Бейсенбі, 26 желтоқсан, 08:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тағдырға мойымаған Нұрлыбек

23.07.2022

1606 0

Басына түскен қиындыққа қарсы тұрып, қайсарлығы талай­ды тәнті еткен жанның бірі – Нұрлыбек Байменов. Ол ойда жоқ та бір қолынан айырылып қалған. Қажырлы да қайсарлы жан оған қажымады. Керісінше алға ұмтылды. Бала-шағасын ешкімге мұқтаж етпеуді мақсат етті. Еңсесін көтеріп, көлік жөндеу орталығын ашты.

– Бала кезгі көлік айдап жүрсем деген арманым орындалмай қал­ды. Әйтсе де оған деген құмарым басылған емес. Бұзылған автокөлік­терді өзім жөндей аламын. Техника тілін түсінгесін жаныма жаттығы жоқ. Осының өзі көлік жөндеу орталығын ашуыма сеп болды, – дейді ол.

Ол өзінен бөлек екі адамды тұ­рақты жұмыспен қамтып отыр. Еңбекақылары да жаман емес. Біз Нұрлыбектің қарамағында жұмыс істейтін Ғабит Әбдіқадыровты әң­гімеге тарттық.

– Осында  жұмыс істеп жат­қа­ныма екі айға жуықтады. Ең­бе­гім­ді адал тапқаныма дән риза­мын. Нұрлыбек білмей жатқан жерімізді үйретіп, кеңес беріп отырады. Жұмыс уақытымыз да көңілге қонымды. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейміз. Түскі ас барлығы қамтылған. Қазір­гі өндірістен шығып жатқан техникалар дерлік заманауи үлгіде. Кей кезде автобөлшектерді басқа өңірлерден алдыртамыз. Сондай сәттерде көлік сәл тұрып қалады. Әйтпесе келген көлікті дер кезінде жөндейміз. Біз үшін ең маңыздысы уақыт үнемдеу, – дейді Ғабит Әбдіқадыров. 

Нұрлыбек – Қармақшы ауданы­на қарасты Дүр Оңғар ауылының тумасы. Сол жерде өсіп, жетіліп, отбасын құрған. Өзі жеті ағайынды. Жұмыс таппай сенделіп жүрген кездері де жоқ емес. Шымкент қаласына дейін барып, біреудің жөндеу орталығында жалданып жұмысшы да болды. Алған ақшасы мардымсыз болғасын, өзі кәсіп ашуды мақсат тұтады. Сөйтіп ой­лана келе Қызылорда қаласына қайта келіп, аукцион арқылы шағын жер алды. Бүгінде осында өз кәсібін жүргізіп жатыр.

– Жасыратыны жоқ, үкіметтен бір тиын ала алмадым. Бармаған жерім жоқ. Әрқайсысы әртүрлі сылтау айтады. Өзім үшінші топ мүгедегімін. Бала-шағамды асы­рау керекпін. Үйдің ер азаматы болғасын барлық жауапкершілік жүгі маған түседі. Балаларымның жүзіне қарап қажыр-қайрат ала­мын. Олар менің өміріме күш-қуат береді, – дейді Нұрлыбек бізбен әңгімесінде.

Екі қолы сау жігерлі жігіттер­дің жүрегі дауалай бермейтін зілдей темірлерді Нұрлыбек бір қолымен көтеріп кете береді. Оның бұл қайсарлығына таңданасың. Автокөліктің сан құраулы бөл­шек­терін жазбай танып, түрлі детальдан тұратын қосындыларын жаңылыспай іске қосып, ұршық­ша үйіріп жұмыс істеп жүр. Кәсіп­кердің жұмысына қолдау көрсетіп отырған – отбасы, анасы, жұбайы, бауырлары. Әрқайсысы өз аттарынан несие алып берген. Барлығын Нұрлыбектің өзі төлеп отыр. Айына алты жүз мың теңге несие төлейтінін де айтып қалды. Өздері ашқан көлік жөн­деу орталығы орналасқан көше жөнделсе деген бұйымтайын айт­ты. Біз көпке үлгі боларлық іспен айналысып жүрген азаматтың базынасын осылайша айна-қатесіз жеткізгенді жөн санадық.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: