Дүйсенбі, 25 қараша, 06:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

БАҒА БҰҒАУҒА КӨНБЕЙ ТҰР

15.08.2023

288 0

Дәл қазір елдегі ең өзекті мәселенің бірі – қымбатшылық. Айлығы шайлығына жетпейтін халық азық-түліктің өзін банк арқылы алуды әдетке айналдырып барады. Мұны тоқтатпаса енді бір 10-15 жылдан кейін мемлекеттің барлық тұрғыны банкке берешек бола ма деген күдігіміз бар. Үкімет шамасы келгенше бағаны тұрақтандыруға күш салып жатыр. Әсіресе азық-түлік бағасын реттеуге ерекше назар аударған. Тіпті Мемлекет басшысы арнайы пәрмен беріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырды.

Президент пәрмені

Биылғы 23 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринді қабылдаған еді. Мемлекет басшысы министрге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және ауыл шаруашылығын дамыту, қосымша құны жоғары қазақстандық тауарларды экспортқа белсенді түрде шығару жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Президент пәрменінен соң шұғыл шаралар қолға алына бастады. Тіпті азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін субсидияға жаңа норма енгізіледі деп жоспарлануда. Анығын айтқанда, Президент премьер-министрдің орынбасарын қабылған күннің ертеңіне ауыл щаруашылығы министрі ішкі нарықтағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін жүргізілетін бірқатар шара туралы айтты.

Осы жылдың 24 сәуірінде egemen.kz-ке жарияланған ақпаратқа сүйенсек, министр Ербол Қарашөкеев «Айналым схемасын» іске асыру процесіне Азық-түлік корпорациясын сенімгер агент ретінде тарту мәселесі пысықталып жатқанын мәлім еткен. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, деген еді сол кезде ведомство басшысы.

Қосымша ішкі азық-түлік нарығындағы ахуалды тұрақтандыру мақсатында субсидиялау тетігіне жаңа норма енгізіледі, оған сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап пилоттық режимде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын немесе оларды өндіру үшін шикізат өндірумен айналысатын субсидия алушылар нарықтық бағалар бойынша ішкі нарықта өнімді өткізу бойынша қарсы міндеттемелерді өзіне алуға тиіс.

Ербол Қарашөкеев сақтау инфрақұрылымын құру және көкөніс қоймаларының тапшылығын азайту мақсатында 2025 жылға дейінгі көкөніс қоймаларын салу мен жаңғыртудың кешенді жоспарын іске асыру жалғасатынын айтты. Бұл жоспарда жалпы сыйымдылығы 342,6 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдерін сақтайтын 97 жобаны іске асыру көзделген. Бұл бағытта бизнесті ынталандыру мақсатында қолданылатын сақтау технологиясына байланысты осындай объектілерді салу кезінде шығындарды өтеу нормативін 25%-дан 40-50%-ға дейін жеткізу үшін инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында бірқатар шаралар атқарылып келеді. Мамырдың соңында үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен кеңес өтіп, елдегі әлеуметтік өнімдердің бір аптадағы баға жағдайы қаралды. Ал маусым айының басында Үкіметтің цифрлық кеңсесінде Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен республикалық штаб отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелері талқыланды.

Статистика не дейді?

Қарап отырсақ, үкімет баға мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Бір анығы, көтерілген баға арзандамады. Сөзіміз дәйекті шығуы үшін нақті деректерге жүгінейік.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кейінгі бір жылдың өзінде азық-түлік бағасы 13,5 пайызға қымбаттаған. Күріш 44,3%-ға,  қырыққабат 27,5%-ға, ет 11%-ға қымбаттаған. Үкімет қанша жерден тиісті жұмыстарды атқарса да баға бұғауға көнбей тұр. Журналист Гүлбаршын Айтжанбайқызының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Азық-түлік бағасы дес бермей тұр» атты мақаласында кейінгі төрт жылда сәбіз, қызылша және ұн 3 еседен аса, ет орташа есеппен 2 есе қымбаттағаны жайлы дерек келтіріледі.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев журналистермен кездескенде маусымдық бағаның өсуін тежеу үшін нарыққа 118,6 мың тонна көлемінде көкөніс (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) шығарылғанын мәлім еткен. Несін жасырамыз, біз азық-түліктің өзін көрші елдерден сатып аламыз. Жемістің жекелеген түрлері – шабдалы, жүзімнің 50%-ы сырттан келеді. Май, күнбағыс, сүт өнім­дерінде де тапшылық бар. Шұжық өнімдерінің жергілікті өндірісінің үлесі – 56,4%, құс еті 67,4%-ды құрайды. Басты себеп – шикізат аз, полимер қаптамалары тапшы.

«Energyprom» агенттігі көкөніс сегментіндегі тапшылық 20%-ға жетіп қалғанын айтуда. Қаржы сарапшысы Бейсенбек Зиябеков «Егемен Қазақстанға» берген пікірінде үкіметтік стратегиялық құжаттарда инфляцияның себеп-салдары ашық талданбайтынын айтқан. Экономист бағаны реттемей, халықтың табыс деңгейін көтеруге мүмкіндік беру керек деген пікірді алға тартады. Себебі азық-түлік инфляциясы – біздің елде ғана емес, дүниежүзіндегі проблема.

Азық-түлікке қойма, қоймаға қарауыл қажет

Журналист Қарлығаш Зарыққанқызының «Жас алаш» газетінде жарық көрген «Қоймасы тозған Қазақстан. Мәминнен Смайыловқа дейін» атты мақаласында да біз көтерген мәселе сөз болады. Журналист: «Премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметте «Азық-түлік корпорациясы» жұмысын қайта құру керек деп қалды. Премьердің есебіне жүгінсек, қазір елде жалпы сыйымдылығы 2 млн тоннаға жуық көкөніс пен жеміс сақтайтын 1200-ден астам нысан бар», – деген дерек келтіреді. Сол тұста үкімет басшысы: «Әйтсе де бұл – жеткіліксіз. Олардың көбі әбден ескірген, тозған. Жаңа көкөніс қоймалары қажет. Фермерлер бірыңғай мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесіне шағым айтуда», – деді.

Экономика ғылымының докторы, профессор Ғалижан Мәдиев «Жас алашқа» берген пікірінде қоймалардың жетіспеушілігінен өндірген өнімнің 40-45 пайызы тұтынушыға жетпей, шіріп қалатынын айтады. Ол үкіметтегі әрбір бастамада ғылыми негіз болмағаннан кейін мәселелер уақытысында толыққанды шешілмейтінін де жеткізді.

– Тұрақтандыру қорлары, азық-түлік қоймалары салынсын-ақ делік, бірақ бұл арада бізде мемлекеттік бақылау мен реттеу жолға қойылмағанын ескеру керек. Технологиялық қуатымызды арттырып, дамитын уақыт әлдеқашан болды. Бірақ біз белгілі бір жобалар мен бағдарламалардың ізінен әлі еріп келеміз. Технологиялық даму да жоқ, бәсекелестік те жоқ, – дейді ғалым.

Азық-түлік қорын қалыптастыру үшін қойманың қажеті анық. Алайда оның жұмысы қалай болады? Бір ғана Қызылорданың өзінде шіріген картоптың тонналап қоқысқа тасталғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Демек, азық-түлікке қойма, ал қоймаға ҚАРАУЫЛ керек. Қарауыл сөзіне ерекше ден қойып, барлық әрпін бас әріппен жазудағы себебіміз – қоймаға ие болатын, әрбір көкөніс пен бақша дақылын шірітпей сақтай алатын, халыққа сапалы дүние ұсынатын маман дегеніміз.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: