Сәрсенбі, 27 қараша, 21:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Таза қала – өркениетті қоғамның негізі

28.09.2021

1049 0

Есік алдын жасыл желекке айналдырып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп отырған отбасылар аз емес. Ол біріншіден, тазалыққа үндесе, екіншіден, еңбексүйгіштікке баулиды.

Жыл сайынғы дәстүрге сәйкес биыл да қала күні қарсаңында «Үздік аула» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаз электронды дауыс беру арқылы анықталды. 4-ші мәрте өткізілген сайысқа қала көлемінде 8 аула тұрғыны өз үй жайларының алдындағы жеміс талдары мен түрлі-түсті әсем гүлдерді көпшілік назарына ұсынды. 16 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында өткен сайыс нәтижесінде «Шұғыла» мөлтек ауданы №15 үй, 28 пәтер тұрғындары Анатолий Голиков пен Людмила Голикованың ауласы басым дауысқа ие болып, жеңімпаз атанды.

Қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов аулаларды абаттандыру, көгалдандыру ісі бойынша үздік атанған байқау жеңімпаздарын құттықтады.

– Бұл байқаудың негізгі мақсаты – ауланы көгалдандыруда жаңа шешім табу, қала тұрғындарының белсенділігі мен шығармашылығын ынталандыру. Байқаудың бір ерекшелігі, қала тұрғындары үздік ауланы өздері таңдайды. Аула аумағын ең жақсы абаттандыруға арналған байқау тұрғындарды жасыл аумақтар құруға қатысуға үндейді. Сонымен қатар мұндай сайыс жас ұрпақтың экологиялық тәрбиесіне оң әсер етеді. Қала – ортақ үйіміз. Оның тазалығы мен әсемдігіне бәрімізде жауаптымыз. Күз мезгілінде дәстүрлі формаға сай байқау қорытындысы шығып отыр. Шаһар шырайы ажарлана түсіп, тұрғындарымыздың бақ-берекесі арта берсін. Мерейлі мезеттегі мәуелі күндеріміз көп болсын, – деді қала әкімінің орынбасары.

Жеңімпазға қала әкімінің алғыс хаты мен «Үздік аула-2021» сертификаты табысталды. Сондай-ақ аула бағбандарына арнайы құрал-жабдықтар сыйға тартылды. Қызылорданы жасыл-желекке айналдыру бағытындағы жұмыстарға қаланың жанашыр және белсенді азаматтары да өз үлестерін қосып келе жатқанын айта кету керек.

– Біз марапат аламыз деп еңбек еткен жоқпыз. Жәй ғана есік алдын абаттандырдық. Бір мезгіл сыртқа шығып отырғанда адамға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Осы маңда тұратын көршілер біздің ауламызға жиі келіп ағаштардың саясында демалады. Өзара әңгімелесіп, ел келешегі, ұрпақ тәрбиесі секілді өнегелі сөздерді ортаға саламыз. Көршілермен тату тұрамыз. Қала күні қарсаңында отбасымыз үшін үлкен сыйлық болды. Қала тұрғындарын өз аулаларын күтіп баптауға шақырамын, – дейді Анатолий Голиков.

Туған жерді түлету өз аулаңды таза ұстаудан басталады. Жылдан-жылға қала көркі айшықтала түсіп, көркем келбетке ие болуда. Бұл бағыттағы жұмыстар жемісті нәтижесін беруде.

Мүслім ЖӨКЕБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: