Жұма, 19 сәуiр, 05:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Қаладағыдай күй кешетін күн жақын

29.11.2022

615 0

Өткен аптадан бастап қала әкімі Асылбек Шәменовтің ауыл және кент тұрғындарымен есепті кездесуі өтуде. Атқарылған жұмыстар мен болашақ жоспарды халыққа таныстырып, көптің сауалына жауап беретін жиын Президент Жарлығына сәйкес ұйымдастырылуда. Кездесуде қала басшысы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жұмыстарға көз жүгіртіп, алдағы уақытта жүзеге асатын жайын айтты. Қала әкімі Асылбек Шәменов ауыл тұрғындарына да қаладағыдай жағдай жасалынатынын жеткізді. Яғни ауылдықтар қаладағыдай күй кешетін де күн жақын.

ҚЫЗЫЛӨЗЕК: АУҚЫМДЫ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Қала әкімі Асылбек Шәменов Қызылөзек ауылдық округіне барып, елді мекеннің тыныс-тіршілігін көріп, тұрғындармен кездесті. Онда шаһар басшысы халықты мазалап жүрген сауалдарға жауап берді.

Қызылөзек әлеуметтік-экономикалық жағынан тұрақты дамып келеді. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі түзу, қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.

Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, ауыз су мен электр энергиясын жеткізуде айтарлықтай мәселе жоқ. Яғни мұнда кез келген мәселе ретімен шешімін тауып келеді.

– Биыл ауылдарға ерекше көңіл бөлінді. Тұрғындардың талап-тіле­гіне сәйкес қажетті шаралардың барлығы атқарылды. Бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Жедел әрі жүйелі істің нәтижесінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы алдағы жылға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінгелі отыр. Ауылдардың дамуына барынша көңіл аударамыз, – деді қала әкімі.

Кездесуде тұрғындар қала әкімінен ауылға сапалы электр желісін жүргізуді сұрады.  Алдағы уақытта электр желілері жүргізіледі. Сонымен қатар бірнеше көше жөнделіп, жарықтандырылады.

ТАЛСУАТ: 150 ОРЫНДЫҚ КЛУБ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Қала әкімінің кезекті кездесуі Талсуат ауылдық округінде жалғасты. Тұрғындар бүгінгі кездесуді асыға күткен. Өйткені ауылдағы мәселені айтып, оның нәтижесін шығаруға бірден-бір мүмкіндік. Жиында тұр­ғындар көкейде жүрген сауалын қойып, шаһар бас­шысына нақты мәселелер бойынша уәжін айтты.

Талсуатта игі істер жасалып, жақсы бастамалар қолға алынған. Күннен-күнге елді мекен көркейіп келеді. Ауыл аймағы кеңейіп, жаңадан қоныстанғандар баршылық. Халық санының артуына бай­ланысты ауылда электр сым­дарын жаңарту, жол салу мәселелері туындайды. Де­генмен бұл жұмыстар уақыты­лы іске асуда.

Атап айтсақ, Талсуаттағы 8 көшені асфальттауға және 13 көшеге талапқа сай электр желілерін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджетке өтінім жасалған.

Сонымен  қатар тұрғындар өтінішіне сәйкес мұнда мәдениет үйінің құрылысы басталғаны белгілі. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүруде.  Клуб келер жылдың бірінші тоқсанында ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Өз сауалдарына жауап алған талсуаттықтар қала әкіміне  рахмет айтты.

АҚСУАТ: КӨПТЕН КҮТКЕН ГАЗ КЕЛЕДІ

Аптаның жұмасында қала әкімі Асылбек Шәменов Ақсуат ауы­лы­ның тұрғындарымен кездесті. Бұл ауылдық округте айшықты істер бар. Соның бірі – ауылға газ тарту. Газ тарту жұмыстары өткен жылы басталған.

«Ақсуат ауылдық округінің тұрғындары алдағы жыл басынан бастап «көгілдір отынға» қосыла­ды». Қала әкімі бүгінгі кездесуде тұрғындарға осы жаңалықты айтып қуантты.

– Ауылымыздың жағдайы жақ­сы. Халық шүкір деу қажет. Елдің күткені – газ. Қала әкімі кездесуде 2023 жылдың басында ауылға газ берілетінін айтты. Тұрғындар қуанып жүр. Халық үшін игі жобалар жүзеге асып жатқанына қуаныштымыз, – дейді ауыл тұр­ғындары. 

Қазіргі таңда мұнда жаңадан қоныс аударғандар көп. Сондықтан да инфрақұрылым мәселесі назар­дан түспей тұр. Жаңадан көше қосылғандықтан жол мен жарықтан қиындық болады. Осыған орай алдағы уақытта 4 көшеге асфальт түсіп, ауылдағы барлық көшенің электр желілері мен қосалқы стан­циялары қайта жаңғыртылады.

Қала әкімі кездесуде тұрғындар­ды маңызды мәселелерді шешу жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Сонымен қатар жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен спорт кешені бой көтеріп, балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалады.

– Еліміз бір орында тұрмайды, дамып келеді. Бірте-бірте барлық мәселелер шешіледі. Шешілмейтін мәселе жоқ, сондықтан сіздердің барлық өтініштеріңіз бен тілекте­ріңіз мұқият зерттеліп, жауапсыз қалмайды. Берекелі бастамалар сәт­ті жүзеге асып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға қол жет­кізіледі, – деп қорытындылады қала әкімі.

«БЕРІЛГЕН УӘДЕ, АЙТЫЛҒАН ҰСЫНЫС ОРЫНДАЛУ КЕРЕК»

Қала әкімі Асылбек Шәменовтің жергілікті тұрғындарымен кездесуі жалғасуда. Шаһар басшысы бүгін №101 мектеп-лицейінде тұрғын­дар­мен кездесіп, өтініш  тілектерін тыңдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында жергілікті билік өкілдері тұрғын­дарға әр тоқсан сайын жолығып, есеп беру керектігін жүктеген. Осыған орай билік өкілдері бұқара базынасын тыңдап, әр мәселені жіті қарап, оң шешімін табу жолдарын қарастыруда. Әлеуметтің әлеуетін арттыруда қажетті шаралар уа­қытылы қабылдануы қажет. Осы үдені мақсат тұтқан Асылбек Өмірбек­ұлы кездесуде алдымен облыс ортылығында атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталып өтіп, бо­лашақта жасалатын жобаларын айтып өтті.

– Жасалған жұмыс жұрт игілігі үшін. Көпшілік тұтынатын дүние кемшін болмау керек. Халық көңілі таразы. Мен үнемі осыны айтып отырамын. Сырдың бас қа­ласы жыл өткен сайын жаңғыру керек. Барлығы талапқа сай болуы маңызды. «Іс бітті, қу кетті» де­геннен ешкім ұтпайды. Бәрінің сұрауы бар. Қаламызда жаңадан мөлтек аудандар бой көтеруде. «Анаға тағзым» орталығы, жаңа әуежай, «Өнер орталығы», «Неке сарайы» секілді әлеуметтік нысандар қатары жыл сайын арта түседі. Күн тәртібіндегі өзекті мәселе қоғамдық көлік қатынасы аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бақылауында. Жоспардағы жұ­мыстар легі осылай атқарыла бермек. Биыл қала орталығында 51 көше асфалттанды. Халық тұр­мы­сын жақсарту біздің басты мақ­сатымыз, – деді қала әкімі.

Кездесуде қала тұрғыны Алпысбай Шүкіров сөз алып, ұсы­ныс тілегін жеткізді.

– «Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөз біздің өлкеге арна­лып айтылған айдарымыз секіл­ді. Ал бірақ жергілікті ақын-жазу­шылардың суреттері мен шы­­ғар­­маларын аялдамаларға кө­бірек орналастырса. Сол жаға­лаудағы музейді кеңейткен жөн секілді. Осыған назар салсаңыз. Музей құнды жәдігерлер сақтайтын орын, – деді өз сөзінде.

Бұл мәселеге орай қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебайға тапсырма беріліп, жақын арада есеп алатынын айтты.

Сонымен қатар Астана шағын ауданындағы орналасқан «Жастар үйі» тұрғындары әлі күнге «көгілдір отын» кіргізілмегенін айтып, көмек сұрады.

Бұған байланысты қала әкімі биыл жазда қаржы бөлінгенін жеткізді.

Сонымен қатар кездесуде жол, жарық, аяқ су тарту мәселері ай­тылып, оған тұшымды жауаптар берілді.

Осы мақсаттағы кездесу келер жылы да жалғасатыны айтылды. Бұл «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасының орындалып жат­қанының көрсет­кіші.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ,

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: