Сәрсенбі, 24 сәуiр, 20:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Елден сұрақ, әкімнен жауап

19.02.2022

2385 0

Халық үніне құлақ асу – әкімнің міндеті. Ауылдың жайын бес саусағындай білуі тиіс әкім көп көкейіндегі мәселені біле ме екен? «Халық үні» айдары арқылы біз бұқараның базынасын билікке жеткізуді мақсат еттік. Бұл жолы қалаға қарасты Белкөл кенті әкімі Ардақ Ибраимовқа тұрғындардың сауалын қойдық.

Белкөлдегі теміржолдан өтуге арналған көпір салу мәселесі қашан шешіледі?

Кенттегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу мәселесі толығымен шешілді деуге болады. Бұл жұмыстарға облыстық және қалалық бюджеттен қаражат бөлініп, мердігер мекеме анықталды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталуда. Нысан қазан айында толығымен аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

NEET санатындағы жастардың саны қанша? Бұл санаттағы жастарды қоғамға араластыру, жұмыспен қамту, білім беру бойынша жүйелі жоспар бар ма?

Белкөлде NEET санатындағы жастар жоқтың қасы. Кентімізде 2021 жыл бойынша 710 жас тіркелді. Белкөл кенті мен Бірқазан елді мекені бойынша 222-сі студент. Мүгедек жастар саны – 5, олардың 3-і жұмысқа жарамсыз. Кенттің жұмыссыз жастары арасынан қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 2 адам ақылы қоғамдық жұмысқа қабылданса, «Жастар тәжірибесі» бойынша 8 жас маман тәжірибеден өтуде.

Бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде түрлі мемлекеттік бағдарлама арқылы 33 жас несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Сондай-ақ 5 жұмыссыз жас мемлекет тарапынан кәсіпкерлік мақсатында қайтарымсыз грантқа ие болды. Жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында және бұқаралық спортты дамыту бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің және мектеп ауласында 3 спорт алаңы бар. Сондай-ақ Әбдіқадыров көшесінен 2019 жылы жаттығу құрылғылары бар ойын алаңы салынса, 2020 жылы Бірқазан елді мекеніне спорт алаңы салынды. 2021 жылы кентіміздің орталығынан да спорттық жаттығу алаңы пайдалануға берілді. Спорттық үйірмелерге келсек, 2019 жылы жеке кәсіпкер «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие алып, спорт кешенін салды. Қазіргі таңда спорттың 8 түрінен 250-ге жуық бала спортпен шұғылданады.

Сарыарқа көшесі жаңбыр жауса батпақ, жазда шаңнан көз ашпаймыз. Асфальт қашан төселеді?

Сарыарқа көшесіне орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті мекемелерге бюджеттік өтінім тапсырылды. Енді жобаның қаржыландырылуы күтілуде.

Ертеректе кент ішіне іргедегі каналдан аяқ су тартқан болатын. Сол жұмысты қайта жандандырса, кент ішіндегі басты көше бойына тал егуге болады.

Қалаға қарасты кент пен ауылдық округтерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында дренаждық ұңғыма орнату жұмыстары жоспарлануда. Бұл мақсатта ұңғыма қазу жұмыстарына Белкөл кентінен 2 орын белгіленіп, тиісті ұсыныстар берілді.

Өткен жылы жаңа жол сызбасы арқылы кенттің арғы бетінен №3 маршрут үш-төрт күн қалаға қатынап, қайта тоқтап қалды. Осы ретте, жаңа жол сызбасына ұсыныс беріп, жаңадан қосылатын

бағытты арғы бетте емес, халық көп шоғырланған кент ішінен қалаға қатынаса дейміз. Бұл кәсіпкерлерге де, халыққа да тиімді болар еді.

Халық көп шоғырланған кент ішінен қалаға №16 бағыттағы орта сыйымдылықтағы қоғамдық көлік ұдайы қатынауда, ал темір жолдың арғы бетінен биылдан бастап №3 бағыттағы үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық көлік қызметін бастады.

Учаскелік полиция қызметкері түнгі 23:00-ден кейін дүкендердің спирттік өнімді сатпауын жіті қадағаласа деймін.

23:00-ден кейін дүкендердің спирттік өнімді сатпауын қадағалау мақсатында учаскелік полиция инспекторлары рейд жүргізіп, ескертпе парақтары берілді. Сату фактілері орын алған жағдайда әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шара көріледі.

Көпқабатты үйлердің алдындағы жолға асфальт төселгеніне көп жыл болмаса да тозығы жетіп, шұқырлар көбейген. Қайта асфальттау жұмысы қашан жүргізіледі?

Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлердің кәріз су желісін қайта жаңғырту жұмыстары жоспарлануда. Соған сәйкес, қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін, тұрғын үйлердің алдына абаттандыру жұмыстарына жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінім тапсырылды.

Ауыл әкімі елмен етене жұмыс істеу керек. Әкімнің халықпен жұмыс істегенін көрген емеспін. Көпқабатты үйлердің ауласын аралап, тұрғындармен тілдесіп көрді ме екен?

Кенттің инфрақұрылымын жақсарту және коммуналдық мәселелер бойынша ұдайы кент тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылуда. Сондай-ақ азаматтарды түрлі мәселе бойынша аптасына екі рет жеке қабылдау жүргізіледі.

Көпқабатты үйлерде, әсіресе, 12-ші үйде жаңбыр жауса төбеден су ағады 5-ші, 4-ші қабатқа дейін жетеді. Пәтерімізге жасалған жөндеу жұмыстары зая кетуде.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 32-бабының 1 тармағында көрсетілгендей, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуді қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.

Дегенмен 2017 жылы жеке кәсіпкердің демеушілігімен №1 көпқабатты тұрғын үйінің шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Сондай-ақ №11 және №12 тұрғын үйлерді модернизациядан өткізуге сметалық құжаттар әзірленді. Алайда тұрғындар тарапынан қолдау болмады.

Белкөлдегі көпқабатты үйлердің жылуы нашар. Қордаланған мәселе өте көп. Ай сайын үйді күтіп-ұстауға ақша төленіп отыр. Ешқандай өзгеріс көрмедік. КСК қандай жұмыс атқарады? Подъезде терезе де жоқ. 40 жылғы тақтайлармен тұр. Есік қысы-жазы ашық тұрады. Жертөле тазаланбайды, қараусыз қалған.

2020 жылы ұзындығы 1037 метрді құрайтын кварталларалық жылу жүйелері жаңадан ауыстырылған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 32- бабының 1 тармағында көрсетілгендей пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуді қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға міндетті делінген.

Жаңа мәдениет үйі салынады деп айтылып еді. Бұл шаруа аяқсыз қалды ма?

2020 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Ағымдағы жылдың ақпан айында мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шығады деп жоспарлануда. Соған сәйкес бюджеттік өтінім тапсырылып, қаражат қарастырылады.

Талғат Әбуов көшесіне жарық орнатылса?

Т.Әбуов көшесі 2020 жылы асфальтталған болатын. Ендігі кезекте жарықтандыру жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім тапсырылды. Жыл көлемінде тиісті қаражатты бөлуге немесе жергілікті бюджет есебінен үнемделген қаражатқа жарықтандыру жұмыстарын жүргізуге тиісті жұмыстар атқарылатын болады.

P.S. Өз ауылыңыздың әкіміне қояр сауалыңыз болса «Ақмешіт апталығы» газеті редакциясына хабарласыңыз.

Телефон: 8 (7242) 40 11 10. E-mail: akmeshit.kz@mail.ru

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: