Жексенбі, 22 желтоқсан, 22:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бала тәрбиесіндегі ұстаным қалай?

08.11.2022

2123 0

Отбасы құндылығын берік ұстанған халқымыз бала тәрбиесіне де әу бастан мән бергені белгілі.

«Тәрбие тал бесіктен» деген жұртымыз ұлының намысты, қызының әдепті болып өсуін үнемі назарда ұстаған.

Иә, бала тәрбиесі жауап­керші­лікті қажет ететін дүние. Жас өскінді қисайтып ал­май, түзу жол көрсету ата-ана­ның міндеті. Де­генмен бала естігеннен гөрі көр­генін қабылдайды. Сол себепті олар­ға үлгі көрсету арқылы тәрбие берудің дұрыстығын пси­холог­тар жиі айтады.

Жалпы не нәрсенің де за­манына сай өзгеріске ұшырай­тыны анық. Ықылым заманнан қалыптасқан қазақы тәрбие бү­гінде басқаша көрініс табуда. Батыстың әдебі мен тіршілік тағылымы қазір санамызға сіңіп келеді. Уақыт өте бұл қалыпты үрдіске де айналуы да ғажап емес. Бүгінде ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болған қазақы тәрбиенің де ауылы алыстап барады десек, артық болмас.

«Біздің кезімізде мұндай болатын, қазір заман өзгерді», «қазіргі балалар басқаша»  деген сөзді қазір жиі естиміз. Мұның астарында өткен мен бүгіннің айырмашылығы, заманға сай қалыптасу, соған сәйкес көзқарастың өзгеруі, бейім­делу жатыр. Расымен, бүгінгі күннің балалары басқаша. Олар өз қажеттілігін білетін, талап ете алатын, ашық, батыл. Үлкеннен имену, қысылу оларға тән емес. Не болса да көкейдегісін нақты айта алады. Әрине, бәрін бірдей деуге келмес, бірақ басым бөлігінде бар қасиет осы. Бұл – отбасындағы еркіндік, баланың бетін қақпай, ойын ашық айтуға мүмкіндік бергеннің көрінісі. Ал мұны бірі дұрыс көрсе, бірі бұрыс санайды.

Тәрбие басы – отбасы

Бала тәрбиені алдымен ата-анадан қабылдайды. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бабалар бекер айтпаған. Бүлдіршін былдырлап сөйлеп, тәй-тәй қадам басқан сәтінен-ақ ата-ана оның ақылды, тілалғыш, алғыр болып өсуіне ден қоя бастаған. Оның одан кейінгі іс-әрекеті отбасындағы қарым-қатынас арқылы беріледі. Расымен, қайсыбір сәби болсын ата-ананың іс-әрекетін, сөйлеу мәнерін өзіне үлгі тұтады. Тәрбие басы осылай бастау алады.

Балаға еркіндік бер

Қазіргі кезде психологтар балаға тұлға ретінде қарау керектігін айтады. Оның ойын, пікірін ескеру, онымен ақылдасу, кеңес сұрау тәрізді әдетті қалыптастыруды жөн санайды. Сондай-ақ оған жекімеу, намысына тиетін сөз айтпау қажет. Есесіне ересек адам ретінде қабылдап, оңаша сөйлескен дұрыс. Мұндай қарым-қатынас баланың өзіне деген сенімділігін арттырып, тұлға ретінде дамуына септігін тигізеді екен. 

Ал керісінше өктем сөйлеп, тек тыйым көріп өскен бүлдіршін көнбіс, ынжық болып қалыптасады-мыс. Сондай-ақ отбасындағы ұрыс-керіс те оған теріс әсер беріп, қатыгездікті оятады екен. Сондықтан баласы бар әрбір ата-ана алдымен өзін-өзі тәрбиелеуі арқылы балаға үлгі көрсетуі қажет дегенді алға тартады.

Қабақтан сескенетін бала қайда бар?

Жасыратыны жоқ, әке-шешенің қабағынан бәрін ұғып, сезіп білетін бала бұл күнде жоқтың қасы. Ескінің әдісіне айналған қабақпен қорқыту қазіргі жас өркендерге әсер етпейді. Мұны сәби кезінен тым еркелету, ата-әженің өбектеуі, бетін қақпай өсірудің салдары деуге болатын шығар. Әбден қалағанына қол жеткізіп үйренген, айтқаны болмаса шалқасынан түсіп жер тепкілеп жылайтын балаларды көз көріп жүр. «Ес білгесін өзі қояды» деп бұған бас қатыра да қоймаймыз. Мұндайда ең дұрысы баланы алдап, көңілін басқаға бөлу арқылы ашуын қайтару. Бірақ бала жылаған сайын өбектеп, алдаусыратуға көп ата-ананың жүйкесі шыдай қоймайтынын ұмытпаған жөн.

Ақша адамдықтан алшақтатады

Адамның бір қызығы бала екені рас. Ең тәттіні балам жесін, ең жақсыны балам көрсін дейміз. Қолдан келсе ешкімнен кем қылмай, қалағанын орындауға тырысамыз. «Осылар үшін жүрміз ғой» деп бар тапқан-таянғанымызды балаға арнайтынымыз бар.

Бала тәрбиесіндегі тағы бір маңызды нәрсе – оны ақшаға қызықтырмау. Ақшаның қандай маңызы барын балалар жақсы біледі. Қазіргі жас отбасына тән қасиет баласына өзі көрген қиындықты, жоқшылықты көрсеткісі келмейді. Сол үшін қолынан келгенше қалаған ойыншығын, не қажетін алып береді. Бала психологиясын зерттеушілер мұны осалдыққа жат­қызады. Себебі балаға қалаған дүниесін еш қиын­дықсыз алып беру оны еріншектікке, ештеңенің қадірін ұқпас жаман әдетке баулиды екен. Мұның соңы бала санасында ақшамен бәрін алуға болады деген секілді ой қалыптастырып, құнсыздыққа әкеледі-мыс.

         Мәселен, еврей халқының бала тәрбиесіндегі ұстанымы­ның бірі – оның көзінше ақша туралы сөз қоз­ғамау. Бұл бала танымына ақша ұғымын сіңдіріп, адамдық қасиеттерден алшақтатады деп сенеді.

Ақшаға құнығудың соңы жақсылықпен бітпейтіні қашан­да белгілі. Сондықтан балаға алды­мен оның қандай еңбекпен келетінін ұғындырған жөн.

Бала ата-анаға міндетті емес

Бүгінгідей ақпараттың лезде тарап, әлеуметтік желінің дәуірі туған заманда зиянды, зиянсыз дүние­ні ажырату қиын-ақ. Қазір өзін пси­хологпын дегендер бала ата-анаға міндетті емес деген түсінік қалыптас­тырып жүр. Оң-солын әлі тани қой­маған жеткіншектердің санасы осы­лай уланып жатса, салдары қандай бо­лары белгісіз. Сонымен бірге балаға ұрыспай, ұрмай тәрбие беруді де жиі айтады. Дұрыс-ақ делік. Бірақ бетін қақпаған баланың бетімен кететінін де ұмытпаған жөн сияқты. Әкеден сес­кенбейтін ұл, шешеден қысылмайтын қыздан болашақ қандай тұлға күтуге болатынын бағамдай беріңіз. Осы ретте буыны қатаймаған баласы бар әрбір отбасы ұрпағының кім­ді тыңдап, құрмет тұтатынын, кімге елік­тейтінін осы бас­тан бақылауда ұстағаны абзал.

Ұлттық тәрбие – басты құндылық

Қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезов тәрбие туралы «Ұлт боламын десең бесі­гіңді түзе» деп тобықтай түйін түйген. Расы­мен, әр ұлттың бала тәрбиесі – елінің болашағы.

Тәрбие ісінде халқымыздың дара ұста­ны­­мы бар. Ата-бабамыз бала дүние есігін ашқан сәттен бастап тәрбиеге мән берген. Оның алғашқысы бесіктегі балаға ананың әлди, түрлі жыр-дастан, тәрбиелік мән бар әңгіме, діни өлеңдер айтуы. Ұйықтар алдын­дағы әженің ертегісі, салт-дәстүр, әдет-ғұрып арқылы ұлықты ұл, қылықты қыз өсіру ұлты­мызға тән қасиеттер. Баланы бес жасқа дейін хандай күтіп, он үшке дейін тірлікке үйретіп, одан әрі сырласындай қабылдауды жұртымыз өсиет еткен. «Он үште отау иесі» деп балаға жауапкершілік жүктей алған.

– Бала тәрбиесі бүтін бір халықтың болашағы деуге болады. Еліңнің болашағы жарқын, ұр­пағын саналы болсын десең бұған атүсті қа­рауға болмайды. Қайсыбір ата-ана болмасын бала­сының жаман болғанын қаламайды. Шама-шарқы жеткенше жақсы тәрбие беруге тырысады. Қазір балаларға қатты сөйлеуге болмайды, психи­ка­сы бұзылады деп жатады. Балаға жәбір көр­сетіп тәрбиелеу бізге жат дүние. Дегенмен артық кеткен жерінде «тәйт» демесең болмайды. Баламен өз деңгейінде тілдесу, бала сияқты қарым-қатынас жасау арқылы түсінігін молайту, мейі­рімге баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптей оты­рып тәр­бие беру халқымызда бар дүние. Кейін небір қиын­дықты бастан өткердік. Сана уланды. Жұрты­мыз­ға жат нәрсе үйреншікті әдетке айнала бастады. Ұлт­тық тәрбиеміздің түпқазығы осылай өзгеріске ұшы­рағанын жасыра алмаймыз. Бірақ қазір сол ұлт­тық құндылығымыз қайта жанданып жатыр. Осыған қуануымыз керек. Бала тәрбиесі ықылым заманнан әженің, ананың міндеті болған. Отбасында әркім өз мін­детін лайықты орындай алса, оны көрген ұрпағы да лайықты азамат болады деп ойлаймын, – дейді көпті көрген әз-ана Үміткүл Сыздықбаева.

P.S. Қай ата-ана болсын өзінің отбасынан алған тәлімін, өмірден түйгенін ұрпағына дәріптейді. Алайда тәрбиенің төресі ұрпағыңды рухани толыстырып, ұлттық құндылықты бойына сіңдіре білу сияқты. Ал сіз қалай ойлайсыз?

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: