Жексенбі, 28 сәуiр, 05:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Жерді тиімді пайдалану керек

23.08.2022

969 0

Кез келген уақытта жеке шаруашылық жүргізу үшін немесе үй салу үшін жер қажет екені белгілі. Яғни жер халықтың бірден бір қажеттілігі. Жекеменшік жер алуға сұраныс қандай деңгейде? Облыс орталығының тұрғындары үшін бұл мәселе қалай шешіліп жатқанын білмек болып қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғанибек Омаровпен сұхбат жүргізген едік.

– Ғанибек Маратұлы,бөлім жұмысы туралы таратып айтып өтсеңіз. Жыл сайын қанша азамат жер телімін алуда және қандай критерийлер бойынша берілуде?

 – Қызылорда қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін бүгінгі күнге дейін, яғни 2005-2022 жылдар аралығында  70 007  азамат жер кезегінде тұр. 2005 жылы 11 163 азамат жер кезектілігіне тіркелсе, оның бүгінгі күнге дейін 3 200 азамат әлі жер алмаған. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер уческесін беру қағидасына 2021 жылы өзгеріс енгізілген болатын. Осы өзгеріске сәйкес қалалық сәулет және құрылыс бөлімі тарапынан бірінші кезең бойынша жұмыстар атқарады. Ал жер қатынастары бөлімі екінші кезең бойынша жұмыс атқарады. Бірінші кезең дегеніміз кезекте тұрған азаматтар қала әкімдігіне өтініш білдіреді, әрі қарай соған сәйкес сәулет және құрылыс бөлімі инфрақұрылым бойынша қатынас хат жолдайды. Әр мекемеден қорытынды алғаннан кейін кадастрлық жоспарды әзірлетуге жібереді. Екінші кезеңде жерге орналастыру бойынша жұмыстар бекітілген соң әкімнің қаулысы әзірленеді. 2021 жылдың наурыз айынан бастап осы бағытта жұмыстар атқарылуда.

 – Жерді заңды тұлғаға, жеке адамдарға меншікке, жалға беру жайы қалай?

– 2015 жылға дейін жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері азаматтарға жеке меншік құқығына берілген. Бірақ бұл мүмкіндікті  пайдаланған азаматтар жер учаскесін игермей сауда-саттыққа яғни, бизнеске айналдырып жіберген. Осы мәселелерге шектеу қою мақсатында ҚР Жер кодексінің талаптарына сәйкес 2016 жылдан бастап жер 3 жыл мерзімге жалға берілуде.

– Осы уақыт ішінде аукцион (сауда-саттық) арқылы жер сату, жалға беру істері бойынша қала қазынасына қанша қаржы түст?

– 2022 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін жер учаскесін сату, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша қала бюджетіне 279 млн 757 мың теңге түсті. Ал жалға алу, жер учаскесін сату бойынша               31 млн  260 мың теңге, жалға алған жер учаскесі бойынша 6 млн 344 мың теңге қаражат түсті. Бүгінгі күнге дейін барлығы 317 млн 362 900 теңге қала бюджетіне түсірілді.

 – Пайдаланылмай жатқан жерлерді тиімді пайдалану үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Қазіргі уақытта, жеке тұрғын үй құрылысы үшін, кәсіпкерлік үшін және ауыл шаруашылығы үшін берілген жер учаскелеріне түгендеу жұмыстары жүргізілуде.

Түгендеу жұмысының негізгі мақсаты жер учаскесінің нысаналы мақсаты бойынша игерілмеген жер учаскелеріне кодекстің талаптарына сәйкес шара көру.

Түгендеу жұмысының нәтижесімен кәсіпкерлік үшін 40 жер учаскесі, одан бөлек ауыл шаруашылығы және жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген 3000-ға жуық жер учаскелері Қызылорда қалалық кірістер басқармасына ұсынылды.

Сонымен қатар, мақсатына сәйкес игерілмеген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің меншік иелеріне жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесімен 7 жер учаскесі өз еркімен мемлекет қорына қайтарса, 619 жер учаскесіне мал басын тіркеу арқылы мақсатына сәйкес игеруде. Одан бөлек, пайдалану мерзімі аяқталған 92 жер учаскесі және жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген 1475 жер учаскесі мемлекет қорына қайтарылды.

– Кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімін қалай алуға болады?

– Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қолдауға көптеген бағдарлама енгізіп мүмкіндіктер жасауда. Осы орайда, Жер кодексінің 48-бабына сәйкес, кәсіпкерлікпен айналысу үшін кәсіпкерлік бағытында пайдалануға болатын жер учаскелерін жер қатынастары бөлімімен сәулет және құрылыс бөлімімен бірлесе отырып, қаланың бас жоспары негізінде бірінші кезекте жер учаскелерін белгілейміз. Ал екінші кезекте «жер асты тазама»? «су, жарық, жылу бара ма?» анықтап, соны зерттеп барып, арендаға немесе жеке меншікке аукционға шығарамыз. Кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар қызығушылық танытса аукционға қатысып, жер учаскесін алып өзінің кәсібін жүргізуге мүмкіндіктер болады.

 – Қалаға қарасты ауылдық округтерге жайылымдық жерлер қажет екені белгілі. Бұл тұрғыда шешілмей тұрған мәселе бар ма?

– Қаламызда екі кент, жеті ауылдық округ бар. Оның ішінде екі ауылда ғана жайылымдық жер жеткілікті. Қалған ауылдық округтерде жайылымдық жер жеткіліксіз. Осыған байланысты жалға алған жерлерді мемлекет қорына қайтару қатаң қадағалануда. Жыл соңына дейін нақты шаралар қолданылатын болады.

 – Жер телімін алған азаматқа жылжымайтын мүлікті салуы үшін 3 жыл уақыт беріледі. Ал сол мерзімге үлгере алмаған жандардың жағдайы қалай болады?

– Сұрағыңыз орынды. Заңға сәйкес тұрғын үй құрылысын салу үшін 3 жыл мерзімге жалға берілген жерлерді сатуға, сыйға беруге және тағы басқа іс-әрекеттерге тиым салынған. Бұл жөнінде тұрғындарға, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ұдайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Дегенмен, адам болғаннан кейін түрлі жағдай болады. Біреуінің отбасылық жағдайы, екіншісінде денсаулық мәселесі туындайды. Сондықтан осы жайттарға байланысты қала әкімдігі, жер комиссиясы тарапынан  ескерусіз қалдырылып жатқан жоқ. Мәселен,бір кісілер үйдің шатырын жауып, терезесін салса ол жерді жекеменшікке шығарып береді. Ал кейбір отбасылар бар, тек қана фундамент құяды немесе үйді көтеріп, терезесін салып қояды. Мұндай жағдайларда мерзімін ұзартып бере алады. Ең бастысы, жер учаскесінде құрылыс бар. Сол мүмкіндікті біз ескерусіз қалдырып жатқан жоқпыз. Ал 3 жылда мүлдем игермеген азаматтардан жерді алып, мемлекет қорына қайтарамыз. Себебі жер кезегінде тұрған халық саны көп. Бізге жер сұрап келіп жатқандардың көбі 2006, 2007 жылғы арыздар бойынша «жер қашан беріледі?»  деп көп сұрайды. Ал 2005 жылғы арыздар әлі аяқталған жоқ. Жыл соңына дейін  2005 жыл бойынша кезекте тұрғандарға жер беруді аяқтауға облыс және қала әкімі тарапынан тапсырма берілді. Қазір сол бағытта жұмыстар қолға алынған. Жер учаскесі бойынша табыстау туралы қабылдаған шешімін құзырлы орган қызметкерлері жіті бақылап отыр. Азаматтардың кезектен тыс алуына жол берілмейді.

– Тегін 10 сотық жер алуға қалай кезекке тұруға болады?

Қазақстан Республикасының кез келген азаматы бір рет жеке тұрғын үй үшін жер учаскесін алуға құқылы. Тұрғындар арасында мынадай сұрақтар көп көтеріледі. «Біреуден жер сатып алсам немесе маған мұрагерлікке қалса жер кезегіне тұра аламын ба?» деген сұрақтар кездеседі. Мұндай жағдайда жер ала алады. Ең бастысы, мемлекет тарапынан тегін жер алмаған болса. Сыйға тарту немесе мұрагерлікке қалған жер есептелмейді. 

Қазіргі таңда кез келген азамат Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметінің egov.kz порталы арқылы тұрғын үйдің жер кезегіне қоя алады. Жеке тұлға өзінің жер кезектілігіне қойылғандығы немесе оның жылжығаны туралы мәліметті бірыңғай Мемелекеттік Жылжымайтын мүлік кадастры map.gov4c.kz/egkn сайты арқылы біле алады. Осы арқылы Қызылорда облысына немесе басқа да аймақтарға жер кезегіне тұруға толық мүмкіндік бар. Қала әкіміне келіп, өтініш жасамай-ақ, электронды түрде кезекке тұруға мүмкіндік жасалған.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: