Сенбі, 20 сәуiр, 04:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Бас қаланың символы – «Бәйтерек»

06.07.2021

4415 0

Елорда десе есімізге бірден алыстан менмұндалап тұратын «Бәйтерек» есімізге түсетіні рас. Бас қалаға жолы түскен әр қонақ сол бір биік ғимаратқа шықпай кетпейді. Ең жоғарысына шығып, алақандағыдай көрінетін елорданың сәулетіне, көз тартар сұлулыққа бір сүйсініп қаламыз. Міне, осы бас қалаға келген көпшіліктің көзайымына айналған Бәйтерек кешенінің тарихы қандай?

Монументтің негізгі мағынасы ежелгі көпшенділердің дүниетанымымен тікелей байланысты. Нұр-Сұлтан қаласының «визит картасына» айналған бұл нысан халқы­мыздың «Самұрық» құсы туралы аңызы желісінде салынған. «Самұрық» қанатымен аспанды жауып тұр. Бәйтерек тіршілік тірегіне қарай ұшып келеді. Бәйтеректің ортасындағы алтын жұмыртқа күнге негіз салып тұр. Ал бұл сәтте діңгектің жанында жұмыртқаны қарпып алғысы келетін аш құрсақ айдаһар жасырынған. Осылайша, жақсылық пен жамандықтың мәңгі күресі көрсетілген. Айналасынан әлемдік өзен ағып өтсе, жағалауында биіктігі аспанмен таласқан «Бәйтерек» тұр.

Бәйтеректің биік болуының да өзіндік мәні бар. Бәйтерек – ежелгі түрік сөзі, «бәй» – үлкен, «терек» – ағаш деген мағынаны біл­ді­реді. Екі сөз бірігіп, «зәулім ағаш» деген мағы­наны білдіреді.

«Бәйтерек» монументі 2002 жылы ашыл­ды. Металл, шыны және бетоннан жасал­ған бұл сәулеттің құрылысы да ауқымды. Биіктігі – 105 метр, салмағы 1000 тонна металл конструкциясына 500 қада тірек болып тұр. Әлемде алғаш рет диаметрі 22 метр және салмағы 300 тонна болатын, күн сәулесіне қарай түсі өзгеретін «құбылмалы» шар 97 метрге көтерілген. Құрылыс кезінде жерге орналастыру жұмыстарының алаңы – 8600 текше метрді, бетон жұмыстары – 2900 текше метрді, металл конструкциялары – 999 тоннаны, күмбезді шынымен көмкеру жұмыстары 1555 шаршы метрді құраған.

Диаметрі 22 метр, салмағы 300 тонна бо­латын, күннің түсуіне орай түсі де құбылып тұратын шар әлемде биіктігі жағынан ерекше. Бұл монументтің авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Оның сызба-жобасын әлемдік деңгейдегі және Ресей сәулетшілері, белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава және «Ақорда» қазақстандық жобалау-құрылыс компаниясы орнатқан.  

Бәйтеректің тамыры ретінде салынған ең төменгі қабаты 4,5 метр тереңдікте орна­ласқан. Оның ішінде асхана, аквариум мен белгілі суретшілер көрмесі бар. Сондай-ақ қалаға келген қонақтар осы жерден қаланың орталық әкімшілік-мәдени бөлігінің сызбасын көре алады. Естелік сыйлықтар, сувенирлер де нысанның осы бөлігінен табылады.

Ал Бәйтеректің ең жоғарғы қабатына пано­рамалы жеделсатымен шыққан жан  егемен елдің еңсесін тіктеп келе жатқан елорданың даму жолындағы қарқынын көзбен көре алады. Сондай-ақ ғимараттың ең биігінде орналасқан «Аялы алақанға» қолыңызды қойсаң, мемлекеттік Әнұран шырқалады.

Сонымен қатар осы жерде 17 түрлі әлем діндері өкілдерінің қолтаңбасы қойылған ағаш глобус бар. «Бата» деп аталатын бұл композиция 2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен елордаға жи­нал­ған әлемдік діни конфессиялардың Қазақстанға берген батасы.

Астананың бас символы болған «Бәй­теректі» тамашалау үшін жыл сайын мыңдаған турист елордаға барады. Тіпті Нұр-Сұлтанға жолы түскен жолаушының өзі бұл сәулеттің сұлулығына тамсанбай кетпейді. Ғимараттың қабырғасында та­лай мәдени шаралардың да шымылдығы түрілген. Ал шетелден кел­ген туристер осындағы қызметкерлердің кө­мегімен мәні мен мағынасы зор ғимараттың тарихына үңіліп, сұлу сәулетке сүйсініп-ақ кетеді.

Қысқасы, бүгінде «Бәйтерек» Қазақстан­ның ұлттық брендіне айналып, биікке қол созып, дамудың даңғыл жолында келе жатқан елдің мазмұнын ашып тұрғандай кейіпте. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: