Жұма, 27 желтоқсан, 00:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Ана мен бала» орталығында күнде думан, күнде той…

17.07.2021

2268 0

Шынында солай. Бірде перзентханада жатқан жақыныма сәлемдеме алып бардым. Жақындай бергеннен тойдың ортасына тап болғандай сезімде болдым. Қып-қызыл би, у да шу. Аңтарылып қалдым. Мұндай көрініс негізі «Ана мен бала» орталығында күнде қайталанады десек, артық айтқандық емес.

Соңғы кезде жаңа туған нәрестені перзентханадан шығарып алу үлкен бір шоуға айналды. Қымбат көлік жалдау, шоу бағдарлама, тіпті түрлі аниматорлар да «Ана мен бала» орталығының алдында. Дәл қазіргі уақытта той жасау азайғанымен, перзентхана­дағы шоудың дәурені жүріп тұр.

«Ана мен бала» орталығында күнде думан, күнде той…

Иә, қазіргі карантин талаптарына қарамастан «Ана мен бала» орталығының алдынан күн сайын бірінен-бірі өтетін безендірулер, «лимузин», «геленваген» көлігін көруге болады. Тіпті әншілер шақырып, аниматорлар қойылым қойып, нәрес­тені күткен топ ағайын-туыс, дос-жаран орталық алаңында кішігірім той жасайды десек артық айтқандық емес. Осы орайда әлеуметтік нысанның алдында мұндай сән-салтанаттың өткізілуі қаншалықты заңды деген сұрақ туады. Сондай-ақ бұл жерде тек қуаныш қана емес, түрлі жағдайлар орын алуда. Бір ана баласын бауырына басып қуанса, енді бірі баласынан айырылып мұңаяды. Тіпті кейбірінің баласы жансақтау бөлімінде өмір мен өліммен күресіп жатқан болар. Сондықтан бұл жағдайға бір жақты көзқараспен ғана қарауға әсте болмас.

Атап айталық, перзентхана алдында ұйым­дастырылған шоу арзан тұрмайды. Нағыз бизнес көзі. Есептеп көрелік. Мәселен, мұнда қымбат көлікті сағатына кем дегенде 10 мың теңгеге жалдауға болады. Мақала дайындау барысында той орталықтарының біріне хабарласып көрген едік. Білгеніміздей, аниматорлар музыкалық аппаратымен 1 сағатқа 12 мың теңге, ал әншілер мен аниматорлар бірге барса – 30 мың теңге екен. Қысқасы өзге шығындарды есептегенде «Ана мен бала» орталығының алдында шоу өткізу үшін жобамен 50-60 мыңға жуық ақша кетеді.

Қашан да «қуанышты бөліссең көбейеді» дегенді берік ұстанған қазақ ағайын-туыстың, дос-жаранның қуанышына ортақтасып жүреді ғой. Алайда адам денсаулығына қауіп төнген мына заманда көпшілік ортада жүруге де қорқасың. Бірақ соған қарамастан орталық алдында күнде ду­ман, күнде той. Оны күнде­лікті өмірден хабар­­дар ететін әлеу­­меттік желіден бай­қауға бо­­лады. Осыған бай­ланыс­ты облыс­тық денсау­лық сақтау басқармасының бас­пасөз хатшысына ха­барлас­қан едік. Олар бұл сұраққа облыстық санитарлық-эпи­демиология­лық бақылау де­партаментінің мамандары жауап беретінін айтты. Тиісті мекемеге де хабарластық.

– Облыстағы әр­бір мемлекеттік ме­кемеге карантин­дік шаралар туралы №18 қаулы жібе­рілді. Бүгінде жа­уап­­­кершілік пен қауіп­­сіздік – ор­тақ іс. Сон­­дық­тан карантин та­лап­­тарын қатаң сақтау әрбір ме­кеме басшысына тікелей байланысты, – дей­ді облыстық санитарлық-эпидемио­логиялық бақылау департаменті­нің бас­шысы Динара Жаңабергенова.

«Ана мен бала» орталығында күнде думан, күнде той…

Әрине заң да, талап та ортақ. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігеріне хабарласуды жөн көрдік.

– Көкейкесті мәселе көтеріп отырсыз. Қазіргі уақытта бұл жағдай өзекті мәселеге айналып отыр. Негізі орталыққа карантиндік талапқа сай артық адам кіргізуге болмайды. Осыған орай қанша талапты күшейтсек те қарапайым халық түсінер емес. Тіпті күзетшілерге де тек ана мен бала мінетін бір көлікті ғана кіргізіңдер деген талап қойдық. Алайда мұны халық түсінбей, айқай-шу шығарып, баса көктеп кіреді. Әрине, дүниеге келген нәрестені алып шығу үлкен қуаныш екені сөзсіз. Дегенмен әр нәрсенің шегі болуға тиіс. Қазір орталық ауласына бес адамнан артық кіргізбейміз.  Бүгінде әншілер мен аниматорларды шақыруға тыйым салдық. Олар келген жағдайда өзім жағдайды түсіндіріп, кері қайтарамын. Осыған байла­нысты ішкі істер орындарына хат жол­дадық. Алдағы уақытта бұл мәселе де өз ше­шімін табады де­ген үміттеміз, – дей­ді облыстық перина­тал­дық орталық­тың бас дәрі­гері Олег Ким.

«Ана мен бала» орталығында күнде думан, күнде той…

Ал перзентхана­дан сән-салтанатпен ду­ман­датып алып шық­қанға үлкен­дер­дің көзқарасы қалай екен?

– Бұрын сәби­ді қыр­қынан шық­қанша еш­кімге көрсетпейтін. Перзент­хана­дан жаңа босанған жас ана­ны енесі немесе абы­сыны ғана тым-тырыс шығарып алатын. Себебі сәби­ді қырқынан шыққанша тіл көзден сақтайтын. Сондай-ақ жас анаға да ырду-дырду емес, жай­лылық пен жақсы күтім қажет. Ана мен балаға осылай құрмет көрсету заман талабы шығар. Алайда оған бірінің қалтасы көтерсе, енді бірінің шамасы жетпейтіні анық. Сондықтан әр нәрсенің өз шегі болу керек, – дейді көп балалы ана Жамал Сермаханова.

Баланың жарық дүниеге келуі – ең үлкен бақыт. Бұл оқиғаны әрбір отбасы әртүрлі атап өтеді. Олардың көбісі перзентханадан бастау алып, үйінде жалғасады. Әрине, сәбидің дү­ниеге келуі және оның үйіне шығуын атап өту қуанышты сәт екені сөзсіз. Алайда мұны думандатып, қоршаған ортаның назарын аударту қаншалықты дұрыс? Осы орайда бұл шаралар ана мен жаңа туған сәбидің денсаулығына кері әсерін тигізбей ме? деген сұрақ бар көкейде.

Мәселен, көршілес Өзбекстанның ден­саулық сақтау министірі нәрестенің жарық дүниеге келуін сән-салтанатпен атап өтуге тыйым салған. Себебі олар бұл жағдайды ана мен бала денсаулығына кері әсерін тигізеді десе, әрі ысырапшылдық деп түсінеді. Сіз қалай ойлайсыз?

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: