Аймақ басшысының қолдауымен қала көлемінде жол-көлік инфрақұрылымы дамып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер бой көтеріп, абаттандыру жұмыстары жедел жанданды. Құрылыс кластеріне айналған Қызылордада көпір құрылыстары да қарқын алды. Соңғы екі жылда Сыр өңірінің бас шаһарында 3 көпір салынды. Әуежайдан қалаға дейінгі 3 көпір қайта жаңғыртудан және 2 көпір күрделі жөндеуден өтті. Сұлтан Бейбарыс – Жаппасбай батыр көшелеріндегі темір жол үсті көпірі қайта жаңғыртылды. Қазіргі таңда Жанқожа батыр көшесі арқылы теміржол асты өткелі салынуда. Осындай игілікті іс Қызылөзек ауылдық округінде де жалғасын тапты. Тұрғындардың талай жылғы талап-тілегі орындалып, апатты жағдайда тұрған «Қожақ» автомобиль көпірі қайта жаңғыртудан өтіп, бүгін пайдалануға берілді.



Салтанатты рәсімге ел ағалары, ардагерлер, зиялы қауым және ауыл тұрғындары қатысты. Қала әкімі Нұржан Ахатов қайта жаңғырған көпірдің ашылуымен құттықтады.- Бұл көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы жиі айтылып келді. Сіздердің сол талап-тілектеріңіз бүгін орындалды. Аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджеттен 300 млн. теңгеге жуық қаржы бөлініп, көпір қайта жаңғыртылды. Жаңарған көпір игіліктеріңізге қызмет етсін, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Салтанатты шарада жаңғырту жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме «N Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлеріне қала әкімі алғыс хат табыстады. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов ауыл халқының қуанышына ортақ екенін айтып, лебізін білдірді. Ауыл ақсақалы жиналғандарға ақ батасы берді.Айта кету керек, биылдың өзінде Қызылөзек ауылдық округінің инженерлік – инфрақұрылымын дамытуға бюджеттің барлық көздерінен 1 млрд. 600 млн. теңге бөлінді.

Оған елдімекеннің электр желілері қайта жаңғыртылуда. Жаңа жол құрылыстары салынып, көшелерге күрделі және орташа жөндеу жүргізілуде. Жарық бағаналары орнатылып, балалар ойын алаңының құрылысы басталуда.
Ауылдық округті көгілдір отынмен қамту мақсатында 26 млн. теңгеге газдандырудың жоба – сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!