Жексенбі, 28 сәуiр, 01:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

МӘМС жүйесі денсаулық сақтау саласына қажет, бірақ оны жетілдіруге көмектесу керек

27.06.2023

305 0

Мұндай пікірді «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясы өткізген дөңгелек үстелге қатысушылар айтты. Кездесу барысында депутаттар, медицина саласының өкілдері мен кәсіпкерлер міндетті медициналық сақтандыру жүйесі және оны одан әрі дамыту жолдарын талқылады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма Төрағасы Сәбит Ахметов өз сөзінде МӘМС жүйесін енгізудің жай-жапсарын айтып, қазіргі жағдайды баяндап, мәселелерді шешуге және жүйені одан әрі дамытуға бағытталған жоспарлармен бөлісті.

МӘМС жүйесі енгізілерде оның мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді деп болжанған болатын. Алайда, бұл керісінше, өсімге әкелді, өйткені сақтандырудың 5% жалпы мөлшерлемесі  (оның ішінде жұмыс берушінің есебінен 3% және қызметкерлердің есебінен 2%) медициналық көмектің ауқымды көлемін қамтуға мүмкіндік бермейді. Азаматтардың ортақ жауапкершілігіне байланысты мемлекетке түсетін ауыртпалықтың жоспарлы түрде азаюы орын алмағанын Жоғарғы есеп палатасы өз есебінде, Стратегиялық жоспарлау және даму агенттігі де хабарлады. Айта кетейік, МӘМС жүйесін енгізу кезінде жұмыс берушілер үшін ставкаларды жыл сайын 5%-ға дейін, мемлекет пен жеке кәсіпкерлер үшін 7%-ға дейін ұлғайту көзделген. Шетелде медициналық сақтандырудың жалпы ставкалары 14-19 %-ды құрайды.

Сонымен қатар, ТМККК-ға кіретін медициналық қызметтердің ауқымды көлемі халықты МӘМС төлеуге ынталандырмайды. Яғни, төтенше және шұғыл жағдайларда адамдар өздеріне жасалатын отаға дейін медициналық көмек көрсетілетінін біледі. Осыдан бүгінгі таңда МӘМС жүйесімен 3 миллионнан астам адам қамтылмағанын түсінуге болады.

2022 жылы 1 трлн теңге көлемінде МӘМС жарналары мен аударымдары жиналды, оның ішінде 800 млрд теңгеден астамы – азаматтардың жеңілдетілген санаттары үшін жарналар, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектордың аударымдары мен жарналары, яғни МӘМС-тің негізгі төлеушісі мемлекет болып табылады.

Бұл ретте МӘМС жүйесі енгізілгеді денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі 2,5 есеге – 1 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды.  Бірінші кезекте қаржыландыру тапшылығы байқалған мәселелерге назар аударылды. Мәселен, кардио, нейрохирургия, ЭКҰ, трансплантология сияқты жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қаржыландыру көлемі 3,5 есе, медициналық оңалту және консультациялық-диагностикалық көмек 12,5 есе ұлғайды. Жеке меншік нысаны бар жеткізушілер саны едәуір өсті: 1928 медициналық ұйымның 63%-ы жеке клиникалар.

Амбулаториялық-емханалық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін нозологиялар саны 4 есе – 45 позициядан 126-ға дейін өсті, бұл саланы қаржыландыру 2,5 есе  көбейді.

Дәрігерлердің орташа жалақысы (189-дан 415 мың теңгеге дейін) және орта медперсоналдың орташа жалақысы (120-дан 230 мың теңгеге дейін) айтарлықтай ұлғайтылды.

Сондай ақ Қор басшысы проблемаларға тоқталды. Ол бірыңғай базаның жоқтығын атап өтті – медициналық ұйымдар бір-бірімен интеграцияланбаған түрлі ақпараттық жүйелерде жұмыс істейді. Жоспарлауды, медициналық қызметтерді сатып алуды, мониторинг пен төлем жүргізуді, пациенттердің виртуалды шоттарындағы ақша қаражаттарының қозғалысын дербестендірілген есепке алуды қоса алғанда, барлық процестерді цифрландыру қажет. Сәбит Ахметов дәрігерлерге екі пакетті – МӘМС мен ТМККК арасындағы төлем көздерін әкімшілендіру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты қаржыландыру көздерін біртұтас пулға біріктіру қажет, бұл қаражатты икемді басқаруға және нақты есепке алуға мүмкіндік береді.

Аталған проблемалардың ішінен медициналық көмектің бөлінген көлемін артық тұтыну да тілге тиек етілді (бұл негізінен консультациялық-диагностикалық қызметтерді ұсынатын МСАК ұйымдарына қатысты). Бюджет шектеулі болғандықтан, Қор денсаулық сақтау жүйесін толық цифрландыруға дейін медициналық ұйымдардың ай сайынғы көлемдер мен қаржыландыру жоспарларының асып кетуіне жол бермеу бөлігінде шарт талаптарын сақтауын қадағалайтын болады. Бірқатар себептер бойынша (негізінен мемлекеттік) медициналық ұйымдарда кредиторлық берешектің өсуіне келетін болсақ, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қосымша қаржыландыру, тарифтерді көтеру, клиникалардың шығындарын оңтайландыру және медициналық ұйымдардың ішіндегі менеджментті жақсарту мүмкіндігін қарастыру қажет.

«Қазір қоғамда МӘМС жүйесін дамыту үшін әртүрлі нұсқалар талқылануда. БАҚ пен әлеуметтік желілерде азаматтар МӘМС жүйесін толығымен жою керек дейді. Медициналық қауымдастықтың кейбір сарапшылары қаржыландыруды орталықсыздандыруды – бұрынғыдай қаржыландыруды жергілікті атқарушы органға қайтаруды ұсынады. Біреу Қордың функцияларын Денсаулық сақтау министрлігіне немесе МӘМС ақшасын басқаратын жеке сақтандыру компанияларына қайтару керек дейді. Қордың барлық нұсқаларды талқылауға дайын екенін атап өткім келеді. Ең бастысы, бұл тәсілдер мен қабылданған шешімдер денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталуы керек. Алайда МӘМС жүйесі жаңадан құрылғандығын және оның іске қосылуы пандемия кезеңіне тұспа-тұс келгенін түсіну қажет. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін құру үшін ондаған жылдар қажет. Мен аймақтардағы жағдайды өз көзіммен көру үшін өңірлерді аралай бастадым. Астана, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Қарағанды ​​облыстарындағы медициналық ұйымдардың жұмысымен танысып, орталық, облыстық және қалалық ауруханаларды, сондай-ақ аудандық емханаларды, ауылдық фельдшерлік пункттерді араладым. Барлығын көрген соң, жағдай соншалықты жаман емес деп қорытынды жасадым. Өсу динамикасы байқалады. Кадрлармен қамтамасыз етіліп, заманауи жабдықтармен, соның ішінде КТ, МРТ, ангиографтармен жабдықталған. МӘМС жүйесі енгізілгелі нарықта жаңа ғимараттар, жаңа технологиялар, жабдықтар және кадрларды оқыту, сондай-ақ менеджменттің жаңа тәсілдері түрінде инвестициялар мен инфузиялармен келген көптеген жеке клиникалар ашылды», – деп өз ойымен бөлісті Сәбит Ахметов.

Кездесуге қатысқан медициналық қоғамдастық өкілдері мәселелерге қатысты өз көзқарастарын айтып, оларды бірлесіп шешу үшін ұсыныстарымен бөлісті. НҚА-ны өзектендіру және оларды өңірлік деңгейдегі медициналық ұйымдарға жеткізу, пациенттердің сақтандырылған мәртебесін сақтауы, медициналық қызметтерді белгілі бір пакетке жатқызу, бірнеше жарақаты бар науқастарды стационарлық емдеуге ақы төлеу, тариф белгілеуді жетілдіру қажеттілігі атап өтілді.

«МӘМС жүйесі енгізілмей тұрып медициналық қызметтерге ақы төлеу комитеті арқылы, смета бойынша, өңірлік денсаулық сақтау департаменттері арқылы денсаулық сақтауды қаржыландырудың бірнеше моделі болды. Біз қолданыстағы қаржыландыру моделінен бас тарту қате жасалған қадам болады деп санаймыз. Біз Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын сақтап қалып, оны қалай дамыту керектігін ойлауымыз керек. Бұл аяққа жаңа тұрған бала тәрізді. Ал қаржыландырудың жеткіліксіздігі әрқашан болған», – деп University Medical Center корпоративтік қорының атқарушы директоры Қаныбек Аширов атап өтті.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев өз кезегінде денсаулық сақтау жүйесінде көптеген мәселелер бар екенін атап өтті. Ол медициналық ұйымдар мен қауымдастықтардың өкілдеріне берілген уақыт пен жағдайға бей жай қарамағаны үшін алғысын білдірді.

«Қордың жаңа басшылығы бүгінгі барлық ескертулер мен тілектерді ескеріп, шешімдерді әзірлеуге кіріседі деп сенеміз. Осындай кездесуге бастамашы болған Сәбит Мейрамұлына алғысымды білдіремін. Менің ойымша, бұл жақсы тәжірибе, біз мұны қолдап, жарты жылда бір рет кездесу ұйымдастыруымыз қажет. Бүгінгі диалог өз мақсатына жетті, соның негізінде бағдарламалық шараларды қабылдауға болады», – деп Азат Перуашев сөзін қорытындылады.  

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: