«Алғыс айту» күні – халқымыздың ең асыл құндылықтарын дәріптейтін, бірлік пен татулықтың, сыйластық пен ізгіліктің мерекесі. Бұл – өзара құрмет көрсету, өзгеге жанашырлықпен қарап, шынайы тілеулес болу – ұлтымыздың бойына сіңген қасиеті.
Айтулы күнге орай, қала әкімі Нұржан Ахатов түрлі сала еңбеккерлерін құттықтап, аймақ басшысының арнайы алғысын жеткізді.
– Қаламыздың өркендеуі мен дамуы – ең алдымен Сіздердің адал еңбектеріңіздің жемісі. Сіздер тұрғындарымыздың жайлы тұрмыс кешуі жолында уақытпен санаспай, ауыртпашылыққа еш мойымай, қажырлы қызметтеріңізбен баршаға үлгі болып келесіздер.
Бұл еңбектеріңізді облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жоғары бағалайды. Сондай-ақ, Сіздерге үнемі қолдау жасауда.
Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Өздеріңізге белгілі, ақпан айының аяғында қар араласқан жаңбыр жауып, аяз күшейді. Мұздаққа айналған ағаш бұтақтары сынып, ол электр бағаналары мен желілерін зақымдады. Салдарынан бірнеше аумақта жарық өшті. Ауылдарға қатынайтын қоғамдық көлік қатынасы шектелді. Оқушылар сабағы онлайн режимге көшірілді.
Орын алған апаттық жағдайларды қалпына келтіру мақсатында аймақ басшысының тапсырмасымен жедел штаб құрылып, арнайы комиссия жұмыс жасады. Тұрғындарды мүмкіндігінше қысқа мерзімде электр энергиясымен қайта қамтамасыз ету 24 сағат үзіліссіз, күшейтілген режимде жүргізілді. Сынған тал бұтақтары жинастырылып, құлаған жарық бағаналары шұғыл қалпына келтірілді.
Осындай жағдайларда жұмылып, адал еңбекпен бірліктің берекесін тасытқан азаматтарға қала әкімі ризашылығын білдірді.
Жиында еңбек адамдарына қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов және қалалық мәслихаттың төрағасы Ибадулла Құттықожаев алғыстарын жеткізіп, мерекемен құттықтады.
Салтанатты қабылдауда қала әкімі ерен еңбек үлгісін көрсеткен еңбеккерлерге аймақ басшысының «Алғыс хаттарын» табыстады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
