгінде іс-шаралар жоспары мен арнайы медиа-жоспар әзірленуде.
– Бүгінде қаламызға – 205 жыл. Қалыптасу тарихының әр кезеңі жеке-жеке баяндалып, зерделенетін, азат еліміздің думан байрағына, салтанат тұғырына айналған, өзгеріс ісімен өрнектелген толағай табысқа толы тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің қарқынды дамуына шолу жасалатын қала күнін барша қызылордалықтар асыға күтетін мерекелердің біріне айналды. Қала күніне орай 20 тармақтан тұратын іс-шаралар бекітілді. Биыл қыркүйек айының 15 мен қазан айының 7-не дейін арнайы бекітілген жоспар бойынша шаһар тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлайтын түрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады. Бұл шара қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастар карнавалы» атты шеруі өткізіліп, республикалық жайдарманшылардың фестиваліне ұласады. Ал орталық алаңда қала күніне арналған мерекелік шаралардың салтанатты ашылуы болады. Одан бөлек облысқа қарасты 7 ауданда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, кешкі уақытта мерекелік концерттік бағдарламалар жоспарланған, – деді қала әкімі.
Аталған мерекелік шарадан бөлек қалада атқарылған бірқатар жобалардың жүзеге асып, облыс орталығында құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Неке сарайы», құны 3,7 млрд теңге болатын 1000 орындық «Өнер орталығы» пайдалануға берілетінін жеткізді.
Сонымен қатар заманауи талаптарға сәйкес құны 975 млн теңгені құрайтын жаңа автовокзал салынуда. Ол жыл соңында пайдалануға берілмек.
Одан бөлек қалада «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп темір жол вокзалына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы атқарылған жұмыстардың жүйелі әрі уақытында жүзеге асуында демеушілердің еңбегі зор. Себебі жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар қайырымдылық шараларына белсенді атсалысып, Сыр елін көркейтуге өз үлестерін қосуда.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!