Сәрсенбі, 27 қараша, 20:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Ана сүті – өмір қуаты

03.10.2023

619 0

Қазақта «уызына жарымаған» деген адамға түрпідей тиетін сөз бар. Бірақ оның астарында, ұлттың ұлағаты, кеңестің кемелі жатыр. Себебі ананың сүтін еміп өскен бала мен жасанды тамаққа таңылған нәрестенің денсаулығы мен  тән саулығында едәуір айырмашылық болады. Ана сүтінің табиғилығы, дәруменге бай болуы баланың бойын да, ойын да өсіреді. Оның күш-қуатын да еселеп, оның ағзасында кез келген ауруға төтеп беретін иммунитет қалыптастырады.  

Адам бойындағы барлық асыл қасиет атаулы әкенің қанымен, ана сүтімен даритыны анық. Ал  алпыс екі тамырын идіртіп, мейірімінен төгілген қасиетті ана сүтінің орны тіптен бөлек.

Бүгінгі нәзікжанды бала емізуден қашып, жасанды сүт беруге әуестеніп алғанын көзіміз көріп жүр. Ал ғылыми зерттеу бойынша сәбидің дені сау болып өсуі үшін оларды екі жыл толық емізу керектігі дәлелденіп отыр.

Ғалымдардың айтуынша, ана сүті ақуыз, май, түрлі дәрумендер, минералды тұздар мен өмірлік маңызы бар микроэлементтерге бай.  Қазақтың «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» деген қанатты сөзі бекер айтылмаса керек. 

Денсаулық саласында еңбек етіп жүрген №6 емхананың аға  мейіргері,  Анар Әбілдаеваның  осы мәселе төңірегінде пікірін сұраған едік.

–   Жарық дүние есігін ашқан шақалақты бірден анасының омырауына жатқызады. Анасына емізуді міндеттейді. Себебі ананың сүті жас нәрестені қоректендіретін, кез келген жұқпалы аурулардан сақтайды. Ол нәрестенің ми жасушасының көбеюін және жүйке жүйесінің дамуын жеделтетін қоректік заттарға өте бай. Сондай-ақ аллер­гиялық аурулардың, диабеттің, артық сал­мақтың, қан аздықтың алдын алады. Ана сүтін толық емген баланың ақыл-ой зеректігі жоғары болады әрі анаға жақын, бауырмал болып өседі. Тағы бір қасиеті, оның құрамы нәрестенің өсу мерзіміне қарай өзгеріп отырады. Сондықтан ана сүтіне қанып тоймағандар, әлсіз, жұқпалы ауруға бейім болып өседі, – деді ол.

Сондай-ақ бала емізу ананың ден­саулығы үшін де маңызды. Дәрігерлердің сөзінше, ол сүт безінің қатерлі ісікке шалдығу қаупін он есеге, жатырдың қатерлі ісікке шалдығу қаупін екі есеге төмендетеді. Психологиялық тұрғыдан алғанда ана жүрегінің соғысы баланы тыныштандырса, баланың емуі ана­сының шаршағанын басады.

Ұрпағымыз уызына жарымаған әлжуаз болмауын қаласақ, табиғи дәрумен көзі ана сүтінде екенін түсініп, құнарлы дәмнен бөбекті айырмай, рухы мықты ұрпақ тәрбиелегеніміз жөн.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: