Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ақсерегің де, көксерегің де өзіңе

27.08.2022

821 0

Бастауышта дене шынықтырудан артық жек көретін пән болған жоқ. Сол сабаққа келгенде желкем кері тартып, қалай болғанда да қатыспау­дың амалын іздейтінмін. Себебі – мұғалім бізге сенбейтін. Өзімізден үлкен сыныптардың доп қуалап, фут­бол ойнағанын көрген ұлдар қатты қызығушы едік. Ал  біз ше? Доп түгіл дөңгелек нәрсе көрмейсің. Біз ақсерек-көксерек ойнаймыз?

Шыжып тұрған күз-көктемде шал­барыңның ішінен бықсытып трико киіп алып, моданың «майын іш­кендер» кәстөммен ақ-қара крос­совка киіп аламыз. Әйтпесе өзі дәу-дәу төртбұрышты кітаптарыңмен дене киімін қоса салсаң ырғалып-жырғалып зорға жүрген 1 сыныпқа барғанда алған сөмкең айырылайын деп тұр. Амалсыз бұтыңа баттастырып киіп аласың. Кейін жүргенің балағыңнан трикоң, жағаңнан ақ футболкаң шығып. Міне, осындай азап пен мазақтан өткені­мізге қарамастан мұғалімің келіп «ақсерек-көк­серек» ойнайсыңдар дейді ғой…

Ол кісіні көбіміз түсінбейтінбіз. Доп қуалап футбол ойнасақ бір жері­мізді жарақаттап алады екенбіз. Әй, көкем-ау, сол допты үйде де ойнап жүрміз ғой. Қараңғы батқан кезде доп деп ойлап қараң қалғыр құрылыстан қалып қойған тас бетон теуіп қалып, талай ақсаңдаған жоқпыз ба? Сүйегің мен сүйегің соғысып жатқанда екі бала екі жақта жылап алып, кейін қайта жүгіріп кетпеуші ме едік? Миыңызды шамалы ғана қозғалтып қарасаң, ақ­серек-көксерегің одан да «опасный» ойын емес пе? Ұлдарың қыздар тұрған жерді көздеп тұрып бар күшімен ыңқытып келіп түйгенде «аяулы аруларымыз» желбіреген тудай ырға­лаң етеді ғой. Қыздарың келіп тас қылып ұстап алған біздің қолымызды кесіп өтеміз деп келіп «дүңк» етіп шалқалап келіп, құламаушы ма еді? Талай рет сыныптағы зіңгіттей бала сенің қолыңды қақ бөлейін деп жүгіріп келе жатқанда қорыққан қолы­мызды босатып, анауың өзін-өзі көтере алмай әрі асып, ақырында омақасып келіп жер бауырлайтын. Міне, осындай «аварияларды» көре тұра түк болмағандай «Ақсерек-көк­серек ойнаймыз» дейді.

Мұғалімнің айтқаны − заң, айтты-болды. Әйт­песе мүлде ойнатпай қоя­ды. Ол кезде көзің бақырайып ай далада тұрасың да Ақсерек-көк­серек­ті қызықтайсың. Сен ойнамаған кезде ерекше қызық болып та кетуші еді. Бүгін де сол жағдай…

Үлкен сыныптың балалары киініп болғанша күтуің керек, әйтпесе «раз­девалкаға» сыймайсың. Кешіксең бүлін­ген касетадай «Ақсерек-көк­серек» деп қақсап қалған мұғалімнен ұрыс естисің. Дәл соған келгенде менің жолым болды. Үйдегі үлкен­дердің екіншісі ұрыншақ. Содан болар көбі «Сұлтанның інісі кірсін» деп шақырып алады. Өзімнің ынтызар­лығым «аздай» бірінші болып киініп алып, сыртта Ақсерек-көксеректі «асыға» күтіп тұрмын. Арман болған фут­бол алаңынан ұлдар екі рет, қыздар бір рет айналдық та екіге бөліндік.

«Ақсерек-Көксерек, бізден сізге кім керек?», − деп жамырағандар бір адамды жіберіп, бір адамды өзіне қосып жатыр. Біресе Фархат, енді бірде Жұлдыз, сосын Самғар, Күнсұлу, Аружан, Бекзат, солай-солай кетіп жатыр… Кезек маған келді… «Аслан керек» деп айқайлағанда барып ойландым. Қарап тұрсам қарсы топта бір қыздан басқа қыз жоқ еді. Оның өзі менің екеуімдей болады. Амалсыз «Әй, қандай болса да қыз ғой. Әйтеуір нәзіктігі бар шығар. Не болса да әлім жетер» деп ойладым. Ойламадым, өзіме солай басу айттым. Әйтпесе біздің балаларды білемін ғой. Тас құлып ұстап алады. Олардың жұмылған қолдарынан темір құлыпты бұзу оңай ма дерсің?..

Не болса да тәуекел. Бұзып өтсем соны ғана бұзамын. Бұқаларша сол аяғыммен жердің шаңын көтеріп тұрып қазып, алға қарай ұмтылып кеп бар күшіммен жүгіріп келем. Жақындаған сайын бұзатыныма да сенімділік артқандай. Ал міне, жеңіске жететін уақытым жақын. Дәл осы қолдың құлпын бұзсам, біз жеңеміз. Иә, міне-міне… Армандапсың. Әлгі арудың зіңгіттей қолы тұмсығыма тарс еткен, таңдайым тақылдап, екі айналып жерге түстім. Жай түссем жақсы ғой, шалқамнан жерге тарс еткенде ауа да жетпей қалды. Мұрыннан қан сорғалап жатыр… Жаны шықты ма әлде шошып кетті ме, мұғалім жүгіріп келді. Қолтығымнан демеп көтеріп жатқанда бетіне бажырайып тұрып біраз ішек-тарқатып алдым. Орыстың бес-алты боғауызы, жаз бойы ауылдағы нағашыдан үйренген әңгімеңді қосып «Кет әкең-ң-ң, Ақсерегің де өзіңе, Көксерегің де өзіңе…» деп аузыма келгенді оттаппын.

Дұрыс дүние жасамағанымды қызыл-ала қан болып «завүштің» алдында тұрғанда түсіндім. «Қайдан үйрендің? Неге айтасың?» деп бір-екі ұрысып, мұғалімге «Енді бұл ойынды ойнатпаңыз» деді. Мен медпунктке, ол сабағын әрі қарай жалғастыруға кетті. Бір жағынан жалмауыз сөздер­ді «от души» жібергеніме ұялып, бір жағынан әйтеуір сыныптың арманын орындап, «Ақсерек-көксеректен» арылттым. Балалар да, мен де мәзбіз, әйтеуір «жертва» болып, дегенімізге жеттік-ау…

Сөйтіп мәз болып жүргенде мұғалім доппен ойнайтын болдық деп қуантты. Асығып келіп киініп, пүтболға дайындалып келген бізге мұғаліміміз «орта мәшік» (ортаға түспек) ойнаймыз демесі  бар ма? «Бүйткен дене шы­нықтыруыңды…», − деп іштей айттық та амалсыз көндік. Келесі «жертва» кім?..

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: