Сәрсенбі, 01 мамыр, 11:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

2020: Қызылордадағы айшықты оқиғалар

05.01.2021

5763 0

Әлемді дүрбелеңге салған тышқан жылын да артта қалдырдық. Бұл жылды еске алсақ алдымен ойға оралатыны коронавирус індеті. Іргеден келген тәжді тажалдың кесірі талайға тиді. Дүние жүзін дүр сілкіндірген пандемия әлі де бәсеңсіген жоқ.

Әлемнің алпауыт елдерінің өзі тосырқаған бұл жағдай елімізде былтыр көктемде белең алған. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтенше жағдай жарияланды. Жұртшылық үйден шықпай, қашықтан жұмыс істеді, білім алды, тіршілік етуді үйренді. Әйтеуір басқа түскен іске бекем болып, кеселден аман-есен шығудың амалын жасады. Пандемия қарқын алған тұста оның қанша уақытқа созылары белгісіз болған. Дегенмен алдын алу жұмысының нәтижесі болар қиындықты қолдан келгенше еңсеруге тырыстық. Сақтық  шарасын сақтай отырып, қалыпты жағдайға көшуге қадам жасалды.

Ел экономикасын тұралатпай, әлеуметтің жағдайын қалыпқа келтіру қиын кезеңде де жүзеге асты. Жыл басында жоспарланған қан­шама тірлікке «індет тосқауыл бола ма?» деген күмәннің болғаны рас. Бірақ бұл сындарлы сәттен де сәтті шыға алғандаймыз.

Өткен жылды сараласақ, Қызылорда қала­сының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жылдағыдан төмен емес. Өсім бар, өндіріс қарқын алған. Мәселен, дамудың негізгі көрсеткіші болған өнеркәсіп өндірісінде мұнай, газ, тағам өнімін өндіру жолға қойылған. Сондай-ақ өңірдің басты ауыл шаруашылығы саласында да ілкімді істер көп. Өткен жыл егін егуге де қолайлы болмағаны жасырын емес. Шаруаларды алаңдатқаны аймақтағы су тапшылығы еді. Оның да реті табылып, қисыны келісті. Нәти­жесі де көңіл көншітерліктей. Егіс алқабын әртараптандыруды қолға алған мамандар қиын сәттен қиналмай шықты. Қалаға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдары 8746 гектар аумақты әртараптандырып, егін екті.  Соның 4000 гек­тарынан астам жеріне негізгі күріш дақылы егіліп, әр гектарынан 52,2 центнерден өнім алынды. Ет, сүт өндірісі де жылдағыдан 2,2-2,5 процентке өсім алды.

Жыл санап көркіне көрік қосып, өсіп, өркендеу жолындағы шаһарда өткен жылы инфрақұрылымның дамуына басымдық бе­ріл­ді. Көп жыл жөндеу көрмеген көшелер асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы са­лынды. Бұл ретте «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасының игілігін атап өткен жөн. Осы бағдарлама аясында қалада 98 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Екі жүзден астам көшеге күрделі, орташа жөндеу жұмысын жүргізу,  жарықтандыру, кәріз жүйелерін, жылу қазандықтарын жаңарту, елді мекенді ауыз сумен қамту сынды толымды істер атқарылды. Халықтың қыстан қысылмай шығуы үшін жылу беру маусымына дайындық дер кезінде жүргізілді. Мұның барлығы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламсы аясында жүзеге асты.  Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасымен ауылдық жердегі мектеп, мәдениет үйі секілді нысандар, бірқатар көшелер жөн­деліп, жарықтандырылды. Қаладағы көп­қабатты тұрғын үйлер қайта жаңғыртудан өтті. Қаланың инфрақұрылымын дамытудағы басты жобаның бірі – Тәуелсіздік даңғылын жалғастыру мақсатында С.Бейбарыс көшесі­нің бойынан Қызылжарма каналына дейінгі аумаққа магистралды көше құрылысы жүргізілді.

Шаһарда атқарылған айшықты істің қата­рында баспана жайы бар. Жасыратыны жоқ соңғы жылдары өңірде тұрғын үй кешені құрылысы жанданып, жыл сайын айтулы күндерде пәтер кілтін табыстау дәстүрге айналған. Мұндай үрдістен биыл да қалыс қалғанымыз жоқ. Былтырдың өзінде жалпы аумағы 292 237 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Нәтижесінде 2380 пәтерлі 52 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Жыл басынан бері үй кезегінде тұрған мыңнан астам тұрғын баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Тіпті желтоқсан айының басында тағы 100 отбасы үйлі болса, Тәуелсіздік күнінде көпқабатты 2, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында 15 тұрғын үй ел игілігіне берілді.

Сырдың сұлу шаһарына айналған Қызылорда қаласында атқарылған істер мұнымен толаста­майды. Қалада медицина, білім саласына да қолдау жоғары. Ажарымен бірге халқы да өсіп-өнген аумақта жылдан жылға шағын аудандар да бой көтеруде. Онда қоныстанушы тұрғындар саны артпаса кеміген емес. Бүгінде жаңадан бой көтерген бірнеше шағын ауданда 9 мыңнан астам халық қоныс теуіпті. Соған сәйкес білім ошақтары, емдеу мекемелерінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілуде. Былтыр жаңадан құрылған «Бәйтерек» шағын ауданында жаңа мектептің іргесі қаланса, Жаппасбай батыр көшесі бойындағы құрылысы 2018 жылы басталған №282 мектеп-лицейінің ашылу рәсімі өтті.

Қала күні қарсаңында қалада «Дәрігерлер аллеясы» мен «Денсаулық» саябағы салынды. Бұл індет кезінде вирус жұқтырған науқастарды құтқаруда басын қатерге тіккен ақ халатты абзал жандарға көрсетілген зор құрметтің белгісі еді.

Тышқан жылы көпшілік айтқандай інге тығылып, күн кешкен жыл болса да, қарап жатпай қарекет қылған да кезең болды. Пандемия салқынымен бірге тіршілік етудің жаңа бағытын, тың бастамасын әкелгендей. Қанша ауыр жыл дегенмен, табысқа толы болғанын да жасыра алмаймыз. Иә, өткен жылға өкпе жоқ. Себебі кем-кетігімізді түгендеп, болашаққа жаңа бағдар алған, тың серпіліс берген жыл болды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: