Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қаланың жайын талқылаған кеңес

17.05.2022

1252 0

Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың төрағалығымен Қызылорда қаласын дамытудың проблемалық мәселелері және оларды шешу жолдарын талқылау бойынша кеңес отырысы өтті. Жиынға қатысқан сала басшылары баяндама жасап, атқарылған жұмыстарды тізбеледі. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері аймақ басшысының ұдайы бақылауында екенін жеткізіп, ең өзекті проблемалардың шешілу жолдарын бірге қарастыру қажет екенін айтты.

− Өңір экономикасын әр­тараптандыру мақсатында құны 667 млрд теңгені құрайтын 22 жобаның тізімін жасадық. Оның ішінде 19 жобаны қаржыландыру мақсатында «Қазақстан Даму Банкі», «Өнеркәсіпті дамыту қоры», «Аграрлық несие корпо­ра­циясы» акционерлік қоғамы­мен жұмыс жүргізілуде. Ал кре­диттік тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына қо­сымша 30 млрд теңге тарту мәселесі шешілуде. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен қөпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмыстары, оның ішінде Қорқыт ата атындағы әуежайдың жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қаланың дамуына қосымша 5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді», – деді Мархабат Жайымбетов.

Отырыста облыс әкімінің орынбасары Қызылорда қала­сына инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін көтеру мен кәсіп­керлікті дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар «Қызылорда Автобус паркінің» материалдық базасын нығайту жайы да айтылды. Жауап­ты сала басшысына жолау­шыларға ыңғайлы болу үшін электрондық төлем жүйесін одан әрі дамыту міндеттелді. Айта кетейік, жуық арада облыс әкімінің қолдауымен автобус паркі 150 көлікпен жаңартылмақ.

«Қызылорда су жүйесі» меке­месі жұмысын тұрғындар жиі сынға алады. Облыс әкімінің орынбасары аталған мекеменің өзіне жүктелген міндеттерді толық орындамағанын қаперге салып, дебиторлық қарыздарды жинау көрсеткішінің төмен екенін айтты. Сондай-ақ қаланы абаттандыру жұмыстары мен санитарлық-ги­гиеналық талаптардың да сын көтермейтінін жеткізді. Парк, сквер, аллеяларда қоғамдық әжет­хананың жоқтығын тілге тиек етіп, қала басшылығына халық көп шоғырланатын орын­дарға кәсіпкерлерді тартып, санитарлық-гигиеналық торап­тар­ды салу жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ базарларды заманауи қалыпқа келтіру кезек күттірмейтінін ше­гелеп айтты.

Мұнан өзге тұрғын үйлерді салу, жұмысы тұралап қалған құрылыс нысандарының жағ­дайын бақылауды және жол сапасына жете мән беру керектігі айтылды. Мархабат Жайымбетов, әсіресе, жоспардағы тұрғын үй мен инфрақұрылым құрылысына қажетті жобалық-сметалық құ­жат­тардың дер кезінде дайын бол­майтынын айтып, белгіленген ме­жені орындап, республикадағы өз үлесімізді алу керектігін жеткізді.

Басқосуда аймақтағы атқа­рылатын ілкімді істер де сөз болды. Тұрғын үй қорын көбейту мақсатында 1000-ға жуық пәтер салынып, пайдалануға берілмек. Ал құрылыс жұмыстарын жүр­гізуге Нұр-Сұлтан, Алматы қала­ларының кәсіпкерлері ша­қырылған. Сол жағалаудан бой көтеретін үстел теннисі орталығы бұқаралық спортты дамытуға септігін тигізбек. Сонымен қатар жаңа Өнер театры мен Салтанат сарайы да қаланың сәулетіне әр бермек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: