Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Астана тарихы: 24 жыл хронологиясы

06.07.2022

1363 0

Бүгін елорданың құрылғанына 24 жыл толып отыр. Ширек ғасырға жуық уақытта бұл қала тәуелсіздіктің символына айналып үлгерді. Қазіргі таңда елордамыз заманауи мегаполиске, мемлекет пен қоғамның барлық саласына елеулі әсер ететін орталыққа ғана емес, әлемдік деңгейдегі маңызды басқосулардың алаңына айналды. Бейбітшілік қаласы атанған бас қаламыз талай бейбіт келісімдердің бастамашысы болды. Мерекеге орай елорданың дамуына қатысты бірқатар маңызды хронологиялық датаға тоқталуды жөн санап отырмыз. Ширек ғасырға жуық уақытта елордада қандай өзекті мәселелер талқыланып, қандай әлемдік деңгейдегі шаралар ұйымдастырылғаны жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.

Астана тарихы: 24 жыл хронологиясы

Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) халқының саны 290 мыңдай ғана болған екен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының аумағы 722 шаршы километрден асады. Ал халық саны 1 миллион 257 мыңнан астам адамды құрайды.

Астана тарихы: 24 жыл хронологиясы

Бүгінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және ел астанасының қарқынды дамуымен тығыз байланысты. Осы жылдар ішінде елорда негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты дамудың үлгісін көрсетіп келеді.

Астана тарихы: 24 жыл хронологиясы

Осы тұста, еңселі елорданың құрылған сәттен бастап бүгінге дейінгі ең маңызды оқиғаларға толы хронологиялық сәтіне көз жүгіртпекпіз.

1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола қаласы ел астанасы болып жарияланды.

1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» № 3941 Жарлығымен Ақмола Астана қаласы болып қайта аталды.

Астана тарихы: 24 жыл хронологиясы

1998 жылғы 10 маусымда бас қаламызды халықаралық деңгейдегі таныстырылымы ұйымдастырылды.

1999 жылы Астана қаласы ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітішілік қаласы» атағын иеленді. Бұл мәртебе қысқа уақытта әлеуметтік-экономикалық және этникааралық қатынастар саласында маңызды жетістіктерге жеткен қалаларға берілетінін айта кеткен жөн.

2000 жылдан бастап бас қаламыз астаналар мен ірі қалалардың халықаралық қауымдастығына мүшелікке қабылданды. Аталған ұйым аясында елорда әлемнің алдыңғы қатарлы қалаларымен тығыз қарым-қатынас орнатып, екіжақты мәдени-экономикалық байланысты дамытып келеді.

2003 жылы 23-24 қыркүйек күндері астанада Әлемдік дәстүрлі діндер мен дін лидерлерінің бірінші съезі ұйымдастырылды. Бұл кейіннен тұрақты түрде ұйымдастырылатын әлемдегі маңызды басқосулардың біріне айналды. Ислам, христиан, буддизм, синтоизм, иудаизм сияқты ірі дін көшбасшылары мен саясаткерлер елорда төріне келіп, бейбітшілікке шақырып, әлемдік қауымдастыққа үн қатты. Тіпті бұрын-соңды бір-біріне қас жау саналып келген әр түрлі діннің лидерлері бір үстел басына жиналып, өзекті мәселелер бойынша сөйлесті. Бұл да болса Қазақстанның бейбітшілік бастамасын танытып, еліміздің әлемдегі оң имиджін қалыптастыруға ықпал етті.

Астана тарихы: 24 жыл хронологиясы

Бұл шараға әр жылдары Шимон Перес, Махатхир Мохаммед, Жан Кретьен, Әл-Азхар Жоғары имамы Мұхаммад Саид Тантауи, Дүниежүзілік Ислам лигасының бас хатшысы Абдалла ат-Түрки, Дүниежүзілік ислам мәзхабтарын жақындастыру ассамблеясының бас хатшысы Аятолла Шейх Мохсен Араки, католиктер шіркеуінің кардиналдары Йозеф Томко мен Жан-Луи Торан, Константинополь Православ шіркеуінің Патриархы Варфоломей І, Израильдің бас раввиндері Йона Мецгер, Шломо Амар және Ицхак Йосеф, «Джинджя Хонче» Жапон синтоистік храмдары қауымдастығының президенті Цуне­киё Танака, Дүниежүзілік Лютеран федерациясының президенті Муниб Юнан, Дүниежүзілік буддистер қауымдастығының бас хатшысы Фаллоп Тайиари, Индология мен дінаралық диалогты зерттеу институтының төрағасы Сомайя Самир Шантила, ЮНЕСКО-ның Бас директорлары Коичиро Мацуура мен Ирина Бокова, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшылары Марк Перрен де Бришамбо мен Ламберто Заньер сынды саясаткерлер мен дін лидерлері қатысты.

2007 жылдан бастап дәстүрлі түрде Астана экономикалық форумы ұйымдастырылды. Нобель сыйлығының иегерлері, әлемнің ең танымал экономистері мен саясаткерлері елордаға жиналып, экономикада орын алған өзекті проблемаларды, оларды шешудің жолдарын талқылап, маңызды қарарлар қабылдады.

Астана тарихы: 24 жыл хронологиясы

2009 жылы Қазақ елі монументі ашылса, 2010 жылы Хан Шатыр ойын-сауық орталығы ашылды. Жалпы, осы жылдары Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Ұлттық музей, «Атамекен» Қазақстан картасы этномемориалдық кешені, Бәйтерек, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Әзірет Сұлтан мешіті, Ұлттық мұрағат, «Астана арена, «Барыс арена» сынды бірегей туындылар Нұр-Сұлтан қаласының символына айналды. Бұл ғимараттардың көпшілігі шет мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан тартылған инвестицияның әлеуетін пайдалана отырып салынғанын айта кету керек. Бүгінгі мақаламызда олардың әрқайсысының салынған уақыты мен оның ерекшелігі туралы жеке-жеке тоқталмай-ақ қойғанды жөн көрдік.

2011 жылы 1-2 желтоқсанда елордада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) кезекті саммиті өтті. Саммитке Еуропа мемлекеттерінің басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, әлемдік БАҚ ұйымдары т.б. қатысты.

Астана тарихы: 24 жыл хронологиясы

2011 жылы Астана мен Алматы шаһарларында VII қысқы Азия ойындары өткізілді. 17-ден астам елдің спортшылары қатысқан ірі додаға спорттың 11 түрінен сайыс өтіп, 59-дан астам медаль жиынтығы сарапқа салынды. Елордада мәнерлеп сырғанау, хоккей, конькимен жүгіру, шорт-трек сынды спорт түрлерінен сайыстар өтті. Бұл шараға әлемнің көптеген елдерінен спортшылардан бөлек БАҚ өкілдері, жанкүйерлер келгенін айта кеткен жөн.

Астана тарихы: 24 жыл хронологиясы

2012 жылы 22 желтоқсанда Көрмелердің халықаралық бюросына мүше 161 мемлекеттің өкілдерінің дауыс беруімен елорда ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру құқығын жеңіп алды.

Астана тарихы: 24 жыл хронологиясы

Көрме 2017 жылы Астана қаласында өтіп, еліміздің өзге өңірлері мен шетелден келген қонақтардың саны екі миллионнан асты. Оның 15 пайызға жуығы шет мемлекеттерден келді. Шараға 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның өкілдері қатысып, өз павильондарын көпшілікке ұсынған болатын.

2019 жылы Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгертілді.

Одан кейінгі 2020 және 2021 жылдар коронавирус пандемиясымен күрес және вакциналау шараларымен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен, есте қалды.

2022 жылы Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді. Іс-шара 14-15 қыркүйекке жоспарланған. Съезд тақырыбы пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөліне арналады. 2022 жылы елордада өтетін саяси оқиғалардың бірі – ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысы. Іс-шара 14 қазанда өтеді деп жоспарланған.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: