Нарықтағы күн санап өсіп жатқан бағалар тұрмысы төмен отбасыларға айлығы шайлығына ғана жарап тұрған қарапайым халыққа оңай емесі белгілі. Жолаушылар көлігінің бағасы көтерілмекші деген ақпарат та желдей есіп жүр. Тіпті мәслихат депутаттары да жауапты мекемеге ат басын тіреген. Енді жолақының да құны өсетін болды дегенді естіп мұндай тәуекелге неліктен барғандығын білу мақсатында «Автобус паркі» мекемесінің басшысына хабарластық.
Мақсат Жүсіп, «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС директоры:
«Сәуір айында өтетін қалалық мәслихаттын VIII шақырылым депутаттарының І сессиясына «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қолма-қол төлемді 130 теңгеге көтеруге ұсыныс берді. Электронды түрде төлем ақысы 85 теңге болып қала береді.
Бұл – өз кезегінде жолаушылардың электронды түрде төлем жасауын арттырып, көлеңкелі кәсіптің алдын алудың бірден-бір жолы. Жаңашылдық қоғамдық тасымалдауда ыңғайлы және қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етеді, автопарктің кірісін арттырып, жолаушы тасымалдауда мәдениеттілікті қалыптастырып келеді.
Қызылордалықтарға қазіргі таңда электронды түрде төлем жасаудың 8 түрі ұсынылған. Олар: SMS, QR код, ұялы қосымша, көлік және банктік карталарды қолданатын ұялы байланыс операторлары арқылы.
Сонымен бірге SMS BUS қосымшасын кез келген телефоннан өзіңізге жүктесеңіз, көліктің қай аялдамадан шыққанын, уақытын бақылай аласыз. Біздің жоспарымызда алдағы уақытта оқушылар тасымалын мекеме өз иелігіне алып, сапалы әрі қауіпсіз қызметті қамтамасыз етуге жауапкершілігін алмақ».
Мекеме басшысының айтуынша, бірыңғай электрондық төлемге көшу қалың бұқараға тиімді. Енді жаппай жұртшылық осы жүйеге көшсе қалтасына салмақ түспейді. Ал қала тұрғындары не дейді?
Салтанат Садуақасова, қала тұрғыны:
– Өте дұрыс деп ойлаймын. Дифференциялдық төлем деген кез келген салада болады. Қазір еліміздің біраз қаласындағы көліктер осы жүйемен жұмыс істейді. Кім қолма қол төлегісі келмейді. Жол картасын сатып алыңыздар. Болды. Мәселе шешіледі. Жүргізушілер қолма қол төленген ақшаларды қалтарына салып отыр. Төлем түбіртегін бермейді. Халық оны сұрауды да білмейді. Тіпті жүргізушінің каспиіне аударып жатқандарды да көрдік. Тәрбие өзімізден басталу керек.
Айна Әбілдаева, қала тұрғыны:
– Жолаушылар көлігінің жағдайы жақсарып келеді. Үлкен сыйымдылықтағы автобустар қаланың көркін келтіруде. Интервалдары да тұрақталды. Кіші сыйымдылықтағы көліктерге де жағдай жасалып, электронды төлем картасымен төлеу жүйесі енгізілсе дейміз. Сонда халық жаппай осы электронды төлемді пайдаланар еді. Жол жүру бағасы көтерілсе, кіші сыйымдылықтағы көлікке мінетін кісілерге оңай болмасы анық. Осы жағын жауапты мекеме ескерсе дейміз.
Гүлсара Бакиева, қала тұрғыны:
– Жеке көлігіміз болмаған соң маршруттарға телміреміз. Әсіресе кешкі уақытта көліктер лық толы сыймай қалып жатамыз. Сол газельдердің орнына ең болмаса еркін тұрып баратын үлкен автобустар берілсе екен. Заманауи автобустар көбейсе, ел де өркениетке ұмтылып, төлемді электронды жүйемен төлейтін болады. Бұл халыққа өте қолайлы әрі ұтымды. Қолма қол төлемнің дәуірі бірте-бірте бітетініне сенімдімін.
Расында, үлкен сыйымдылықтағы автобустар заманауи талапқа сай реттеліп келеді. Кіші сыйымдылықтағы көліктер туралы айтылып та, жазылып та жүр. Олардың сапасы сын көтермейді. Амал жоқ діттеген бағытына жету үшін жолаушылар бір-бірін итеріп, сіресіп тұрғаны. Сессия шешімді оң деп тапса, бұл маршруттардың да жол ақысы өспек. Бұл уақытша дейді серіктестік басшысы. Себебі серіктестіктің стратегиялық жоспарына жыл көлемінде – «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС қалаішілік жолаушылар тасымалының барлық бағытын қамту кіреді екен. Сол жаңа жоба жүзеге асса кіші сыйымдылықтағы көліктердің орнын үлкен сыйымдылықтағы су жаңа автобустар алмастырмақ. Бұл – болашақтың бағдары. Бірақ нарықтағы бағада байлам болмай тұр. Құбылған бағаға жұрт наразы. Қазір мардымсыз жалақыны місе тұтқандардың қалтасын қағып кеткелі тұр.
Алайда көпшіліктің жанайқайына айналған жолаушылар көлігі мәселесі біртіндеп шешімін тауып келе жатқанын да ешкім жоққа шығара қоймас. Серіктестік басшысының мәліметіне сүйенсек, бүгінде қала ішінде 18 бағытта 150 автобус тұрғындарға қызмет көрсетеді екен. Оның он алтысы қалаішілік болса, екеуі саяжайларға қатынайды. Халық бұл жағынан қоғамдық көліктің біршама жақсарғанына, үлкен сыйымдылықтағы автобустардың көбейгеніне разы.
Өркениетке иек артқан да дұрыс болар. Себебі көпшілігіміз осы көлікке орнатылған электронды төлемге мән бермей, қолма-қол төлем жасауды құп көреміз. Ол өз кезегінде көлеңкелі бизнеске жол ашуда. Халықтың назарын аударып, төлем жүйесін оңтайландыру үшін серіктестік осындай қадамға бармақ. Төлеген ақшаңыз мемлекет қазынасына емес, жеке адамның қалтасына түсіп жатқаны ұрлықпен тең. Ал кіші сыйымдылықтағы көліктер мәселесі облыс басшылығының тікелей назарында тұр. Көп ұзамай бас қаланың көшелеріндегі кіші сыйымдылықтағы көліктің орнын жолаушыларға жайлы жаңа автобустар алмастыратын болады.
Ендеше баға көтеріледі деп даурыға берудің де реті жоқ секілді. Ол уақытша қиындық екенін сала мамандары терең зерделеп, түсіндіріп отыр. Заман талабына лайықты өмір сүруге талпынып, жаңалықтардың жақсысын өмірге енгізіп, мемлекет қаржысын талан-таражға салмаудың жолын қарастырғанымыз жөн. Электронды төлем жүйесі – талдауды қажет етпейтін таңдау. Заман ағымы бізден өркениеттен қалмауды талап етеді. Олай болса, электронды төлем картасын пайдалануды әдетке айналдырып, өз ақшаңызды үнемдеңіз. Ал кіші сыйымдылықтағы көлікпен жүретін жолаушыларға жағымды жаңалық – мекеме басшысы мәлімдегендей жуырда 150 автобус әкелініп, қала тұрғындарына қызмет көрсететін болады.
Г. ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!