Сәрсенбі, 27 қараша, 02:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Тұрақтандыру қоры тұрақты баға кепілі ме?

24.07.2021

2059 0

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, қыс азығын жаз бойы дайындаймыз. Десе де бүгінде азық-түлік пен көк­өніс бағасына тұсау болмай тұр. Әсіресе, қыс пен көктем мезгілінде «жығылғанға жұдырық» дегендей, жеміс-жидек пен көкөніс бағасы ша­рықтап кетеді. Мұны мамандар каран­тин жағдаймен байланыстыруда. Деген­мен көктем сайын көкөніс бағасы көк­ке ұшатыны қалыпты жағдай.

Тұрақтандыру қоры тұрақты баға кепілі ме?

Жылдың қай мезгілінде де бағаны бірқалыпты ұстау үшін ауылшаруашылығы өнімін қысқа сақтау үшін көкөніс қоймаларының орны ерекше. Ең бастысы – өзімізден шыққан өнімді көктемге дейін жеткізіп, халыққа қолжетімді бағада сату. Жыл сайын диқандар мол табысқа жеткенімен егер азық-түлік, көкөніс сақтайтын қойма тапшылығы туындаса, төккен тер мен еткен еңбек зая кетері сөссіз. Себебі шаруа біткен қойма болмаса, қолдағы барын ұзақ мерзімге сақтай алмайды. Осыдан кейін сырттан келген өнімді бірнеше есеге қымбат алуға тура келеді. Осындайда «Қолда бар да алтынның қадірі жоқ» деген тәмсіл еріксіз ойға оралады.  Биыл бағаның күрт өсуі, атап айтқанда картоп, сәбіз, пияздың қоймаларда ерте таусылғанымен тікелей байланысты.

Тұрақтандыру қоры тұрақты баға кепілі ме?

– Қазіргі кезде жергілікті халықты көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында қажетті өнім оңтүстік аймақтар мен көршілес Өзбекстан республикасынан жеткізілуде. Жазғы уақытта тұрақтандыру қорына немесе басқа да қоймаларға үлкен көлемде жаңа піскен өнім көлемдерін жеткізіп, сақтау мүмкін емес. Себебі жаңа піскен картоп, сәбіз тез бұзылуға бейім. Жалпы картоп және көкөніс бағаларының көктем және ерте жазда күрт көтерілуі жылда байқалатын құбылыс. Мұндай жағдай еліміздің барлық аймағында орын алуда. Осы орайда Түркістан облысы әкімдігімен ерте пісетін картоп, сәбіз өндірушілерінің байланыс ақпараттары алынып, әрі қарай тікелей жеткізу жұмыстарын үйлестіру үшін аудан және қала кәсіпкерлеріне беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облыс нарығында картоп 160-200 теңгеден, сәбіз – 260-300 теңгеден сатылуда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Тұрақтандыру қоры тұрақты баға кепілі ме?

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде азық-түлік бағасын реттеп, оны қадағалайтын тұрақтандыру қоры бар. Алайда бұл тұрақтандыру қоры – тұрақты баға кепілі болып тұр ма? 

Бүгінде бұл қордың қоржынында 1071,8 тонна өнім көлемі бар. Оның ішінде бірінші сортты бидай ұны – 616,5 тонна, күріш – 100, қант – 235,4, макарон – 74,7, қарақұмық жармасы – 21,9, сүт – 23,4 тонна бар. Сондай-ақ облыстағы негізгі сауда орындары мен олардың қоймаларында және тұрақтандыру қорында 7 мың тон­на әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қоры сақталып, халыққа ұсы­нылуда. Ал облыс бойынша сыйымдылығы 12 мың тоннаны құ­райтын 9 көкөніс, жеміс, картоп сақтайтын қойма тіркелген. Оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша өңірлік тұрақтандыру қоры­ның мамандандырылған ұйымы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның сенімді басқаруына берілген «Алтын Қамба» ЖШС-де 5250 тонна өнім сақтайтын мүмкіндігі бар 2 қойма, ал сауда орындарында 6568,4 тонна өнім көлемін сақтауға арналған қоймалар бар.

Тұрақтандыру қоры тұрақты баға кепілі ме?

Ал, мынаны қараңыз. Облыс бойынша биыл кәмелетке толмаған балаларды қоса есептегенде 818,1 мың тұрғын тіркелген. Жан басына шаққанда жылына шамамен 100 кг картоп жейді деп есептесек, жергілікті халық бір жылда 81800,5 тонна картоп тұтынады. Осы тұста өңірде мұндай сыйымдылықты сақтайтын қойма бар ма және ол талапқа сай ма? деген сұрақ туындайды. Қаладағы «Алтын Қамба» қоймасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу үшін сонда бардық. Алайда оның ішіне кіру мүмкін болмады. Қойма меңгерушісінің айтуынша, басшылардың рұқсаты керек. Бірақ «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның басшылығының бір жасырғаны бардай, бізді қоймаға жолатқысы келмеді. 

Тұрақтандыру қоры тұрақты баға кепілі ме?

– Ауылшаруашылық қой­малары негізі екі ба­ғыт бойынша даму керек. Бү­гінде күрішке ар­налған қоймалар бір жолға қойылған. Ал көк­өніс, жеміс-жидек, ет сақтайтын қоймалар тұ­ралап тұр. Бір өкініштісі, біздегі «Алтын Қамба» қоймасына жыл сайын қаржы бөлінгенімен еш­қандай қайтарымы жоқ. Әрине, ол еуро стандартпен салынған. Оны түсінеміз, қолдаймыз. Бұл да керек дүние. Алайда ол қоймадағы мұздатқыштар дұрыс жұмыс істемейді. Сондықтан ондағы өнімдер бұзылып, мемлекеттік комиссия арқылы арзандатып сатып жіберуде. Айналып келгенде мемлекеттік қаржы дұрыс жұмсалмай отыр. Бір сөзбен айтқанда «Алтын Қамба» қоймасы өз деңгейінде жұмыс істеп тұрған жоқ. Сол үшін жаңа қойма салатын кәсіпкерлерге төмен несие беріп, аудандар мен қаладан талапқа сай қойма салдырту керек. Бүгінде «Абай-Дәулет» ЖШС Жаңақорған ауданынан «Жанар-Ай» көкөністер сақтайтын қоймасын салып жатыр. Қойманың қасында алма бағы да жандануда. Кеңес заманында көкөніс, жеміс жидек қоймалары көп болды. Осы тәжірибені қайта қолға алу керек. Олар жартылай жердің астынан салынған. Соңғы кездері ауылшаруашылық дақылдарын өсірудің жаңа тізімі жасалды. Нәтижесінде жеміс-жидектер, оның ішінде алма, жүзім егу қолға алынды. Бұл өте қуантарлық жағдай. Алайда осы жеміс-жидекті сақтайтын қойма қажет. Екеуі де қатар жүріп бірге дамып отырса, ешқандай  қиындық тумайды. Сондай-ақ өнімді өңдейтін цех қоса салынуы керек. Сонда ғана нәтижелі жұмыс жүреді. Біздің негізгі ұсынысымыз мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, төмен процентпен қарыз берілу керек, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.

Тұрақтандыру қоры тұрақты баға кепілі ме?

Қазіргі кезде қалада орна­ласқан 30 әлеуметтік дүкенде  азық-түліктер мен көкөніс, жеміс-жидектер нарық бағасынан төмен саты­луда. Оны өзіміз де барып, көзбен көрдік. Расында, көкөністер  бағасы халықтың қалтасына қолайлы екен. Өнімдері де сапалы. Дү­кеннен құр шықпайын деп картоп, жуа, сәбіз, қызанақ, болгар бұ­рыш, он жұмыртқа алдым. Осынша затқа 2700 теңге төлеп, қуа­нып қалғаным рас. Алайда бұл 30 әлеуметтік дүкеннің өнімі қаланың бүкіл халқын қамтамасыз ете алмайтыны анық. Баға тұрақтылығы заманауи талапқа сай көк­өніс сақтайтын қойма қажет-ақ.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: