Жексенбі, 08 желтоқсан, 08:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Үй бағасы неге қымбаттады?

15.03.2022

1417 0

Шығыс Еуропа орталығындағы қақтығыс Қазақстандағы тұрғын үй нарығына да салқынын тигізбей қалмады. Жергілікті құрылыс компаниялары тұрғын үй бағасын теңгемен қымбаттатуға, банктер ипотекалық ставкаларды көтеруге мәжбүр. Бұл қазақстандықтардың бір баспанаға қол жеткізсем деген арманына кедергі болмас па екен деген сұрақ та жоқ емес.

Елдегі тұрғын үй нарығы осымен үшінші жыл «қалтырап» тұр. 2020 жылы коронавирустың әсері, 2021 жылы зейнетақы жинағындағы шекті мөлшерден артығын баспана алуға пайдалану тұрғын үй бағасының шарықтауына әсер етті. Ал биыл да бұл сала мазасыз күй кешуде. Доллар бағамының өсуі, құрылыс материалдарының негізгі импорттаушысы Ресейге салынған санкциялар, Ұлттық банктің ставканы көтеруі секілді мәселелер үй алушылар үшін де, құрылыс салушыларға да оңай болып тұрған жоқ.

Қазір тұрғын үй нарығы аялдамада тұрғандай әсерде. Үй сатушы да, үй алушы да, құрылыс салушылар да «әліптің артын бағайық» дегендей.

«Қазақстан риелторларының біріккен қауымдастығы» президенті Лариса Степаненконың пікірінше, сатушылар әзірге үй сатуға асықпайды. Үй алушылар да. Сатушы да, алушы да әрі қарай не болар екен деп күтуде.

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, 2021 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда тұрғын үйге деген сұраныс бірден төмендеп кеткен. Халық әзірге үйдің бағасы түсер ме екен деп күтіп отыр.

«Кrisha.kz» сайтының 25 ақпандағы дерегі бойынша, Қазақстандағы үш қаржы институты – «Банк Центр Кредит», «Altyn Bank» және «Сбербанк» несие ставкасын қайта қарау мақсатында ипотекалық несие беруді уақытша тоқтатқан. Ал 2 наурыз күні үш банк те ипотекалық несиенің жаңа ставкасын белгіледі. «Банк Центр Кредит» ипотекалық несие ставкасын 2 процентке қымбаттатса, «Altyn Bank» ипотекалық несие ставкасының көтерілгенін хабарлады. Ал «Сбербанк» базалық ставканың мөлшеріне қарай несиелер ставкасын өзгерткенін мәлімдеген.

Тұрғын үй нарығындағы мұндай жағдай құрылыс салушылардың да қолын байлады десек артық айтқандық емес. Сарапшылардың пікірінше, құрылыс салушылар тұрғын үй нарығындағы жағдайдың тұрақсыздығын ескеріп, әзірге құрылыс бастауға тәуекел ете алмай отыр. Доллар бағасының күн сайын құбылуына орай құрылыс материалдарының бағасы қымбаттай түсуде. Демек енді үй бағасы да қолжетімді болмайтыны белгілі.

Тәуелсіз сарапшы Жеңіс Шапкеновтің пікірінше, бағаға әсер ететін тағы бір фактор – инфляция. Құрылыс заттарының қымбаттауынан тұрғын үй бағасы да қымбаттайды. Оған жалақы өсуінің де әсері бар. Срапшының болжамынша, тұрғын үй бағасы 5-8 процентке қымбаттайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, ақпан айында тұрғын үйдің бір шаршы метрі 0,4 процентке қымбаттаған. Жайлы тұрғын үйлердің 1 шаршы метр бағасы 5,5 процентке өссе, жалға берілетін пәтердің бір шаршы метр құны 0,6 процентке өскен. Бір жыл ішінде пәтерлердің қайта сату бағасы 24,5 процентке қымбаттаса, жаңа үйлер 14,6 процентке, жайлы тұрғын үйдің арендалық ақысы 19,1 процентке қымбаттаған. Әрине, бұл статистика ақпан айындағы жағдайды сипаттайды. Мұнан кейін де тұр-ғын үй бағасы әлі талай құбылатыны белгілі.

Осы орайда белгілі экономист Мақсат Халықтың пікірін білген едік.

– Қазір тұрғын үй бағасының 5,5 процентке қымбаттағанын байқап отырмыз. Тіпті одан да өсуі мүмкін деген болжам да бар. Негізгі фактор – доллардың қымбаттап, теңгенің әлсірегені. Көптеген құрылыс материалын шетелден тасимыз, импорттық тәуелділік бар. Елде құрылыс материалдарын өндіру қай кезде де өзекті болып тұр. Алдағы уақытта құрылыс саласын дамытуға елде көбірек қаражат бөлгені дұрыс. Бірақ барлық құрылысқа қажетті материалдарды өзімізде шығарып, өз-өзімізді қамтамасыз ету керек деп ойлаймын. Сол кезде ғана тұрғын үй бағасы қатты шарықтамайды. Әйтпесе, қымбатшылық бола береді. Жылжымайтын мүлік бағасы ғана емес, көлік бағасы да, тұрмыстық техника да, тұрмыстық химия және гигиеналық заттар да қымбаттап жатыр. Себебі көп зат Ресейден келеді. Қазір Ресейге санкция салынғандықтан, бұл тауарлар Ресейге де келмейді. Енді бізге тікелей тасымалдау жүйесін жолға қою керек. Ол үшін біраз уақыт керек.

P.S. Теңгенің әлсіреуі тек тұрғын үй нарығына ғана емес, экономиканың барлық саласына әсерін тигізуде.

Г.ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: