Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Адам өмірі бәрінен қымбат

23.05.2023

1123 0

Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменовтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиынға мәслихат төрағасы, қала әкімінің орынбасарлары, кент және ауыл әкімдері, дербес бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Күн жыли бастаса айдынды арналарға шомылуға асығатынымыз жасырын емес. Әсіресе ойын балалары суға түс­кенді жақсы көреді. Бірақ қауіпсіздік жағын ойлайтындар аз. Балалар түгілі, үлкендердің өзі кейде судың да тілсіз жау екенін ұмытып кетеді.  Күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге осы тақырып арқау болды. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов қала аумағындағы су айдындарында, әсіресе Сырдария өзенінде азаматтардың түрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшы­райтынын мәлім етті.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы 12 адам суға кеткен, оның 6-ы бала. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы дейді басқарма басшысы. Бұл жағдайларға байланысты халық арасында және барлық мектептің оқушылары мен ата-аналарына WhatsApp желісі арқылы күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

– Су айдындарында адам өлімін бол­дырмау үшін қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, құтқару бө­лім­шелерінің құтқарушылары және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, суға шомылуға тыйым салатын орындарда шомылу фак­тілерін анықтау бойынша күн сайын рейдтік іс-шаралар жүргізіп, 462 азаматқа судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, үнпарақтар таратты. Қала аумағында адам көп шоғырланған орындарда (Арай сити молл ойын-сауық орталығы, Жаңа базар, Ескі базарларға және темір жол автовокзалдарға) дауыстық зорайтқыштары арқылы судағы қауіпсіздік бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, – дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы.

Жиында қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерге арнайы тақтайшалар орнату керектігін атап өтті. Қала әкімі Асылбек Шәменов түсіндірме жұмыстарынан бөлек, барлық сала өзен жағалауларына, арналар бойына күнделікті рейдтік шараларын ұйымдастыруы керектігін қаперге салды. «Адам өмірінен артық ештеңе жоқ» деген қала басшысы рейд бойынша кесте бекітуді тапсырды.

Бүгінде әскерге бару да, Отан алдындағы борышын өтеу де үлкен мәселеге айналып барады. Несін жасырамыз әскердегі әлім­жеттік, адам өлімі секілді оқиғалар қоғамға әсер етіп, ата-аналардың өздері балаларын Отан алдындағы борыштарын өтеуге жіберуге қорқатын болды. Бір Қызылорданың өзінде 200-ге жуық азамат әскерден жалтарып жүрген көрінеді. Мінберге шығып, баяндама жасаған қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы Бауыржан Асанов осылай деді.

– Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2023 жылдың наурыз-маусымында және қыр­­күйек-желтоқсанында мерзімді әскери қыз­­метке кезекті шақыру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 ақ­пандағы № 120 Жарлығына сәйкес,  2023 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізуді ұйымдастыру туралы  Қызылорда қаласының әкімінің 2023 жылғы 28 ақпандағы № 2039 Қаулысына сәйкес Қызылорда қаласының 18-27 жас, 1996-2005 жылдар аралығындағы ер азамат­тарын әскерге шақыру жұмыстары жүр­гізілуде. Дегенмен түрлі себептермен әс­керден жал­тарып жүргендер бар. Олардың нақты саны 198 азаматты құрайды, – деді басқарма басшысы.

Қала әкімі басқарма басшысына нақты шараларды қолға алып, түсіндірме жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.

Оқу жылының аяқталуына да аз уақыт қалды. Оған қа­тысты қандай шаралар ұйымдастырылады және жазғы каникулда балалар демалысын қалай өткізеді? Осы мәселе бойынша қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Боданов баяндама жасады.

Биылғы «Балабақшамен қоштасу», «Бастауыш сынып­пен қоштасу», «Негізгі сыныпты бітіру», «Соңғы қоңы­рау», «Аттестат тапсыру» кештерін өткізу барысында ата-аналардан ақша жинауға, білім беру ұйымдары мен педагог қызметкерлеріне сыйлықтар беруге қатаң тиым салынды. Сондай-ақ мектеп бітіру кештері міндетті түрде мектеп қабырғасында және ауласында барынша қарапайым түрде өту керек. Үйлер мен мейрамханаларда, ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін өткізу және бітірушілердің автокөліктермен кортежге шығуына, білім алушылардың табиғат аясына серуендеуіне, өзен-көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуіне жол берілмейді. Қазірде ата-аналардың барлығына түсіндірме жүргізілуде.

– 2022-2023 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттес­таттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14- тармақшасына сәйкес, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы 10 сәуірдегі №88 бұйрығына сәйкес орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылында меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары 2023 жылғы 31 мамырда аяқталады. 9 – сыныптарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығында, 11-сынып білім алушылардың мемлекеттік бітіру емтихандары – 2023 жылғы 5-19 маусым аралығында өткізіледі, – деді білім бөлімінің басшысы.

Бөлім басшысы берген мәліметке сәйкес, алдағы уақыттағы балалар мен жасөспірімдердің жазғы маусымдағы демалысын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Бірінші кезекте мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар  қамтылады. Балаларды сауықтыру «Дария», «Зерентай» және «Аңсар-Кәусар» ЖК, «Сыр Төресі», Жаңақорған ауданында орналасқан мемлекеттік кәсіпорын «Талды су» тынығу лагерлері арқылы ұйымдастырылады. Жалпы міндетті оқу қоры есебінен 2 500 баланы демалдыру жоспарланып отыр. Демеушілер мен инвесторлар есебінен аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 200 бала «Арай-санрайз» лагеріне ба­рады. Осы сынды мәліметтерді алға тартқан қаланың бас мұғалімі мектептер жанынан да күндізгі тынығу лагерлері ашылып, онда 2 386 оқушы 2 ауысымда ыстық тамақпен қамтылатынын жеткізді.

Қала әкімі сала басшысына балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда жұмыстарды жүйелеп, бақылау шараларын күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, аппарат мәжілісінде қала әкімі бірқатар кадрлық өзгерістер болғанын да тілге тиек етті. Тобажанов Ғабит Рүстемұлы қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалса, Сырлыбаев Дінмұхамбет Мұратбекұлы қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болды. Сонымен қатар Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы да жаңарыпты. Бұл қызметке Қорғаныс министрінің бұйрығымен Асанов Бауыржан Махсұтханұлы тағайындалды.

Азиз БАТЫРБЕКОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: