Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес облыстық мәслихат төрағасы мен облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының басшысы Қызылорда қаласындағы нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.
Алдымен «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалы мен «Өнер орталығына» барды. Жаңа терминалға «Болат Өтемұратов қоры» 16,6 млрд теңге инвестиция салды, жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Ал, 1000 келушіге арналған «Өнер орталығы» былтыр пайдалануға берілді. Зәулім ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізілуде. «Жаңадария», «Сыздық», «Шіркейлі» каналдарындағы көпірлерді қайта жаңғырту қарқын алған. «BSJ инжиниринг» ЖШС «Жаңадария» каналындағы көпірді жаңғыртуда. Осы көпірмен тұрғындар «АвтоЦонға», «Қорқыт ата әуежайына» Амангелді, «Бесарық», «Иіркөл», «Қоғалыкөл», «Жетікөл», «Айдарлы» елді мекендеріне, қала маңындағы саяжайларға қатынайды. «Сыздық», «Шіркейлі» каналдарындағы жұмысты «Жылу 21» ЖШС қолға алған.
Сонымен қатар, 13,5 шақырым автокөлік жолын төрт жолақты етіп қайта жаңғыртуға бюджеттен қаржы қаралған. Қазіргі таңда құрылыс аймағы қоршалып, каналдың арнасына су өткізу құбырлары салынды. Одан кейін жұмысшы топ нан, кондитерлік және макарон өндіру кешенінің, 11 мың орындық жаңа стадионның, физика-математика мектеп-интернатының, музыкалық колледждің құрылысына барды. Нан, кондитерлік және макарон өндіру кешенінің жоба бастамашысы «Қызылорда Нан» серіктестігі 3,8 млрд теңгеге аумағы 6166 шаршы метр нысан салуда. Кондитерлік цехта жылына 2520 тонна өнім дайындалады. Ал, макаронның 15-тен астам түрін шығару жоспарланған.

Сол жағалаудағы жаңа стадионның шығыс және батыс трибуналарының металл конструкцияларын монтаждау аяқталып, қабырғасы мен ішкі бөлімдері, сыртқы витраждары қалануда. Сыртқы инженерлік желілер жеткізілген. Жылу, су құбырлары, электр, желдеткіштің ішкі желілері орнатылуда. Ғимараттың сыртқы қабырғасы, ішкі инженерлік желілерін жүргізу аяқталып, футбол алаңын монтаждау және абаттандыру басталады. Физика-математика мектеп-интернаты құрылысы өткен жылы басталған, биыл аяқталады деп жоспарлануда. Ал, музыкалық колледждің құрылысы былтыр басталды. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен қолға алынған оқу орнының жаңа ғимаратын бас мердігер «Алтын констркшн» ЖШС жуырда пайдалануға береді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!