Бейсенбі, 26 желтоқсан, 20:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Банкрот болу несиені кешіру емес

31.01.2023

1205 0

Сурет ашық дереккөзден

Көктемді асыға күтіп жүрміз… Расында, биылғы көктемді асыға күтіп жүргендер аз емес. Несиеден-несиеге өмір сүріп, табысы түгелімен несие төлеуге кететін жандарға көктем жақсы жаңалықтың хабаршысындай үлкен үмітпен жетпек.

Бүгінде «осы қарызымнан құтылсам, енді несие алмаспын» деп жаңа заңның жүзеге асуын асыға күткендер аз емес. Анығын айтқанда, банкроттық туралы заңды несиені кешіру деп қате түсініп жүргендер баршылық. Шын мәнінде, бұл заң жүзеге аса бастағанда несиені кешірмейтінін әрбір адам түсіну керек.

Жылдар бойы айтылып, әбден талқы­ланып, нәтижесінде «Қазақстан Респуб­ликасы азаматтарының төлем қабілеттігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылданды. Наурыз айының алғашқы күнінен жүзеге аса бастайтын заңның мақсаты –  халықтың шектен тыс несие алуын азайту.

Халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалған заңда банкрот болудың үш түрлі тәсілі енгізілген. Яғни соттан тыс, сот арқылы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Тағы бір айта кетерлігі, банкрот болу – банкке қарызы бар әрбір адамның өз бастамасымен ғана жүзеге асады. Бұған банктер немесе қаржылық ұйымдар араласа алмайды. Бір сөзбен айтқанда, өз жағдайыңыз өзіңізге мәлім болғандықтан, шешім қабылдайтын да өзіңіз екенін еске саламыз. Ең бастысы, бұл несиеңізді түгел кешіріп береді деген ұғымнан аулақ болғаныңыз жөн. Демек табысыңыз да, қарызыңыз да өз жауапкершілігіңізде.

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов банкроттық деген қарызды төлемеу емес екенін атап айтты.

– Биыл наурызда азаматтардың төлем қабілеттігін қалпына келтіру және банкроттық туралы заң қолданыс­қа енеді. Бұл құжат кредитін төлей алмай, қиындыққа тап болған жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Заңда рәсімдердің үш түрі қарастырылған, яғни соттан тыс банкроттық, сот арқылы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Мұндай рәсімдерге қарыз алушының өзі ғана бастамашы бола алады. Азаматтарды міндетті түрде қаржылық сауаттылықты арттыру курсынан өтуі көзделіп отыр. Заң күшіне енгеннен кейін азаматтардың жауапкершілігі артатын болады. Алдағы уақытта жылдам қарыз алу үшін кредиттік тарихының дұрыс болуына азаматтардың өздері мүдделі болуы тиіс. Банкрот деп мойындау қарыздарды төлемей кету емес, тек шарасыз жағдайдағы көмек екенін әркім білуі керек, – деді Үкімет басшысы.

Сонымен банкроттық қалай жүзеге асады? Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова шектен тыс қарыз қамытын мойнына іліп алғандарды санмен сөйлетті. Оның айтуынша, 2022 жылғы 11 айда банктердің жеке тұлғаларға несиесі 29,4 пайызға, яғни13,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Оның ішінде тұтынушылық несие көлемі 24,1 яғни пайызға, 7,6 трлн теңгеге дейін өсіп, қарыз алу­шылардың жалпы саны 6 млн 868  адамды құрады. 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің үлесі 5,6 пайызды немесе 461 млрд теңгені құрады. 90 күннен астам мерзімі өткен қарыз алушылар саны жыл басынан бері 121 мың адамға ұлғайып, 536 мың адамды құрады. 2022 жылғы 11 айда шағын несиелердің көлемі 42,7 пайызға, яғни 979 млрд теңгеге дейін өсіп, қарыз алушылардың жалпы саны 1 млн 528 адамды құрады. 90 күннен астам мерзімі өткен шағын несиелердің үлесі 8 пайыз немесе 76 млрд теңге. 90 күннен астам мерзімі өткен қарыз алушылар саны жыл басынан бері 115 мың адамға төмендеп, 257 мың адамды құраған. Алдағы уақытта тұтынушылық несиені беру қатаңдай түсетін сияқты.

– Халықтың шамадан тыс несие алуын азайту үшін тұтынушылық несие беруді реттеуді қатаңдату жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда, – дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы.

 Белгілі экономист мамандар банкрот болудың өз талабы бар екенін алға тартады. Экономист Мақсат Халық­тың айтуынша, банкрот деп жариялау үшін азаматтар сол талапқа сай болуы керек.

– Заң бойынша азаматтар кемінде 1 жыл бойы несиесін төлемеген болса, өздерін банкрот деп жариялауға құқы бар. Бірақ банкрот болу үшін оның табысы өте төмен, яғни жан басына шаққанда күнкөріс шегінен төмен болуға тиіс. Қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 мың, сонда бір отбасында 5 адам бар десек, ол отбасының кірісі 200 мыңнан төмен болуы шарт. Сондай-ақ атында мүлкі болмауы керек. Көлігі, жер учаскесі болса, бәрі қаралады. Соңғы үш жылда мүлкін біреуге сыйға тарту секілді мәліметтер болса, онда ол азаматтарды банкрот деп танымайды, – дейді ол.

Сондай-ақ банкроттықтың 3 түрлі рәсімінің өзіндік талабы бар. Экономист маман оны былай түсіндірді:

– Заң бойынша банкроттық үш кезеңде жүреді. Біріншісі  сотқа дейінгі кезең. Ол 5 млн 520 мың теңгеге дейінгі қаражат. Қазір халықтың басым бөлігі сотқа дейінгі процеске түсіп тұр. Мұны ұйымдастыру жұмысына қаржы министрлігі жауапты. Министрлік қарамағында қаржылық басқарушы деген мамандарды қоюға әзір­ленуде. Олар азаматтардың банкрот деп жариялау процесін толық қадағалап, көмектеседі деп отыр. Бірақ сол мамандар дайын ба? Ертең 1 наурыздан бастап заң күшіне енгенде көп азамат банкроттыққа өтініш беруі мүмкін. Сол азаматтардың барлығымен жұмыс істеуге және барынша көмектесуге мамандар қаншалықты дайын болады? Саны жеткілікті ме? Осының бәрі үлкен сұрақ күйінде қалып отыр. Сондай-ақ азаматтарымызды жүгіртпейміз, арнайы онлайн платформада жүзеге асады деп айтып отыр. Оның өзі қаншалықты жүзеге асады? Платформаны жасау процесі енді қолға алынып отыр. Қаншалықты үлгереді және бір мезетте халық банкрот­тыққа өтініш берсе, мұндай жүктемені платформа көтере ала ма? Міне, осындай сұрақтар аз емес.

 Екінші рәсім сот арқылы банкрот болу. Бұл 5 млн 520 мыңның үстінде берешегі асып кеткендерге арналған. Әрине, сот арқылы банкрот болу процесі қиындау. Өйткені тез арада жүзеге аспайды, 6 айға дейін созылуы мүмкін. Өйткені сот процесінде азаматтың жеке мүлкінің бар-жоғы тексеріледі, өзін банкрот деп жариялағаннан кейін де ол азаматтың кіріс-шығыстары үш жыл бойы бақылауда болады. Егер де аяқастынан табысы көбейіп, материалдық жағдайы жақсарып жатса, банкроттық мәсе­лесі сұрақтың астында қалатыны сөзсіз. Яғни ол ақша қайдан шықты деген сұрақ тууы мүмкін. Тағы да бір маңызды мәселе – сот процесінде жеке үйі, жалғыз баспанасы сақтала ма деген сұрақ бар. Егер азаматтың жалғыз баспанасы кепіл мүлкі ретінде қойылмаса, онда сақталады. Ал егер кепіл мүлкі ретінде қойылған болса, онда жалғыз баспанасы сатылатыны заңда көрсетілген. Егер сатылған баспанасының құны қарыз көлемінен артық болса, тиісті қарызы төленіп, қалған ақшасы қайтарып беріледі.

 Үшінші рәсім – төлем қабілетін жақсарту. Меніңше, бұл – дұрыс шешім. Өйткені төлем қабілетін жақсартуға бағытталып, банкрот деп танымайды. Яғни ол азаматпен банкпен бірге жаңадан кесте жасалып, үстіндегі үстем­ақылары кешіріліп, шоттары бұғатталмайды және банкрот деп танымайды, бірақ сауықтыру жағдайын ретке келтіру, төлем қабілетін қалыпқа келтіру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар қаржылық сауат­тылық курсын оқыту міндеттелуде. Бұл да әлде де пысықталу керек деп ойлаймын. Оны кім жүргізеді, қандай оқытушылар, тренерлер болады, ақысы қайдан төленеді, ол курс онлайн бола ма, қандай платформада ұйымдастырылады, осы мәселенің барлығы сұрақ күйінде қалып отыр, – дейді Мақсат Халық.

Жалпы, банкрот болу тиімді ме? Бұл көп көкейіндегі сұрақ екені даусыз. Көпшілік ойлағандай, банкроттық несиені кешіру емес екенін жаздық. Ал жалпы тиімділігі қандай? Тағы да маман кеңесіне жүгінсек, олар халықтың банкрот болуға мүмкіндігінше асықпағаны жөн екенін айтады.

– Дегенмен мен азаматтарға өз-өзіңізді банкрот етуге асықпаңыз дер едім. Себебі азаматтардың басым көпші­лігінің қарызы 300-400-500 мың көлеміндегі қарыздар. Бұл өзіңізді 5 жыл бойы банкрот деп жариялап тастайтындай көп қарыз емес. Себебі ертеңгі күні материалдық жағдайыңыз жақсарып, табыс таба бастаған кезде кәсіп­пен айналысқыңыз келуі мүмкін, сол кезде тағы да несиеге жүгінгіңіз келсе, жолыңыз жабық, кедергі болады. Себебі банкрот болғаннан кейін 5 жылға дейін ешқандай банк сізге несие бермейді. Тіпті шетелге шыға алмайсыз. Тек екі жағдайды рұқсат етіледі,  шетелде  тұратын жақын адамы қайтыс болып жатса, сондай дәлелді себептер болған жағдайда ғана деп заңда көрсетілген. Мінеки, бұл банкрот деп жариялауға асықпаған да дұрыс екенін көрсетеді. Бір айта кетерлігі, өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарға, қарыздың шырмауына батқан жан­дарға бұл заңның пайдасы тиеді деген үміттеміз, – дейді экономист Мақсат Халық.

Түптеп келгенде жаңа заң азаматтардың несиесін өтеудегі жауапкершілік, қаржылық сауаттылығын кө­теруді көздейді. Яғни кешірім күтпей, жауапкершілікті сезіне білу маңызды.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: