Сенбі, 21 желтоқсан, 22:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Барсакелмес сапары

24.05.2022

1829 0

«Барсакелмеске» барғанда

Күтіп алған жолбасшы Зәуреш апай­дың астында жол талғамайтын әйдік джип көлігі бар екен. Өйткені мұнан арғы ойдым-ойдым жолға корейдің тегіс жолға  арналған «Kia»-сы жарамайды. Бұдан арғы сапар – Қаратерең ауылы, сосын Барсакелмес қорығы. Межелі жерге түс ауа жеткендіктен Қаратереңде ас ішіп, аяқ босатып бір түн өтті.

Барсакелмес. Жанболат Аупбайдың келу себебін алдын ала білген Зәуреш Жансұлтанқызы қорық жайлы біраз ақпар берді.

– Мұнда 325 түрлі өсімдік флорасы бар. Мысалы, қандым бұталары, сексеуілдің қалың шоқтары және дала шөптеріне жататын – бұйырғын, жусан, адыраспан, рауғаш, итсигек, сексеуіл секілді сортаң түрлері бар.

Қорықтың жануарлар әлемі де сан­алуан. Қосмекенділер тобына жататын жасыл құрбақа мен көлбақа мекендейді. Омыртқасыз жәндіктердің 12 тобына жататын 2000-ға жуық түрі болса, тек өрмекші тұқымдастардың 107 түр-тобын кездестіруге болады. Бауырымен жорғалаушылардың – 12 түрі, сонымен қатар 178-ге жуық қанаттылар түрі бар. Қорықта жылдың әр мезгілінде 250 түр құстар кездеседі. Оның 33-і «Қызыл кітапқа» енгізілген. Сонымен қоса Кіші Аралда кездесетін 22 балық түрінің бар­лығы бар мұнда. Олардың төртеуі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Соның бірі – құлан мен қарақұйрық, – деді ол.

Оның айтуынша, бұл қорықтың тарихы 1831 жылы ғалым А.Левшиннің географиялық картаға түсіруімен бас­талады. Араға біршама жыл салып, 1848 жылы Арал теңізі мен ондағы аралдарды зерттеу лейтенант А.И.Бутаковке жүктеліп, бұл экспедиция екі жыл Барсакелмес ара­лының пішіні мен көлемін анықтап, рельефіне, топырағына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне сипаттама берді.

Иә, Барсакелместің айналасын қорша­ған баяғы айдынды көл қазір кеуіп, сортаңға айналған. Әбден ұсқыны кетіп, құлазыған екен. Тек жұбаныш болып тұрғаны, қорық құрылғалы мұндағы өсімдіктер мен жан-жануарлар қорғалып, саны едәуір артқан. Қорық қазіргі таңда үш кластерлік учаскеден тұрады. Атап айтсақ, Барсакелмес, Қасқақұлан және Сырдарияның Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы Дельта учаскесі. Ал қо­рықтың жалпы аумағы 163 126 гектарды құрайды.

– Уақытында бұл оқшау аралдағы ауыз су тапшылығы жануарлардың Қасқа­құлан, Тоқпан, Ұзынқайыр, Ахат, Бегімана, Төртқопақ аумақтарына ауып кетуіне әкелді. Бүгінде қорықта қалған кәрі-құртаң құланнан тараған тұяқтылардың саны 630 басқа жетті, – деді жолбасшы.

Осы тұста айта кетейік, бүгінде қорық­ты күзету үшін қорық 8 инспекторлық шолу аймағына бөлінген. Күзет қызметі қорық аумағына жақын орналасқан ауыл­дық округтерде тұратын мемлекеттік инспекторлардан құралған. Қазіргі таңда қорықты 15 мемлекеттік инспектор қадағалайды.

Жол бойы Барсакелмес жайлы аңыз һәм нақты деректерге құрылған әңгімелер айтылып, ардагер-журналист өзі білгісі келген сұрақтардың жауабын алды. Біраз шақырым жол жүріп, Бутаков мүйісіне жеттік. Жанболат аға 1848-1849 жылдары Арал теңізін зерттеу және картаға түсіру үшін экспедицияны бастап келген ғалым Алексей Бутоковтың құрметіне қойылған темір қазықты суретке түсіріп алды. Өзі де естелік суретке түсті. Бір күн қорықта болып, қажетті ақпаратты алған соң, ат басын Арал қаласына бұрдық.

Барсакелмес сапары

Арал: 96-ға келген ақсақалды іздеп бардық

Арал қаласы. Түс. Қаладан Сыр бойы халқына аты жақсы таныс, кезінде «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» газетінде талай жыл табан аудармай еңбек еткен ардагер-журналист Шәкірат Дәрмағамбетовтің үйін іздеп жүрміз. Әріптесіміз Ержан Қожас тоқсанның төріне шыққан ақсақал­дың немересіне хабарласып, үйді Сәбит Мұқанов атындағы көшеден таптық. Ішім­нен «Жамбылдың жасына жақындаған қарт кісі ғой. Айтар сөзі түзу болса да, көсіліп көп сөйлей ала ма, шаршап қалмас па екен?» деп қоямын. Хош. Сөйтіп, жур­налистикаға еңбегі сіңген ақсақалдың шаңырағына бас сұқтық.

Қақпадан еніп, үйге беттей беріп ек, ақсақал есік алдында ойланып отыр екен. Ассалаумағалейкүм, – дестік барған төрт жолаушы оның тым-тырыс тыныштығын бұзып. Басында амандық сұрасқанмен, ашылып әңгіме айтуға құнт танытпағандай көрінді маған. Әйткенмен алыстан келген қонақ Жанболат Аупбай өзін таныстырғанда 96-ға келген ақ­сақалдың жүзіне қуаныш үйіріле кетті.

– Ақұдай, Жанболат, сенбісің? Сен деген тек қазаққа емес, әлемге танымал легандасың ғой. Сенің әр мақалаңды үзбей оқимын, – деп орнынан атып тұрды. Сөздің құдіретін көрмейсіз бе? Содан танысып-білісіп, жөн сұрасқаннан кейін әңгіменің тиегі ағытылып кете барды. Әуелі ақ­сақалдың қарашаңырақтағы келіні, үлкен ұлы Майбектің келіншегі алдымызға дас­тархан жайып, ас қойды. Аралдың ақ сазанынан дәм таттық. Содан тоқтамастан 3 сағаттан аса әңгіме өрбіді. Жанболат аға ақсақалды қаламы жүйрік журналист Бауыржан Омардың айтуымен іздеп келгенін айтып, Арал, Барсакелмес жайлы көкейінде жүр­ген, шамасы күз­дің басында шығатын мақалаға қажетті бірнеше сұрақ қойды. Шәкірат атамыз кідірмеді, жаңылмады, қажетін айтып, білгенімен бөлісті. Ол кісі көсіле сөй­легенде, әуелгіде ойлаған ойымның қате екенін түсіндім.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, Шәкірат атамыз фельетон мен сын мақала­ларға жиі қалам тербеген журналист. Уақытында оның қаламынан билік са­насқан талай фельетон шыққан. Біз бір ғана бағытын сөз етіп отырмыз. Әйтпесе, ұзынсонар қып жаза беруге болады. Ел­дің сөзін сөйлеп, адалдықтың ақ туын жықпай өткен қабырғалы қаламгердің жылдар бойғы еселі еңбегі кейін еленді. Ол сексенінші жылдары Қазақстан Рес­публикасының «Мәдениет қайрат­кері», кейін Қазақстан Республикасының «Құр­мет грамотасын» иеленді. Туған жерде еселі еңбек еткен оған берірек те «Арал ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Бір қызығы, біз бұл жүз­десуде ол кісінің мамандығына сон­шалықты адал екенін аңғардық. Бұлай айтуымызға салмақты себебіміз де бар. Қария бүгінде зейнетке шықса да, қаламын жанына серік етіп, облыстық және аудандық газеттерге әлі де мақала жазып келеді.

Барсакелмес сапары

Сұхбат барысында бұл кісі де әр мақаласын оқиға орнына барып, көзбен көріп қана жазғандығын айтты. Әңгіме арасында алғашқы фельетон қалай шық­қанын да естідік.

– Студенттік кезең. Екінші курста ауылға келдім. Ауылда бір дүкен бар. Сонда дүкенші жеңгеміз болатын. Содан барлық құрдастарым «Әй, сен осы мына жеңгеңді жазшы» деп шулады. Үйден ақша алып барсам, әлгі жеңгем «кет» дейді. «Ау, жеңеше, міне, ақшам бар» десем, «ана шешең келсін. Сен ақшаны бір жерден ұрлап алдың ба?» дейді. Өзі сондай сұлу кісі, бірақ долы адам. Әрі жалынам, бері жалынам болмайды. Содан «Ленин жолына» «Қазаншының еркі бар…» деген тақырыпта фельетон жаздым ғой. Кейін оны өзі оқыпты. Содан бір күні мені көріп қалды да «сенің жазған фельетоныңды көрдім. Енді өзгеремін. Пенделігімізді кейде байқамайды екенбіз» деді. Өзім іштей қуанып қалдым, – деп өткен күндерді күліп, еске алды.

Айтқанынан айтары мол ардагер-жур­­налиспен осылайша 3-4 сағат әңгі­мелестік. Қайтар уақыт таяған соң ақсақал алыстан келген қонағына шапан жауып, ақ батасын берді. Қол жайып, аумин десіп, ақсақалға саулық тілеп, сыртқа шықтық. Ендігі бағыт – Арал өңірі туралы біраз мәлімет сақталған «Балықшылар музейі».

500-ге жуық сурет пен тарихи жәдігер жинақталған музейге Жанболат ағаның да, менің де алғаш келуіміз. Әріптесіміз Ержан Қожас пен Асқар аға бұрын бірнеше рет мұнда бас сұққан. Музей іші бірнеше бөлікке бөлінген екен. Әрқайсысында қажетті ақпаратты жылдам ұсына қоя­тын смарт-экрандар орнатылыпты. Бү­гінде бұл тарихи музейде 2000-нан аса құнды жәдігер жинақталған. 2012 жылы пайдалануға берілген нысанда 11 маман қызмет атқарады. Бұл жерден еселі еңбегімен ер атанған адамдардың суреттерін, олардың айдынды Аралда бір кездері қолданған қайықтарын, ескі құрал-жабдықтарын бірден байқауға болады.  Әсіресе зерттеушілердің кемелері бірден көзге ілінеді.

– Мынау тұрған «Лев Берг» деген үлкен кемеміз институттың зерттеу кемесі болған. Мұнымен теңіздің ащылығын, тұщы­­лығын, тереңдігін зерттеген.  Мұражайдағы ең үлкен әрі күрделі кеменің бірі. Жұрт бәрінен бұрын осы кемені тамашалауға құмар. Туристер көбіне Жапония, Оңтүстік Корея, Чехиядан келеді. Оларды теңіздің қалай жоғалып кеткені, қалай тартылып кет­кені қызықтырып, теңіздің ұлтанын көр­гісі келеді. Көріп тұрғандарыңыздай, кеменің іші құнды жәдігерге толы. Мұнда балықшылар өмірінен сыр шертетін екі мыңнан аса экспонат бар. Мұның барлығы ата кәсіптің өткені мен бүгінін паш етеді, – дейді мекеменің ғылыми қызметкері.

Жанболат аға екеуміз бұрын-соңды көрмеген, қажетті деректерді қалта теле­фонымызға суретке түсіріп, музейден де шықтық. Ендігі бағыт – Қызылорда. Тас жолы, жолсыз жері бар бас-аяғы 4 күн­дік сапарымыз осымен тәмам. Арал және Жанболат Аупбаймен етене болған бұл сапардың жөні бөлек. Біраз дүние көріп, азды-көп ақпарат алып, көңілге көп нәрсе түйіп қайттық.

Бұл сапардың аты Барсакелмес бол­ғанмен, заты қазіргі қазақ журна­листикасының корифейі Жанболат Ауп­баймен сүбелі сұхбат құрып, қазақ журналистикасының бүгіні мен болашағы жайлы ой бөлісу, тәжірибе алмасу еді. Біз мақсатымыз бен міндетімізді толықтай орындадық деп ойлаймын. Бұл мақаламызда қарымды қаламгердің табиғи болмысын әлде де ашып көрсетуге болар еді. Бірақ біз филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жанболат аға­ның үзеңгілесі, замандасы Намазалы Омашев­тан асырып айта алмасымыз анық. Бір мақаласында ол кісі былай деп пікір білдіріпті:

«Бүгінде Жанболат көп болғанымен, Аупбаев – жалғыз деген сөзді қадап айтуға тура келіп тұр. Өйткені бұл фамилия естілгенде көзі қарақты оқырманның елең етпейтіні жоқ.

Оны өзгелерден ерекшелейтін қасиет­тер бар. Алғашқысы, мамандығына деген адалдық үлгісі. Мұны мынадай нақты мысалдармен түсіндіріп айтуға болады. Оның алғашқысы әріптесіміздің ат ауыстырып мінбей, 48 жыл бойы тек бір салада жұмыс істеп келе жатуы. Өз мамандығына деген адалдықтың екін­ші үлгісі – оның осы журналистика сала­сындағы жұмыс баспалдақтарын асығыс-үсігіс аттап емес, бірін қалдырмай ретімен басып өткені. Редакциядағы әр қызмет, әр лауазымның қыр-сырын үйреніп барып, байыппен жоғарылағаны. Жазуға деген адалдық үлгісі. Мұны бір-ақ мысалмен айтар едік. Ол әріптесіміздің «Лениншіл жас», «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстанда» жұмыс істеген кездерінде бұрын ел көп білмеген, баспасөзімізде жазылмаған тың тақырыптарды тауып, тек сол саламен шұғылданғаны.

Иә, Жанболат өмірдің өзіндей ғып жазудың шебері. Оның еңбектері соны­сымен де құнды. Өйткені онда қоспа жоқ. Таза. Аупбаевтың туындыларын оқып шыққанда мөлдір бұлақтың кәусарына қанғандай болатының, таудың саумал самалын сіміре жұтқандай әсер алатының сондықтан» – дейді Намзалы Омашев.

Жанболат ағаның өзі де бір сұхбатында «Тірі жанға қиянат жасамадым, ешкімге зәбірім тимеді, қарапайымдылығымды қаз қалпында сақтап, мамандығыма адал болдым», – дейді. Рас, аз уақыт ішінде біз бұл кісінің қарапайымдылығымен баурап, қатарыңдай тілдесіп, ағаңдай жол сілтеген риясыз көңіліне, адамдық ұстанымына разы болдық. Бұл сапардың мәнді де, мағыналы болғаны содан болар.

Ақтілек БІТІМБАЙ

Қызылорда – Барсакелмес – Арал – Қызылорда

Соңы. Басы өткен санда.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: