Әке – бұл сөз кім-кімге болса да жақын, жүрекке жылы тиетін сөз. Үш әріптен тұрса да ол кісінің бала үшін орны әрқашан биік, жоғары. Қашанда әке – асқар тау, оның отбасындағы орны бөлек. Ол сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтерді. Әке – бала үшін асқар тау. Ол – отбасы мүшелерінің қамқоры.
Анамның бала кездегі «Әкеңнен сұран, әкең біледі» деп айтқан сөздері әлі құлағымнан кетпейді. Біздің отбасында тек қана әкеміз шешім қабылдайтын. Тіпті құрбыларымызбен кешке қарай концертке баратын болсақ, сол кісіден сұранатынбыз. Сұрануға да батылымыз бармай, үйдегі екі інім, бір әпкем төртеуіміз қаз-қатар отырамыз. Кішкентай інім біздің ойымызды жеткізеді. Түсіне білгенге бұл – қорқу емес, сыйлау.
Әлі есімде, облыстық басылымның бірінде балалар әкесін «папа» деп айтатыны туралы мәселе көтерілді. Сол мақаланы оқыған папамыз «әке» деуді талап етті. Сыныпқа барсақ, олардың бәрі «папа» дейді, «біз неге әке дейміз» деп анама ашуланатын едім. Үйге келгенде ғана «әке» деп, мектепке, сыртқа шыққанда «папамыз» деп жүретінбіз. Бұл бәлкім, балалығымыз шығар…
Асқар таудай жанның арқасында оқыдық, тоқыдық, отбасын құрдық. Қазіргі таңда төртбаланы тәрбиелеп, олардың жауапкершілігін арқалап отырған анамын. Осы орайда, балаларыма әкені сыйлауды, оны құрметтеп отыруға мән беріп келемін.
Бүгінде әке қадірінің тым төмендеп кеткені жайында әңгімені құлағымыз жиі шалады. Кейбір балалар ол сөздің мәні мен өзі үшін орны қаншалықты зор екенін түсінбей жүр. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары біздер үшін ауыр тиді. Өтпелі кезеңде қазақ отбасына шеттен енген текті-тексіз мәдениет қоса жетті. Ұлттық құндылықтың осылайша қаймағы бұзылды. Сондай-ақ ер-азаматтардың арасында отбасының иесі, асыраушысы бола алмай жүргендер көбейді. Тұрмыс тауқыметінің салдарынан түрлі себеппен баладан жырақтап қалғандар кездесті. Сәби мейірден ажырап, өз тамырынан үзілген гүлге ұқсас ұрпақ тәрбиелей бастадық. Сол үшін де бұл мәселеге алаңдатушылық танытып, тәрбие тізгінін дұрыстағанымыз абзал. Қайткенде де оның артында қазақ ұрпағының болашағы тұр.
Абайтанушы Омар Жәлел дәстүрлі тәрбиеде бала анасынан мейірімділік пен даналықты сіңірсе, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына дарытып өскенін айтады.
– «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бірауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар тауының тәрбиесін көріп асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өскен ұрпақ ешқандай жаман әдетке бармайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды. Дәл қазіргі таңда үйдегі әйеліне сөзін өткізе алмайтын күйеудің жігерсіздігінен балалары жасқаншақ, шешім қабылдай алмайтын ұрпақ өсіп келеді. Әке беделінен айырылып, жүзі кеткен пышақ секілді болып барады, – дейді ол.
Осыдан кейін «Отбасындағы ер адамның рөлi қандай? Шаңырақтың тұрақтылығы мен берiк қорғанысының кепiлi – әке өз мiндетiн мүлтiксiз атқарып жүр ме?» деген сұрақтар санаға келеді. Қазіргі уақытта жұмыссыздық белең алып, оның ар жағы үй ішіндегі кикілжіңге, ұрыс-керіске, дау-жанжалдың ушығуына апарып соғуда. Тіпті әйелдер отбасының жүгін бір өзі көтеріп, нәзік иығымен қоғамдық, әлеуметтік қиындықтардың ауыр жүгін арқалайды. Уақытша жұмыссыздықтың белең алуы ер адамның қадірін қашыруға себеп болуда. Көп нәрсе отбасында алған тәрбиеге тікелей байланысты. Мәселен, қазір шаңырақтардың көбінде әйелдердің үстемдігі байқалады. Кей үйлерде тіпті отағасыға деген құрмет те аз. Мұның себептері санқилы еркек не жұмыссыз, не табысы мардымсыз. Қалай десек те, отбасындағы тізгінге ие бола алмай жүрген ер-заматтар аз емес. Ал үйде осындай «тәрбие» көріп өскен, әкесін адам деп санамайтын, шешесінің айтқанына ғана құлақ асатын ұлдан ертең жігерлі жігіт, айбынды азамат шығады дегенге қалай сенесіз? Сол үшін де отбасылық тәрбиені қайта қалпына келтіруіміз, әулеттегі әке рөлін, ер-азамат бағасын орнықтыруымыз қажет-ақ.
Отбасылық құндылықтарды жоғары бағалайтын біздің дәстүрімізде әке мен ананың, баланың қарым-қатынасына қатысты мәселелер аса өзекті. Себебі өскелең ұрпақ тәрбиесінде әкенің ықпалы зор.
Кейбір отбасылардағы әйелдердің өктемдігін көріп, өзіңнен өзің қысыласың. Біздің салтқа мүлдем жараспайтын қылық. Ата-бабамыз «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деп еркек кіндіктілерді ерекше бағалаған, құрмет тұтқан. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», – деп мадақтаған.
Дана әйелдер балаларына кез келген жағдайда «әкең біледі» деп отырады. «Әкең келе жатыр, үйді дұрыстап қойыңдар, алдынан шай қайнап тұрсын» деп қыздарын үйретеді. Егер әйел ерінің беделін осылай көтермелеп отырса, балалар да отағасына құрметпен қарайды. Әйел – үйдің қазығы, ер кісі – іргетасы дейтініміз осыдан. Сіз үйдегі әке құрметін қалай арттырып жүрсіз?
– Әр отбасындағы әкенің рөлі ерекше, отбасының асыраушысы, отбасы мүшесінің тірегі, қамқоршысы. Ол кісі мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Әке балаға жолдас әрі сырлас болу керек. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен ақылдасады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуында, қоғамдағы өз орнын дұрыс таба білуінде сол кісінің атқаратын еңбегі ерекше. Ал дұрыс тәрбие алған бала қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып өседі. Беделсіз ер азаматтың шаңырағы берекесіз. Сондықтан да әкені құрметтете білу арқылы, текті ұрпақты тәрбиелеп шығаруға болады. Бала әкесімен мақтануы тиіс. Бала ата-ананы таңдамайды. Сондықтан ол қандай болса да сый-құрмет көрсетуге лайықты, – деді төрт баланың анасы Нүргүл Сыздықова.
Осы орайда, ер-азаматтың пікірі қандай? Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған Серікжан Жүнісбаев ол жайында ойын былайша білдірді.
– Расында, бұл – қоғамдағы өзекті мәселе. Бала мен әке арасындағы тәрбие әрбірімізді алаңдатуы тиіс. Себебі онда бүкіл ұрпағымыздың болашағы тұр. Бала күнімізде әкеміздің сұсты қабағын көрсек, үндемейтінбіз. Бүгінде сәбилердің еркелігі басым ба, отағасылар әйелдерін еркінсітіп жіберген бе? Үйдегі тәрбиенің кімнің қолында екені белгісіз. Бұл – бүгінгі көріністің шындығы. Баланың тәрбиесімен шеше айналысады. Яғни ананың айтқан сөзі балаға берік, қа¬ғылған қазықтай әсер етеді, – деді ол.
«Қазір әкелерің келеді! Әкеңнің киімін жоғары қой, әкең келген соң тамақ ішеміз. Әкең ренжиді, Әкеңнен сұран!» – деген сөздерді жиі айтуы арқылы бала санасына әкеге деген ерекше құрмет пен сыйластықты арттырмақ. Сол адамнан қаймығып, керек кезде оның көзқарас, қабағынан тайсалып өскен бала ертең үлкенді сыйлай алатын тәрбиелі, салмақты болып өседі.
Демек бұл – бала тәрбиесіндегі ең ұтымды тәсілдің бірі. Ана осы арқылы болашақ ер-азаматты, оттың егесі болар ірі тұлғаны қалыптастырып шығарады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!