Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жексенбідегі жұмыс: қала тазалығы уақытқа бағынбайды

27.04.2021

3421 0

Қызылорда қаласының экс-әкімі Нұрлыбек Нәлібаевты жұрт «Тазалықты жақсы көретін әкім» деп танитын. Енді шаһардың жаңа әкімі Ғанибек Қазантаев та қала тазалығына назар аударды. Демалыс күндері қала әкімі көшет егіп, тұрмыстық қалдықты өңдейтін полигон жұмысын бақылап қайтты.

Өз қызметіне қарқынды кіріскен қала әкімі сенбіде «Тағзым» мемориалына барып, ел ағалары және ардагерлермен бірлесіп, тал көшеттерін отырғызды. Сенбі күні «Тағзым» алаңына 200-ден аса тал егіліп, жасыл желек боп жайқалатын жас ағаш қатары көбейді. Ел ағалары көгалдандыру мен тазалық жұмыстары тек санитарлық талап емес, мәдениет пен талғамның белгісі екенін айтты.

Ал Мемлекет және қоғам қайраткері Қорғанбек Қайруллаұлы өз сөзінде «Бір кездері Қызылорда жайнаған жасыл желекке толы болатын. Қазір сол қайта қалпына келіп жатыр. Қала сәулеті ажарланды. Енді көгалдандыру жұмыстарын күшейте түсу керек», – деді.

Шаһар басшысы талды егіп қана қоймай оны күтіп-баптау маңызды екенін айтты. «Айналамызды таза ұстап, қаланы гүлдендіру – ортақ іс. Тал егу науқандық шара болғанымен тазалық күн сайын көңіл бөлуді қажет етеді. Тал егуден гөрі оны күтіп-баптаған маңыздырақ», – деген қала әкімі аталған жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруды жауаптылардың еншісіне қалдырды.

Жалпы бұған дейін қала аумағына «Таза қала, Таза Қазақстан» акциясы аясында 22 500 түп ағаш көшеті отырғызылған. Әкімдіктің хабарлауынша, биыл да қаланы көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарқынды жалғаспақ. Ол үшін жергілікті бюджеттен арнайы қаржы да қаралған екен. Бұл қаржыға қалада орналасқан 51 сквер мен аллеяның 54 мың шаршы метр аумағына гүлдер мен газондар, көше бойларына ағаш көшеттер отырғызылмақ.

Жексенбі күні шаһар әкімі қала тазалығы жұмысының қалай жүзеге асатынына ден қойды. Жексенбідегі жұмысын әкім алдымен Қызылорданың іргесіндегі қалдық өңдейтін полигоннан бастады.

Бұл кәсіпорын өзінің қызметін өткен жылғы тамызда бастаған болатын. Бүгінде 9 техника мен 35 адам осы жерде тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптаумен айналысады. Белкөл кенті 7,5 шақырым қашықтықта орналасқан полигонның басты қызметі экологиялықсанитарлық талаптарға сәйкес қалдықтардың өңдеу үлесін арттыру болып табылады. Мұндағы Ресейде жасалған кешеннің күші күніне 16-17 тонна, ал жылына 60 000 тонна қатты қалдықты өңдеуге қауқарлы.

Өткен жылы Қызылорда қаласында 27000 тонна тұрмыстық қалдықтың 21,8 проценті сұрыпталып, 115 тонна сұрыпталған шикізат қайталама пайдалану үшін мүдделі кәсіпкерлерге жөнелтілген. Оның ішінде пластмасса, шыны әйнек, қағаз бен түсті металл бар.

Қала басшысы Ғанибек Қазантаев мұнан соң «Қызылорда тазалығы» мекемесінің жайжапсарымен танысты. Серіктестікке штаттық режимде және қоғамдық жұмыспен қамту арқылы барлығы 618 адам жұмыс істейді екен. Аталған мекеме осы қызметкерлер және өз теңгеріміндегі 137 техникамен қаланың 800 көшесінің тазалығына жауап береді. Орта есеппен алғанда бұл мекеме күніне 1100 текше метр қоқысты полигонға жеткізеді екен.

Әкім күн-түн демей тынымсыз тірлік етіп, қала тазалығын сақтауға үлес қосып жүрген тазалықшылардың еңбегін ерекше атап өтіп, мекемені экономикалық тұрғыда әлдендіру алгоритмін жасап, серіктестіктің штат санындағы балансты сақтап, жұмыс тиімділігін арттыру керектігін жеткізді.

Қызмет ауыстырған сәтте Н.Нәлібаев арнайы барып алғысын айтқан тазалықшылармен Ғанибек Қазантаев та белсенді жұмыс істейтінін байқатқандай. Қысқасы, әкім ауысқанымен, қала тазалығына талап босаңсымайды. Мұны әкім аралаған нысандардың өздеріне тиесілі жұмысты жүйелі атқаруын сала мамандарына нықтап тапсырып, өз бақылауына алғанынан аңғаруға болады.

P.S. Шаһардың басшысының сенбі-жексенбіні қала тазалығына арнауы бекер емес. Себебі қала тазалығы уақытқа бағынбайды. Тазалықшының жұмысы да…

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: