Дүйсенбі, 22 шiлде, 21:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Талант таныған мәдениет ордасы

17.09.2022

923 0

Қызылөзек ауылдық округі Қызылорда қаласынан солтүстікбатысқа қарай 37 шақырым қашықтықта орналасқан. Сырдария ауданымен көршілес бұл округтің тарихы ХХ ғасырдың басында жатыр. Бұл жолы Қызылөзектің руханияты жайлы сөз қозғап, мәдениеті жайлы қалам тербедік.

Қызылөзек ауылдық округінің халқы мәдени белсенді. Ауылда апта сайын іс-шара, концерт ұйымдастырылады. Мұндағы ерекшелігі – ауыл тұрғындары көрермен ғана емес, қатысушылар қатарында. Өнер саласына ауыл халқының қызығушылығы жоғары. Мәдени белсенділік танытқан тұрғындар әр мерекелік шарада концерттік бағдарлама қойып, өз жоспарына сәйкес шаралар өткізеді. Бұл мәдени жиынның барлығы Қараөзек ауылдық клуб үйінде өтеді.

Іргетасы 1959 жылы қаланған клуб 1961 жылы пайдалануға берілген. Бір мезгілде 140 көрерменді қамти алатын ауылдық клуб үйінде онға жуық үйірме мен ауыл кітапханасы бар.

− Жарты ғасырдан астам уақыт қызмет етіп тұрған мәдениет үйі бүгінде жұмысын өз деңгейінде атқаруда. Клуб үйінде 12 қызметкер жұмыс істейді. Мәдениет ошағында 8 үйірме бар. Оның ішінде «Гүлдер-айым» әжелер және «Орда KZ» вокалды-инструменталды ансамблі бар. Одан бөлек ән, би, көркемсөз оқу мен домбыра үйірмесі жұмыс істеп тұр. Бүгінде клубтағы 8 үйірмеге 96 қатысушы тартылған. Мұндағы дыбыс жазу студиясында өнерпаздарымыздың әндерін жазып, оранжировкасын жасаймыз, − дейді клуб директоры Айдос Байкенов.

Ауылдағы мәдениет ордасы атаулы даталарға орай жыл сайын 50-60 шара ұйымдастырса, жоспардан тыс 15-тен астам мәдени кеш өткізіледі. Тағы бір айта өтерлігі, әр жас ерекшелігіндегі тұрғындар қамтылған. Мектеп оқушылары, орта жастағылар мен ауылдың егде тұрғындары мерекелік концерттерде көрермен болып та, өнер көрсетуші ретінде де қатысады. Тағы бір айта кетерлік жайт, ауылда болатын кез келген мерекелік шара тек үйірме мүшелерінің қатысуымен өтеді. Сырттан өнерпаз шақыртудың орнына ауыл өнерпаздарының концертін қою ауыл тұрғындарының қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.

Ауыл жастарына арналған би кештері, көңілді тапқырлар ойындары да ұйымдастырылады. Мысалы, ауылдағы «ЖасStar» көңілді тапқырлар клубының мүшелері екі апта сайын концерттік бағдарлама қойып, тұрғындарды өнерімен тәнті етуде. Бұдан бөлек ауыл балаларының жазғы демалысын қызықты өткізу үшін клубта кинокөрсетілім ұйымдастырылып, балалар мультфильм тамашалау мүмкіндігіне ие болған.

Биыл клубта «Ауыл әкімі кубогіне» арналған қалалық жайдарман сайысы, «Домбыра күніне» орай облыстық іс-шара ұйымдастырылған. Алдағы уақытта Қараөзек ауылдық клубының ұйымдастыруымен Роза Бағланованың атындағы облыстық байқау, жергілікті ақын Бозымбай Қоқыбасұлы атындағы қалалық деңгейдегі шара өткізілмек.

Үйірмеге қатысушылардың жетістіктері де аз емес. Көркемсөз үйірмесінің қатысушысы Айғаным Мұратбек «Абай – дана, Абай – дара қазақта» байқауында жүлделі ІІІ орынды иеленсе, Тоқтар Әділ мен Қайырбек Айбекұлы Жамбыл Жабаевтың жырларын оқу байқауынан жеңімпаз атанған. Одан бөлек «Гүлдер-айым» әжелер ансамблі қалалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы екенін де атап өткен жөн.

ТАЛАНТЫМЕН ТАНЫЛҒАН

Ауылдық клуб үйінің директоры Айдос Мұратбекұлының композиторлық өнері бар. Өзі жетекшілік ететін «Орда KZ» вокалды-инструментальді ансамблінің барлық өлеңін өңдейтін де өзі.

Клубтағы дыбыс жазу студиясында ауыл әншілерінің әнін өңдейтін Айдос Байкенов бүгінде 100-ге жуық ән жазған. Стильдік ерекшелігі бар композитордың әндері облыс пен республика сахналарында да айтылып жүр. «Ел іші – өнер кеніші» атты дәстүрлі қалалық байқауда автордың әні «Ең үздік ән» аталымын жеңіп алған. Одан бөлек бірнеше талантты шәкірттерді де тәрбиелеп шыққан.

− Біздің ауылдағы мәдениет үйінің мақтанышы – Ғалымжан Молданазар. Әрі досым, әрі інім, шәкіртім Ғалымжанмен осы студияда қона жатып музыка жазатынбыз. Өзіміз үйірме ұйымдастырып, ауыл таланттарының шығармашылығын шыңдауына үлес қостық. Ғалымжанның байқауларға қатысуына ықпал жасап, «Бозторғайда» өнер көрсетуіне көмектестік. Бүгінде ол талабы мен талантының арқасында қазақ сахнасын ғана емес шетелде де өнер көрсетіп жүр. Біз сол ауыл мәдениетіне үлес қосайық деп туған жерде қалдық, − деп еске алды композитор.

Қазір жастар арасында әндері танымал «2RAR» да осы ауылдың тумасы. Әнші Тұрар Ыдырыс та бала кезінде ең бірінші осы ауыл сахнасында өнер көрсетіп, ән үйірмесіне қатысқан.

Жалпы Сырдарияның орта ағысында орналасқан бұл ауыл киелі және таланттарға кенде емес. Қаракөз күйін осы стансада отырып жазған күйші Исламбек Ысқақов, ақын Әбділдә Тәжібаев 6 жасынан бастап Қараөзек ауылында тұрған. Міне, осындай дарынды да дара перзенттердің таланты бүгінгі буынға беріліп, олар қазақ өнерін өз деңгейінде дамытып жүр.

КІТАПҚҰМАРЛАР АУЫЛЫ

Ауылдық клуб ғимаратында орналасқан кітапхана ауыл халқына 2003 жылдан бері қызмет етеді. Бүгінгі күні ауыл кітапханасында 750 оқырман болса, оның 500-і тұрақты. 13 мың кітап қоры бар орталықта 9 мың кітап қазақ әдебиетінікі.

− Биыл «Балалар жылы» болғандықтан «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты арнайы кітап көрмесін ұйымдастырдық. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Ұлттың ұлы ұстазы» көрмесі ұйымдастырылып, клуб сахнасында әдеби оқу шарасы өтті. Кітапхана қоры қазіргі кезде тоқсан сайын жаңартылып, жаңа кітаппен толығып тұрады. «Парасат жолы» жобасымен бірлесіп тұрғындардың заң жүйесіндегі сауатын арттыру үшін орталық ұйымдастырып, оқырмандармен кездесу, пікірталас ұйымдастырамыз. Жазғы демалыс кезінде балалар көптеп келіп, оларға интеллектуалды ойындар ойнайтын жағдай жасадық, − дейді №10 кітапхана меңгерушісі Мираш Досмырзаева.

Ауыл кітапханасында проза жанрын сүйіп оқитындар көп. Апталап жұмысқа кететін оқырмандар бірнеше кітапты өзімен алып кетеді. Сонымен қатар ауыл әжелері де кітап оқуда аса белсенді. Мираш Маратқызының айтуынша, бүгінде Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» кітабы ауылда сұранысқа ие. Өзара кітап туралы ойымен бөлісудің арқасында бүгінде бұл кітап оқырмандар қолында жүр. Бұл да өз кезегінде ауылдың кітапқа деген сүйіспеншілігін дәлелдейтіндей.

Ауыл зейнеткері Жиенбай Айдаралиев, Сәуле Сисенбаевалар кітапхананың тұрақты оқырмандары. Олар өздері көп кітап оқумен қатар немерелерін де ертіп, кітапқа деген құмарлығын арттырып жүреді. Назерке Ерболат есімді оқырман да белсенді. Кітапханашы жас оқырманның сұранысын қанағаттандыру мақсатында іздеген кітабын тауып беру үшін барын салатынын да жасырмады. Ал Жарқын Бисеков болса кітапханаға келген барлық жаңа кітаптарды жанрына қарамастан алып кетіп оқиды екен.

ҮЛГІЛІ ҮЙІРМЕ

Ауыл клубында балалардың қызығушылығына қарай бірнеше үйірме жұмыс істейді. Әсіресе би билеп, ән салатын өрендер қатары көп.

− Негізгі мақсат – ауыл балаларының уақытын тиімді өткізу, талантты шәкірттерді тәрбиелеу, өнерін шыңдау. Мен «Бозторғай» ән және «Жауқазын» би үйірмесіне жетекшілік етемін. Ауылдағы әнші балаларымыз қалалық және облыстық деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. Мысалы, «Гүлдерайым» әжелер ансамблі биыл қалалық ән байқауынан ІІІ орын иемденді. «Ел іші − өнер кеніші» атты қалаға жақын орналасқан елді мекендер арасындағы дәстүрлі қалалық байқауында үйірме тәрбиеленушілері жүлделі ІІ орынды жеңіп алды, − дейді клуб әдіскері Гүлсана Төреханова.

Ауыл бишілері клубтың кіші залында сабақ өтеді. Қазіргі кезде репертуарында 14-ке жуық би үйренген балалар әр мерекелік шара сайын өнер көрсетеді. Ауылдың жас әншілері де ауыл көрермендерінің көзайымына айналып, бүгінде үлкен сахналарда да төбе көрсетіп жүр.

Қызылөзек ауылының тұрғындары арасында қолөнер де дамыған. Клубтың қызметкері Ұлтай Әбдиева жетекшілік ететін «Қолөнер» үйірмесінің құрамында 12 адам бар. Олардың бірі тоқымадан түрлі бұйым жасаса, өзгесі кесте тігіп, ұршық иіреді.

− Менің анам кілемші болған. Кішкентай кезімізден оған көмектесіп, көзбен үйрендік. Дегенмен анамнан ерте айрылғандықтан көп нәрсені үйреніп үлгермедім. Қазір қолымнан аздап тоқу келген соң, инеге икемім бар болғандықтан осы үйірмеге жетекшілік етемін. Қолөнершілер үйірмесінде ауылдағы қолынан кесте тігу келетін нәзік жандар бар. Біздің қолымыздан шыққан дүниелердің барлығы осы ауылдық клуб көрмесінде көрермен назарына ұсынылған, − дейді Ұлтай Ысқаққызы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: