Сенбі, 22 ақпан, 14:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№14,2127
22.02.2025
PDF мұрағаты

Арал: Жыл және жетістік

21.02.2025

166 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Былтыр Арал ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. 7 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім бар. Кейінгі 3 жылда ауданға 80 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылса, былтырғы көрсеткіш 36,7 млрд теңгені құрады. Екі жыл бұрын аудан бюджеті 10,1 млрд теңге болса, былтырғы бюджет көлемі 21,9 млрд теңгеге жетті.

Бұл ауқымды қаражат аудандағы өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Былтыр атқарылған өзге де ауқымды жұмыстар және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

– Өнеркәсіп орындары 33,9 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 3,8 пайызға жетті. Оның 70 пайызы өңдеу саласына тиесілі болып, 23,4 млрд теңгенің өнімі шығарылды. 2025-2028 жылдар аралығында ауданда құны 182,2 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде биыл 14,7 млрд теңге болатын 9 жоба іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар, биыл жалпы құны 8,2 млрд теңгені құрайтын «Альхена» ЖШС-нің «Қуаттылығы 30Мвт (мегавольт) күн электр станциясын салу» жобасы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Ауыл шаруашылығы саласында 13,9 млрд теңгенің өнімі өңделіп, өсім 100,6 пайызды құраған. Кейінгі 3 жылда жалпы мал басы 20 мыңға көбейген. Егін көлемі 2,2 есеге артып, 1014,7 гектарға жетті. Су үнемдеу технологиялары бойынша 117 гектар жерге егін егілді. Жылдық қуаттылығы 23900 тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты мен 15 балықты сұрыптап қатыру және сақтау цехы жұмыс жасайды. Балықты қолдан өсіретін тоғандар ашу жұмыстары басталған. Қазіргі кезде жоспарланған 10 тоғанның 8-і ашылып, балықшылар ата кәсіпті жаңа қырынан дамытуда.

– Аудан аумағында Кіші Арал теңізі, балық шаруашылығы үшін маңызды 16 көл мен 75 су шаруашылығы нысаны бар. Кейінгі 3 жылда 2,5 млрд теңгеге жуық қаржыға су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 8 канал тазартылып (Дін, Бектау, Қулы, Қайролла, Ақшақыз, Жыланды, Ералы, Нұралы жарма), «Ақлақ» су тоспасы жөндеуден өтті.Көкарал бөгетін нығайту мақсатында Тәуір, Қарашалаң-1, Қарашалаң-2, Тұщы және Сарытерең каналдарына су тоспалары салынып, 8 су ұнғымасы қазылды. Аманөткел ауылдық округіндегі Ескі арнаның, Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі Ералы каналының жырылып кеткен жерлері бөгеліп, қайта қалпына келтірілді.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен мемлекетаралық келісімдердің нәтижесінде кейінгі жылдары теңізге жоғарыдан келетін судың көлемі екі есеге артты. Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға инвесторларды тарту жүйелі жүргізілуде.Еліміз 2024 жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етуде. Өткен жылдың сәуір айында ауданымызға Еуроодаққа мүше 19 мемлекеттің елшісі арнайы іс-сапармен келді. Қонақтар Кіші Арал теңізін көріп, оған климаттық, экологиялық жағынан қарап, құмды алқапқа төзімді өсімдік түрлерін егуді және құм көшкінін тоқтату мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстар мен қажетті қолдау шараларының бағытын айқындады. Ауданда Орта Азияда алғаш болып «Геопарк» ашылды. «Geopark Aral» жобасы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, экологиялық жағдайдың оңалуына, өңірге туристерді тартуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мол мүмкіндік туғызады деп күтілуде, – деді аудан әкімі.

Құрылыс саласында да айтарлықтай өсім бар. Кейінгі үш жылда ауданда 41,1 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 97611 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында кейінгі үш жылда 1,6 млрд теңгеге 80 шақырым ауыз су желілері жаңартылып, Ақбасты, Тоқабай, Абай елді мекеніне ауыз су жеткізуді мерзімінде аяқтауға күш салынуда. Аталған жұмыстардың нәтижесінде ауданды таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 95,9 пайызға жетеді.Газдандыру бойынша кейінгі үш жылда 6,8 млрд теңгеге 228,3 шақырым газ желісі жүргізілген. Қазіргі уақытта аудан халқының 71,2 пайызы газбен қамтылған. Оның ішінде, өткен жылы Арал қаласындағы №4, №5, №6 мөлтек аудандары, Сексеуіл кенті мен Шижаға елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынға қосылды.

– Сыр беткейдегі жұртшылық үшін жағымды жаңалық – құны 5,2 млрд теңгені құрайтын Қамыстыбас елді мекенін газдандырудың автоматты газ тарату стансасының құрылысы басталды. Бұл станса арқылы 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық халыққа кезең-кезеңімен «көгілдір отын» жеткізуге мүмкіндік болады, – деді аудан әкімі.

Халықты баспанамен қамту – мемлекет үшін қашан да басым бағыттардың бірі. Ұлттық жобалар аясында кейінгі үш жылда 3,6 млрд теңгеге 286 пәтер салынып, пайдалануға берілген. Былтырдың өзінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген 2,2 млрд теңгеге салынған 150 пәтерге тұрғындар қоныстанған. Аудан басшысының айтуынша, өткен жылдың тағы бір басты жаңалығы – Арал қаласындағы кәріз желісінің құрылысы. Бұл мәселе осы кезге дейін жергілікті тұрғындар тарапынан үнемі көтеріліп келген. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 12 шақырым болатын кәріз желісіне бірінші кезекте 15 әлеуметтік нысан қосылады. Кәріз құбыры биыл пайдалануға беріледі. Кәріз жүйесін іске қосу арқылы Арал қаласынан заманауи үлгідегі көпқабатты тұрғын үйлерді салуға мүмкіндік туындайды.Өткен жылы аудан орталығында құны 1,7 млрд теңге болатын «Руханият» орталығының құрылысы басталды. Сексеуіл кентіндегі 40 орындық аурухана құрылысы аяқталып, ел игіліне табысталды. «Ұлт саулығын нығайту» жобасы аясында салынған Тоқабай елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория да пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Арал қаласында бой көтерген 300 орындық мектеп жыл басында балалар игіліне табысталды. Биыл Сексеуіл кентіндегі дәл осындай білім ордасы пайдалануға беріледі. Оған қоса, облыс әкімінің қолдауымен, мердігерлердің демеушілігімен Тоқабайда 100 орындық және кәсіпкер тарапынан салынған Ақшатау елді мекеніндегі 60 орындық мектеп пайдалануға берілген.

– Ал, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 783,4 шақырым болса, оның 421,1 шақырымы, яғни 53,8 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Былтыр көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында барлығы 5,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Өздеріңіз білетіндей, аудандағы ірі жобалардың бірі – темір жол үстінен өтетін аспалы көпір құрылысы. Қазіргі таңда құрылыс жұмысының 90 пайызға жуығы аяқталды. Қаланың екі жағындағы жолдың бөліктері толықтай көтеріліп, топырақпен нығайтылды. Жоспар бойынша құны 2 млрд 887 млн теңге болатын ауқымды жоба сәуір-мамыр айларында аяқталмақ. Қазір көпірдің бетін асфальттау және абаттандыру жұмыстары қалып тұр, – деді А. Оңғарбаев.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: