Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 15:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әлеуметтің өзекті мәселесі – қоғамдық кеңес назарында

23.07.2022

852 0

Қоғамдық кеңестің жай-күйі қандай? Оған кімдер мүшелікке қабылдана алады? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Серік Дүйсенбаевпен өрбіген сұхбатымызды ұсынамыз.

– Серік Әбішұлы, қоғамдық кеңес ұйымында қанша адам тіркелген? Оның негізгі мақсаты қандай? Осыған тоқталып өтсеңіз…

– Қоғамдық кеңестің мақсаты – бұқара халықтың мұңын жоғарыға жеткізу. Ел көкейіндегі түйіткілді мәселелерді оңтайлы шешу. Соны мінбелерде ашық айтып, шешілу жолдарын қарастыру. Қазіргі таңда қалалық қоғамдық кеңес құрамында 19 мүше бар. Қоғамдық кеңестің отырысы айына бір мәрте өткізіліп тұрады. Қоғамдық кеңес бұл кез келген мәселелерге араласып, ұсыныстар беріп, қоғамдағы өзекті мәселелерге қандай да бір тараптардың көзқарасын өзгертуге атсалысады. Кеңес отырысында қоғамдық-саяси өмірде орын алып жатқан барлық проблеманы талқы-таразысына салып, оның шешілу жолдарын қарастырып, ұсыныстар жолдаймыз. Өз тарапымыздан айтылған бастамалар болады. Оның барлығын хаттама негізінде қағазға түсіріп, жауапты орындарға жолдаймыз. Осы мақсаттағы игі жұмыстарды атқарудамыз.

– Қоғамдық кеңес отырысында қандай бастама көтересіздер?

– Жоғарыда әр айда бір мәрте бас қосатынымызды айтып өттім. Біз өткізетін алқа отырыстарында қалалық әкімдікке қарасты басқарма мен мекемелер есеп береді. Күн тәртібіндегі сұрақтарды талқыға саламыз. Олардың базыналарын тыңдаймыз. Қандай да бір кезек күттірмейтін мәселені анықтап, қала әкімінің қарауына жолдаймыз. Не мәселе көтердіңіз, қандай проблеманы шештіңіздер деп сұрап жатырсыз. Қоғамдық кеңес тарапынан қаламыздағы ең өзекті болып тұрған қоғамдық көлік қатынасы, денсаулық, әлеуметтік мәселелер назардан тыс қалған емес. Бұдан бөлек жол, жарық, балалар ойын алаңы, жазғы тынығу лагері мәселесін де үнемі бақылауда ұстап, жауапты мамандар тарапынан орындалуын қадағалап жүреміз.

– Қазіргі қоғамдағы, яғни қаламыздағы ең өзекті болып тұрған мәселелер қандай?

– Қала аумағы жыл өткен сайын кеңейе түсіп, көлемі үлкейіп келеді. Жаңа шағын аудандар бой көтеріп жатыр.  Сырдарияның сол жағалауына әлі де үлкен құрылыс жұмыстары жүргізілуі қажет. Мәселен, «Бәйтерек» шағын ауданындағы ішкі жұмыс­тары жол, жарық мәселесі одан бөлек қала орталығындағы атқарылуы тиіс жұмыс­тардың қай-қайсысы болсын өзекті деп санаймын. Ал осы айтылған ойлар іс жүзінде іске асырылуына қоғамдық кеңес тарапынан ұсыныстар беріледі. Бақылауда болады. Осылардың барлығын межелі мерзімде орындау да өзекті. Оларды бөліп-жаруға болмайды.

– Сіз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасысыз. Қоғамдық кеңеске де төрағасыз. Екеуі екі сала. Қатар алып жүруге қалай уақыт табасыз?

– Ең алдымен, адам уақытын жоспарлау керек. Оны тиімді пайдалануға дағдылан­ған жөн. Қатып қалған қажетсіз қағидаға қадалмаған абзал. Мәселен, «сағат алты болды мен кеттім» дейтіндер бар. Ол – оның құқығы. Бірақ сағаттың алты болғанын күтпей-ақ, тірліктің барлығын тез тындыруға, сөйтіп өзіңе уақыт арнауға болады. Ардагерлер кеңесіне төраға болып 67 жасымда сайла­ныппын. Мұны айтып отырған себебім ардагердің жандүниесін толық түсінемін. Зейнет жасындағы адамға ең әуелі денінің саулығы керек. Арагідік ауырып қалғанда алатын дәрі-дәрмегі болса ол одан артығын сұрамайды. Ардагерлер ұйымы көптеген іс шара атқарып келеді. Мәселен, өткен жылы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп экскурсия ұйымдастырдық. Мереке күндері қарсаңында арнайы марапаттар табыстап келеміз. Сон­дықтан анау айтқандай ауырлық туғызады дей алмаймын. Екеуін де қатар алып келемін.

– Кеңес отырысында қаралған мәсе­лелерге тоқталып өтсеңіз…

– Жаңа құрам қалыптасқалы 5 отырыс өткізіліп, 15 мәселе қаралды. 2 қоғамдық аралау жұмысы жүргізілді. Қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында қазіргі таңда өзекті болып отырған қалаішілік қоғамдық тасымалдау жұмыстарының барысы қаралды.

Осыған байланысты қоғамдық кеңес жанынан құрылған құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы және табиғат пайдалану мәсе­лелері жөніндегі салалық комиссия мү­шелері «Қызылорда автобус паркі» ЖШС жұмысымен танысты. Онда автобус паркінің алдағы жұмыс жоспарларымен танысып, жолаушылар тасымалындағы түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған шараларды пысықтады. Қазіргі таңда автобус паркінің автобустарының 50 проценті ғана күнделікті қызмет көрсетуде. Бағыттарға орташа есеппен күні­не 50 автобус шығарылып отырғанымен кейбірі бұзылып келуіне байланысты жүрген бағыттарынан алынуда. Бұған байланысты қалалық коммуналдық шаруашылық, жо­лаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Оспанов қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап беріп, мәселе жан-жақты талқыланды.

– Қоғамда мүмкіндігі шектеулі аза­маттар мәселесі жиі көтеріліп жүр. Кеңес тарапынан бұған көңіл бөліне ме?

– Әрине. Сауалың өте орынды. Жақында осы мәселеге байланысты кеңес отырысы өткізілді. Отырыстың күн тәртібіне «Қы­зылорда қаласы бойынша 2022 жылға мүгедектер үшiн жұмыс орындарына квота белгiлеу туралы» проблема көтердік. Мүм­кіндігі шектеулі азаматтар қоғамның айнымас бір бөлшегі саналады. Сондықтан олар тарапынан туындаған мәселе дер кезінде оңтайлы шешілуі тиіс деп санаймын. Бұл тұрғысынан кеңес құрамы іс ауқымын жан-жақты зерделеп, қағидаларын бекіту жолын қарастыруда. Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты қалалық жұмыспен қамту, әлеу­меттік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімі басшысының орын­басары А.Қиясова, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысы Ғ.Қожахметов хабарлама жасап, қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Тұрар ШАЙДУЛЛАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: