Жұма, 22 қараша, 03:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

«Әжеңіз керек емес пе, маған беріңіз…»

07.05.2023

1275 0

Қазақ «қарты бар үйдің қазынасы бар» деп құрметтеген. Сондықтан кезінде қарттар үйі болмаған. Ал бүгінде қарттар үйіндегі қариялар мен көше кезіп, базар жағалап, қайыршылықпен күн кешіп жүрген үлкендеріміз қаншама… Өкінішке орай, өмірде осындай тағдырлар бар.

Ертеректе жасы алпыстан асқан қазақ қарттыққа бет бұрып, немере бағып, елге үлгі боларлық іс атқаруға тырысқан. «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» деп жасы кішілер оларға құрметпен қараған. «Төріңнен қарт кетпесін» деп той-томалақты батасыз бастамаған, қариялардан бата, ақыл алуға тырысқан. Бұл үрдіс қазақ арасында әлі де болғанымен сиреп барады, жаhанданудың салқыны тиіп жатқаны шындық.

Ата-әженің тәрбиесін алған балаға халықтың ықыласы ерекше. Ата мен әже мектебінен өткен ұрпақ зерек, алғыр болып, бүкіл елдің мақтанына айналған-ды. Қазақ әжесінің керемет образын қалыптастырған бірегей тұлға – Абайдай дананы тәрбиелеген Зере әже емес пе…

Мен әжемнің қызымын

«Әжесінің қызы» деген статус қандай керемет, иә…

Иә, сегіз айлығымнан ата-анам мені әжемнің бауырына салды. Содан бері әжемнің иісін иіскеп, оны құшақтап, әркез еркелеп өскен жанның бірімін. Балалық шақтағы ең бақытты сәт еді. Осы күні әжемнің өзі баптап құйған қою шайын, түнде ертегінің орнына айтатын ғибратты әңгімелерін сағындым. Мен үшін ол өте қымбат адам! Өкінішке орай әжем өмірден өтті. Бірақ оның жайдарлы жүзі, жылы алақаны, әдемі сөзі, бәрі-бәрі есімде…

Осы күні көшеде немесе қоғамдық орындарда әже мен атаны көрсем, кәдімгідей құшақтап алғым келеді. Мен мұны өзімнің асыл әжеме деген сағынышым деп білемін.

«Маған әже керек»

Негізі өзімнің әжеме деген махабаттан бастаған себебім, жақында мына хабарландыру көпті елең етпей қоймады. Хабарландыру мәтіні мынадай:

«Қарт әже керек. Жұмыстан шаршап келгенде өз туған анамдай «балам, келдің бе?» деп күлімдеп алдымнан шығатын әже болса өз қамқорлығыма аламын. Қандайда сырқаты, мейлі мүгедектігі болса да емдетіп аламын. Тек ақыл есі дұрыс болып, мені өз ұлындай көріп, үйімді өз үйіндей көрсе болды. Қараусыз қалған, жалғыз өзі үй-күйі болмай жүрген немесе қарттар үйінен орын ала алмай жүргендер болса хабарласыңыздаршы. Барлық жағдайын жасаймын. Маған әженің аялы алақаны мен айтатын ақылы, ақ батасы мен шайы керек. Дұрыс түсінулеріңізді өтінемін».

Бұл хабарландыру жақында «WhatsApp» желісіндегі топтарда тарады. Мұны жазған Ислам есімді қала тұрғыны екен. Хабарландырумен бірге өз телефон нөмі­рін де қалдырыпты.

Қоғамда қанша адам болса, сонша пікір айтылатыны да белгілі. Бірі «сауап үшін алғысы келген ғой» десе, енді бірі «зейнетақысы керек болған шығар» деген ойдың да болғаны жасырын емес. Анық-қанығына көз жеткізу үшін біз Исламның өзіне хабарласқанды жөн көрдік.

– Хабарландыру бергенім рас. Өзім әжемнің ұлымын. Содан да болар, бала кезден әжеге деген махаббат ерекше болды. Негізі менің әжені іздеп жүргеніме 3-4 жыл болып қалды. Арасында қарттар үйіне де барып тұрамын. Ол жақта бір атаны кезіктірдім. Танысып, сөйлесе келе, оған біртіндеп бауыр бастым. Жиі барып, жағдайын білуді әдетке айналдым. Тіпті өз отбасыма алғым келді. Яғни ендігі қалған жасында қамқорлық танытсам деп ойладым. Содан бір күні барсам, қария жоқ. Мекеме қызметкерлері немерелері алып кеткенін айтты.

«Негізі, сіздің келіп жүргеніңізді балаларына айтқан едік. Әкесіне деген қызғаныш туып, қайта алып кетті. Отбасына қосылуына сіз себеп болдыңыз» дегенді айтты. Шыны керек, қуандым, бір жағынан қимадым. Бірақ өз отбасында болатынына іштей риза болдым.

Одан кейін «Жайна» сауда үйіне жақын орналасқан көпірдің баспалдағында ақ жаулықты, жүзі жылы апа қайыр сұрап отыратын. Сол апамен де тіл табысып алдым. Арнайы барып, әңгімесін тыңдап қайтатынмын. Бір күні апаға «біздің үйге жүріңіз. Бұлай отырмаңыз. Өзім қарайын, жаңа киімдер әперейін. Маған ешнәрсе керек емес, тек сіздің әжелік мейіріміңіз қажет» дедім. «Балам, бара алмаймын. Менің өз үйім бар, бір қызым бар. Мені қайыршылықпен осылай отырғысы келеді дейсің бе? Мұның бәрі қызымның тірлігі ғой. Қосымша ақша тап деп осы жерге әкеліп тастап кетеді» деген мұңын жеткізді. Содан мен қызымен сөйлескім келген. Бірақ оған әже «өзіме кесірі тиеді» деп қарсы болды. Әрмен қарай үндемедім… Алайда сол әжені жоғалтып алдым. Артынша ол жерге қайта келмейтін болды, – деді кейіпкеріміз.

Шыны керек, біз басында Исламды жалғызбасты екен деп ойладық. Әдетте, жалғыз өзі тұратындар адамнан жылулық іздейді емес пе… Жоқ, кейіпкеріміз отбасылы, екі ұлдың әкесі екен.

– Жасым қырықта. Заңгермін. Ата-анам – педагог. Әкем қайтыс болып кетті. Ал анам інімнің қолында тұрады. Шүкір, отбасылық жағдайым жаман емес. Бірақ сонда да болса, бір үйге бір қазына керек екен. Маған әже мейірімі жетіспейді. Жұмыстан келгенде төрімде әже отырса екен деп армандаймын.

Бүгінде жастар арасында ажырасу көп. Менің ойымша, сол жастарға үйіндегі үлкендер ақыл айтып отырса, дұрыс бағыт берсе, мәселе ушықпас еді. Кейде әр отбасыға ақыл айтатын қазыналарымыз өте қажет, – деді.

– Сырттан әже әкелуге анаңыз, келіншегіңіз қалай қарайды? Олар біле ме?

– Әрине, біледі. Еш қарсылығы жоқ. Қайта қуана қарсы алады. Үлкен кісілер үйдің берекесі ғой.

– Хабарландыру бойынша хабарласып жатқандар бар ма?

– Күніне бірнеше адам хабарласады. «Менің анамды аласыз ба? Үйімізге сыймай жатыр» деп хабарласқанда жаның ауырады. Бірақ мен бала-шағасы бар жандарды алғым келіп тұрған жоқ. Өйткені мен ондай әжелерді алып келгенмен, кейін балалары келіп, алып кететінін сеземін. Ол кезде маған қиын болып қалады. Өйткені бауыр басып қаламын. Одан да балалары жоқ әжелер болса, қамқорлығыма алар едім, – деп жауап берді.

 «Алпысқа келгеннен ақыл сұра»

«Әр үйде ақыл ай­татын қазыналар болса» деп Ислам айтқандай, мына аңыз еріксіз еске түсті.

«Бір күні хан жасы 60-тан асқан қарияларды күтіп-бағуға кететін қаржыны үнем­деу мақсатында оларды өлті­руге жарлық шығарады. Әкесін өлтіруге қимаған баласын көріп, шал мырс етіп, «Дәл жиырма жыл бұрын осы жерде мен де әкемді өлтіріп едім. Басыма келді» деп күледі. Мұны естіген жігіт әкесін сандыққа салып, бағады.

Бір күні жорыққа аттанар кезде сан­дықтағы әкесін бірге алып жүруіне тура келеді. Жолда шаршаған жауынгерлер бір дарияның жағасына келіп тоқтады. Сонда мөлдір су астында жатқан гаухар тасқа ханның көзі түседі. Оны алып шығу үшін терең дарияның түбіне сүңгіген сарбаздардың бірде бірі қайтпайды. Сонда әкесі сыртта не болып жатқанын сұрайды. Баласы болған жайды, өзінің кезегі де келіп қалғанын айтады.

Сонда әкесі дарияның жағасында ағаш бар ма дейді? Баласы «иә» дейді. Сонда шал баласына «дарияның түбінен емес, ағаштың басындағы құстың ұясынан гаухар тасты табасың» дейді. Баласы дәл солай істеп, гаухар тасты әкеп береді. Хан жігіттен гаухар тастың ағаш басындағы ұяда жатқанын қайдан білгенін, неге ерте айтпағанын сұ­райды. Жігіт амалсыз сан­дыққа тығып бағып жүрген жасы алпыс­тан асқан әкесінің кеңесі­мен тапқанын айта­ды. Хан риза болып, қариялар­ды өл­тіру туралы жар­­лық­­тың күші жойыл­ға­нын жария­лайды. Содан бері ха­лық ара­­сында «ал­пысқа кел­генн­ен ақыл сұра» деген на­қыл сөз қал­ған екен.

Сурет ашық дереккөзден алынды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: