Сенбі, 20 сәуiр, 12:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Тазалық мекемесіне – жаңа техника

08.04.2023

919 0

Көктем – жаңару мен жаңғырудың, түрлену мен түлеудің ғана емес, тазалықтың да айы. Бұл мезгілде үлкен-кіші айналаны тазартып, күл-қоқыстан арылтады. Осы ретте тазалық сақтау ішкі мәдениетіміздің айқын белгісі екенін ескерсек, санитарлық тазалықты өзімізден бастау керектігін ұғамыз.

Қарап отырсаңыз, қазіргі кезде Қызылорда таза қалаға айналды. Қаланың ажары тікелей тазалығына да байланысты. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Тазалыққа тікелей жауап беретін «Қызылорда тазалығы» ЖШС мекемесіне артылған жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Десе де, күн-түн демей,  тынымсыз жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегі орасан. Олар ел ұйқыда жатқанда жұмысқа кірісіп, кешке дейін үздіксіз қызмет етеді.

Соңғы уақытта аталған мекеме облыс әкімі Н.Нәлібаевтың қолдауын сезініп келеді. Атап айтсақ,  «Қызылорда тазалығы» ЖШС 20 дана арнайы техника алуға облыстық бюджеттен 742,8 млн теңге бөлініп, бүгін оның алғашқы легі келе бастады.

Осыған орай, шаһар басшысы Асылбек Шәменов тұтас бір қаланың тазалығына жауапты мекеменің материалдық-тех­никалық базасын толықтыру мақсатында жаңадан алынған екі дана фронталды тиегіші бар «МТЗ-82» тракторы мен «WECAN 800» маркалы екі шағын тиегіш техникаларын табыстау рәсіміне қатысты.

– Қажеттілікті қамтамасыз ету жолында үздіксіз жұмыстар жасалу керек. Осы күнге дейін алынған техникалардың белгілі деңгейде ескіруіне байланысты, заман ағымынан қалмай мәселенің себебімен емес салдарымен күресу мақсатында облыс әкімінің тікелей қолдауымен жүйелі жұмыстардың нәтижесі сезілуде. Алдағы уақытта тұрғындарға сапалы қызметті арттыру бағытында арнайы техникалар рет-ретімен алынады, – деді қала басшысы.

Сондай-ақ шаһар басшысы ел игілігі үшін жасалған бұл істің баянды болуы ендігі жерде жұмысшылардың мемлекет мүлкіне деген жана­шырлығы мен жауапкершілігіне тікелей бай­ланысты екенін тілге тиек етті. Қала тазалығына жауапкершілікпен қарап жүрген еңбек­керлердің жұмысына сәттілік тіледі.

Қазіргі кезде 500-ден аса көшенің тазалығын қамтып отырған «Қызылорда тазалығы» ЖШС-нің теңгерімінде 125 дана техника болса, оның 91-і санитарлық тазалық жұмыстарына жұ­мылдырылған.

Айта кету керек, өткен жылдың соңында аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджеттен бөлінген 525,6 млн теңгеге 11 арнайы техника алынған еді.

Аталған мекеме басшысы Бауыржан Әбдіғаппар­ұлы да қала тұрғындарын барынша тазалық сақтауға шақырды. Расында, сырттан келген сыншының көзі сүйсініп, өзіміз үшін мақтаныш сезімі ұялайтын қала тазалығы – бар­шамызға ортақ. Тазалық мекемесінің  қыз­меткерлері де осыны көпшілік түсінсе екен дейді.

А.ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: