Сенбі, 07 желтоқсан, 19:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

2021 несімен дараланды?

01.01.2022

1340 0

2021 жылдың негізгі маңызды оқиғасыЕл Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы. Бұл айтулы мереке елімізде кең көлемде тойланды. 2022 жылға қадам басып отырмыз. Бүгін барыс жылы еніп, сиыр жылын шығарып салдық. Жалпы өткен жыл несімен дараланды? Қандай оқиғалар есте қалды? Біз өткен жылға шолу жасап, айтулы оқиғаларды тағы бір саралап көрдік.

Билік

Қазақстанда 2021 жылдың 1 қаңтарында парламент пен жергілікті мәслихат депутат­тарының кезекті сайлауы өтті. Бұл сайлау тәуелсіз еліміздің тарихында сегізінші рет ұйымдастырылды. Ал 25 шілде күні Қазақстанда аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауыл округі әкімдерін сайлады. Еліміздің 14 облысындағы 2346 әкімнің 31 процентінің сайлау науқаны өтті. Осылайша алдағы төрт жылға 730 әкім сайланды. Сонымен қатар  елімізде он жылда бір өткізілетін халық санағы өтті. Санақ арқылы Қазақстан халқы 19,1 млн адамға жеткені белгілі болды. Мұндағы қазақтың үлесі – 70 процентті құрады. Ал оның 48,71 проценті – ерлер, 51,29 проценті – әйелдер.

Қоғам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында 2021 жылдан бастап, зей­нетақы қорының бір бөлігін алу туралы жаңа заң жобасын дайындау туралы тапсырма берді. Осыған орай қазақстандықтар зейнетақы қоры­ның бір бөлігіне қол жеткізді. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару жүзеге аспақ. Мәжіліс жүргізушілерге қатысты заң жобасына өзгерістер енгізуді ұсынды. Ол заң күшіне енсе, көлік иелері жүргізуші куәлігін өзімен алып жүрмесе жаза қолданылмайды. Енді жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, азаматтың төлқұжаты, жоғары білім туралы диплом, студенттік карточка, сақтандыру полисі онлайн форматта жүреді. Сонымен қатар биыл Қазақстанда ақылы жолдар ұзарып, қараша айында тағы жеті учаске іске қосылды.

Әлеумет

Зейнетақының мөлшері 7 процентке өсті. Елімізде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18524 теңгеден 43272 теңгеге дейін артты. Дегенмен әйелдер үшін зейнетке шығу жасы 60 жасқа дейін көтерілді. Ал ер адамдар үшін 63 жас еш өзгеріссіз қалды. Сонымен қатар мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25 пайызға көтерілді. Сондай-ақ лауазымдық жалақыны ұлғайту жолымен әлеуметтік қызметкерлердің айлығы 1,5 есеге артты. Ал бірінші және үшінші баланың тууына берілетін бір реттік жәрдемақы – 105,5 мыңнан 110,8 мың теңгеге дейін, төртінші және одан көп балаға – 175-тен 183,3 мың теңгеге дейін өсті. Көп балаларға берілетін ай сайынғы жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмектің де мөлшері артты.

Денсаулық

Елімізде 2021 жылдың ақпан айынан бастап, тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жұмыстары басталды. Алғашқы кезеңде халықтың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, дәрігерлер, педагогтар, ішкі істер органдарының қызметкерлері қамтылды. Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін 2 млн мөлшердегі отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылды. Айта кету керек, қазақстандықтар «Ashyq» қосымшасын пайдаланды. Бас кезінде халық төрт түрлі түске наразы болса да, артынан оған да бейімделді. Жалпы биыл еліміздің эпидемиологиялық матрицасы мың құбылды. Қалалар мен облыстар біресе «сары», біресе «жасыл» аймақта тұрды. Ал тамыз айында барлығы «қызыл» аймаққа еніп, шектеу шаралары күшейді. Бірақ жылдың соңына қарай эпидемиологиялық жағдай түзеле бастады. Тіпті той-томалақ өткізуге рұқсат берілді.

2021 несімен дараланды?

Білім

2021 жылдан бастап Қазақстанда диплом беру жүйесі өзгерді. Енді жоғары оқу орындарына мемлекеттік үлгідегі диплом берілмейді. Алдағы уақытта студентер  жекелеген дипломдары беріледі. Осыған орай жоғары оқу орындарының кадр даярлауда жауапкершілігі артып, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі де жүктелмек. Сонымен қатар жаңартылған қосымшасы бар диплом беріледі. Онда елімізде алған жоғары білім еуропалық білім санатымен сәйкес екені көрсетіледі. Сондай-ақ студенттердің шәкір­тақысы екі есеге, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге артты. Бір қуанарлығы, биыл оқушылар мектепте сабақ оқи бастады. Басында аралас оқу форматы енгізіліп, тек 9,11 және 12 сыныптар ғана партаға қайта отырды. Ал жаңа оқу жылынан бастап барлық оқушы дәстүрлі форматқа ауысты. Ерекше тоқтала кететін жағдай, бірінші сынып оқушыларына «Әліппе» қайта таратылды.

Спорт

2021 жылы қазақстандық спортшылар түрлі дүбірлі додаға қатысып, бақ сынап көрді. Арасында қуаныш та, өкініш те болды. Токиода өткен жазғы олимпиада Қазақстан құрамасы «алтынсыз» қайтты. Спортшылар 8 қола медальді қанжығаға байлады. Сөйтіп 83-ші орын алды. Мамыр айында Ригадағы әлем чемпионатында қазақстандық хоккейшілер жеңіс төрінен көрінді. Олар әлем чемпионы Финляндияны жеңді. АҚШ пен Канададан жеңілсе де, көш басындағы Германиядан, кейін Италиядан басым түсті. Бірақ шешуші кезеңде Норвегияға жол беріп, плэй-офф кезеңіне шыға алмай қалды. Сондай-ақ кәсіпқой бокстан бесінші әлем чемпионы шықты. Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов ІВО тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Боксшы қарсыласын екінші раундта екі рет, үшінші раундта бір рет нокдаунға түсірді. Бірақ аргентиналық боксшы кездесуді жалғастырып, 12 раундқа шыдады. Төрешілер шешімімен қазақстандық боксшы жеңіске жетті. Ал бокстан Белград қаласында өткен әлем чемпионатында спортшылар Токиода кеткен есені қайтарып, жанкүйерін қуантты. Байрақты додада қазақтың туы көкке 2 мәрте көтеріліп, әнұран шырқалды. Боксшылар әлем чемпионатында қос алтын, 2 күміс және 1 қола медаль еншілеп, командалық есепте 2-орынға тұрақтады.Футзалшылар Литвада өткен әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсетіп, жар­тылай финалға дейін сүрінбей жетті. Алайда азулы Бразилия мен Португалияға жол беріп, үздік төрттіктен көрінді. Мұндай қарсылықты әлем мықтылары Қазақстаннан күткен жоқ. Кіл мықтылар арасында біздің ел туды бір жылда бір емес, бірнеше мәрте көкке көтерді. Сондай-ақ шахматшы Жансая Әбдімәліктің де жетістігін айтуға болады. Ол Гибралтарда әлемнің ең үздік 12 шахматшысы бас қосқан турнирде жеңіске жетіп, Орта Азиядан шыққан тұңғыш гроссмейстер атағын алды. Сонымен қатар, каратеден Қазақстан құрамасының мүшесі Мөлдір Жаңбырбай ел қоржынына кезекті жолдаманы салды. Ол Парижде өткен лицензиялық додада күміс жүлдегер атанды. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, әлемдік іріктеу жарысында жолдамаға ие болды.

P/S Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Сыр өңірінде де түрлі шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, Арал ауданында «Аралтұз» АҚ «Ас тұзын өндіру» цехы іске қосылды. Дала академигі Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы мен әнші Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған мерекелік шаралар, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын Тәуелсіздік жырлары» атты републикалық жыршы-жыраулар байқауы өтті. Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілген игі шаралардың бір парасы ғана.

Сондай-ақ 2021 жылы рақымшылық жарияланды. Заңға сәйкес, оған ардагерлер, кәмелетке толмағандар, жасы үлкендер бірінші және екінші топтағы мүгедектер, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдар ілігеді. Десе де сиыр жылында қымбатшылық қатты сезіліп, қос бүйірден қысты. Алдымен теміржол билеттерінің бағасы көтерілді. Одан кейін электр энергиясы қымбаттады. Артынан картоп пен сәбіздің жыры басталды. Бір келісі 500 теңгеге шарықтап кетті. Артынан біртіндеп түсе бастады. Дегенмен азық-түліктің, жанар майдың қымбаттауы қарапайым халықтың қалтасына едәуір салмақ салуда. Одан бөлек, қуаңшылықтан Арал мен Маңғыстауда мал қырылды.

Тәуелсіздік – ең басты құндылық. Еліміз 2021 жылы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын кең көлемде атап өтті. Сондай-ақ өткен жылы бірнеше атау­лы күндерге тұспа-тұс келді. Атап айтсақ, Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейханның – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы тойланды. Сонымен қатар былтыр Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толды. Ал «Тәуелсіздік тарландары» жобасы аясында қоғам және мемлекет қайраткерлеріне «Халық Қаһарманы», «Еңбек Ері» атағы берілді.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: