Жексенбі, 29 желтоқсан, 09:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Шыны зауыты шынымен жұмыс істеп тұр

27.05.2023

1163 0

«Қазақстанда жасалған» мөрімен Қызылордадан шыны шығады дегенде көпшілік атой салғаны жасырын емес. Қазақстандағы бірден-бір зауыт ішкі нарықты ғана емес, шетелге де тасымалданады деген сөз де айтылды. Бірақ «бірағы» көп өндіріс орнына айналды…

Шыны зауытының пайдасы шынымен көп болатыны дә­лелденген тұста 2006 жылы британдық компаниямен ке­лісімшарт жасалды. Тіпті 2007 жылы Тұңғыш Президент өзі келіп, зауыттың іргетасын қалауға қатысты. Бірақ тағы «бірақ»… Британдық компания келісімшарттан бас тартты.

Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бекітілген тұста Қазақстанның инвестиция қоры мен «Бәйтерек» холдингі америкалықтармен бірлесіп «Orda Glass Ltd» серіктестігін құрып, 2015 жылы  «China Triumph International Engineering Co» атты қытайлық компаниямен келісімшарт жасасты. Кейін америкалықтар да бұл жоба «командасынан» шығып қалып, «China Triumph International Engineering Co» компаниясы құрылысты өзі аяқтады. Зауыт құрылысы аяқталып, іске қосуға дайындық жүргізер тұста пандемия да кері әсерін тигізді.

2021 жылы Сыр жұрты тағы бір қуанды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында зауыт іске қосылып, пеші қыздырыла бастады. Зауыттан өнім бірден шыға кетпейтіні, пешті қыздыру уақыт алатыны бұған дейін де айтылған еді. Бірақ… Техникалық ақау шықты, тағы да тұралап қалды. Алайда ұзаққа созылмады.

42 млрд теңгеге дейін инвестиция жасалған ірі жобаның жұмыс істеп тұрғанын аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өзі айтты. «Бетпе-бет» хабарында эксклюзивті сұхбат берген аймақ басшысы 2022 жылдың қазан айынан бастап Қызылорданың алғашқы шынысы шығарылғанын айтты. «Бүгінде 17 мың тонна шыны Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жөнелтілді, алдағы уақытта өнімді Өзбекстанға экспорттау жоспарлануда. Биылғы жылы шамамен 30 мың тоннаға жуық шыны шығарылмақ. Зауыт жанынан инвестиция көлемі 100 млрд теңгеге жуық 8 ілеспе кәсіпорын құру жоспарлануда. Оның үшеуі – шыны талшықтар мен композитті материалдар, айна және жұқа шыны шығару жобалары бойынша жобалау жұмыстары басталды», – деді өңір басшысы.

Міне, осы сұхбаттан кейін сырбойылықтар шын қуана бастады. Қуануға себеп те жоқ емес. Қызылордадағы шыны зауыты Қазақстанда жал­ғыз, баламасы жоқ. Оның үстіне зауыт ашыл­са 200 қызылордалыққа жұмыс табылады деген сөз тағы бар. Құрылыс қарқынды жүріп жатқанда шыныдан келер пайда да шаш етектен екеніне көпшілік сеніммен, үмітпен қарайды.

«Шыны зауыты шынымен жұмыс істеп тұр ма?» – деп жүргендер бары жасырын емес. Қалай болғанда да зауыт шынымен жұмыс істеп тұр, өнім шығарып, сатып та жатыр. Мұны біз өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған арнайы баспасөз турында көзбен көрдік.

Өңірдегі ірі өндіріс орны былтыр 32 мың тонна өнім өндірсе, биыл 75 мың тоннаға жуық шыны түрлерін шығарған. Қуаттылығы 200 мың тоннаны құрайтын өндірісте күніне 500-510 тонна шыны жасалуда. Өнімге Қызылордадан бөлек өзге өңірлерде де сұраныс бар. Тіпті вагон-вагон болып шетел асып жатыр. Алғашқыда Шымкент, Алматы мен Астанаға барған шынылар енді Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей мен Өзбекстанға да жетті. Ол аз десеңіз, қытай, неміс және түрік компанияларымен зауыт аумағында құны 100 млрд теңгені құрайтын 8 шағын ілеспе зауыт құру бойынша келіссөздер жүргізілуде.

− 2022 жылдың 13 қазанында алғашқы дайын өніміміз шықты. Келесі жылдың екінші жартыжылдығынан бастап энергия үнемдейтін шыны шығаруды да жоспарлап отырмыз. Мұндай өнім шығаруға 15 млн доллар инвестиция тартылмақ. Қазіргі кезде бұл жобаны бекітіп, қондырғыларды орнату жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұған дейін шығарылған өніміміздің 40 мың тоннасы шетелге экспортталды. Біздің шыныларды құрылыста пайдалануға болады, дегенмен алдағы уақытта түрлерін көбейту жоспарда бар, − дейді кәсіпорынның өндірістік бөлім басшысының көмекшісі Ғалымжан Қуатов.

Биылдың өзінде өндіріс орны құны 6 млрд теңгені құрайтын 3,5 млн шаршы метр өнім шығарып үлгерген. Ал жыл соңында 140 мың тонна шыны шығару жоспарда бар. Бірақ бұл зауыт қуаттылығының 71 пайызын ғана құрайтынын естен шығармау керек. Өнім шығару үшін шикізат Арал және Жаңақорғаннан әкелінуде. Одан бөлек, зауытқа жылына 36 мың тонна кальцийленген сода Башқұртстан мен Өзбекстаннан тасымалданады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, алғашқыда бұл зауытта 226 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Алайда көп күттірген жобаның пайдасы да көп болып тұр. Өйткені өнім шығарудың инновациялық технологиясы мен жұмыс күрделілігін ескере отырып, мұнда қазір 260 қазақстандыққа жұмыс істеуге мүмкіндік берілген. Одан бөлек, жыл аяқталғанша тағы 80 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жергілікті мамандарды жұмыспен қамту мақсатында жүйелі жұмыс жүруде. Яғни қызметкерлердің 70 пайызын Қазақстан аза­маттары құраса, 30 пайызы шетел­дік ма­мандар. Қазақстандық мамандардың ор­таша айлығы 404 мың теңге, ал шетелдіктердің табысы 963 мың теңгені құрайды. Мұндай айырмашылыққа шетелдік мамандардың шыны өндіру саласында 10 жылдан аса тәжірибесі және жоғары біліктілігінің болуы себеп-мыс. Алайда өндіріс орнының жетекшісінің айтуынша, қазақстандықтардың да біліктілігін арттыру жұмыс­тары жүргізілуде. Демек, алдағы уақытта біздің азаматтарымыз да зауыттағы маңызды жұмыстарға араласуы мүмкін.

− Шыны зауыты индустрияландыру бағ­дарламасы аясында іске қосылған еді. Жалпы бұл өндіріс орнының іске қосылуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Өңірдің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 8 пайыз болса, құрылыс индустриясында 42,2 пайызы Қызылорда облы­сының үлесінде. Шыны зауытынан шыққан өнімдерге сұраныс бар болғандықтан биылғы барлық өнім игеріледі деген жоспар бар. Өндіріс орнына қосымша 8 ілеспе зауыт ашу да өзіндік оң  үлесін тигізері анық, − деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова. 

Қазіргі таңда шыны зауытында өнім шығару­мен айналысатын қытайлық компанияның бұл салада 60 жылдық тәжірибесі бар. Жалпы саны 9 зауыты бар компанияның жетеуі Қытайда болса, біреуі Нигерияда орналасқан. Қазақстандағы зауыттың да қарқыны жаман емес екеніне жоғарыдағы статистикалық мәліметтер дәлел.

P.S. Қалай болғанда да көп күттірген кешеннің зауыттар көшіне қосылғаны қуантады. Көзге көрінбей қалатындай кішкентай болмаған соң өткен-кеткен, естіген-білгеннің бәрі «қашан?» деумен болды. Міне, бүгінде іске қосылып, өнім өндіруде. Ендігі пайдасы көп болып, өңірдің өркендеуіне, елдің дамуына елеулі үлес қосарына сенім мол. Өз еліңнен шыққан әйнектен өз еліңнің сұлулығына тамсану да бір бақыт емес пе?..

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: