Сенбі, 07 желтоқсан, 22:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Бесік жасау – берекелі іс

24.07.2023

789 0

Халқымыз­да бесік киелі мүлік саналады. Қазақ тұрмысында дү­ние есігін ашқан сәбидің өсіп, жетілуінде бесіктің алар орны ерекше болған. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш, төсегі таза, әрі сыртқы сұқ көзден, жаман энергиядан, өзге де қауіпті жағдайдан қорғалады деп сенген жұртымыз оны киелі санаған.

Көшпелі өмір сүрген баба мұрасы күні бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ. Өркениетті заманда сә­би­ге арналған небір бұйымдар шықса да, бесікті алмастыра алған жоқ. Себебі жұртшылықтың оған сұранысы жоғары. Ал қалада бесік сатушылар көп болғанымен, оны қолдан жасайтындар некен-саяқ. Солардың бірі – Қожахметовтер отбасы.

Қала тұрғыны Жібек Қожахметованың кәсіпкерлік саласында жүргеніне 15 жылдан асқан. Тұрмысқа қажетті жиһаз өндіруді қолға алған ол жұбайы Айтбай Қожахметовпен бірге отбасылық кәсіпті дөңгелетіп келеді. Осынша уақыт жиһаз өндірісін жолға қойған олар бесік жасап, сатылымға шығаруды жөн көріпті.

– Жиһаз өндірісімен айналысқанымызға 15 жыл уақыт болды. Жұбайым 17 жасынан бастап жиһаз жасайды. Кезінде «Сыр жиһазы» аталған өндіріс ошағы оның бұл жолдағы алғашқы баспалдағы деуге болады. Менің мамандығым – сызу және бейнелеу пәні мұғалімі. Заманның қиын кезеңінде мұғалім мамандығын дизайн саласына ауыстырдым. Мен де «Сыр жиһазында» дизайнер болып еңбек еттім. Жолдасыммен сонда танысып, отбасын құрдық. Кейін бірге отбасылық кәсі­бімізді ашуға ниеттеніп, сол мақсатта іздене бастадық. Қазір «Алтын ағаш Қызылорда» ЖШС құрылып, қала тұрғындарын үй жиһазы­мен қамтамасыз етудеміз, – дейді Жібек Нұрмағанбетқызы бізбен әңгімесінде.

«Тәуекел түбі жел қайық, өтерсің де кетерсің» демеуші ма еді, халқымыз. Жас та болса өз ісін бастауға деген құлшыныстың, мақсатқа жету жолындағы маңдай тердің нәтижесінде кейіпкерлеріміз қалада жиһаз жасайтын өндіріс ошағын ашып, бүгінде өз тұ­тынушысы қалыптасқан мекемеге айналған.

Өз кезегінде кәсіпкерлердің бесік жасау ісін қалай бастағанын сұрадық. Күрделі ірі жиһаздарды жасап шығарғанымен, бесік жасау­дың жауапкершілігі бір бөлек. Әрі оның өзін­дік жасалу жолы бар.

– Бесік жасау жолдасымның сүйікті ісі. Жас кезінде жақын туыстарының сәбилеріне бесік жасаған екен. Кейін үлкен жиһаздарға сұраныс артып бірыңғай жиһаз жасаумен ай­налысты. Алайда кейін бесік жасауды  қайта жандандыруды жөн көріп, 2017 жылдан бастап бесік жасауды қолға алдық. Ол тұста тек тапсырыспен екі, үш бесік ғана жасайтынбыз. Кейін бесік сатушыларға көтерме бағамен сататын болдық.  Жақында бесік жасау үшін арнайы цех ашып, мемлекеттің қолдауымен жеңілдетілген несие алып заманауи құрылғы­лармен жабдықтадық. Солай бесік жасау ісі біршама оңтайландырылды, – дейді кейіпкеріміз.

Мұндағы бесіктердің ерекшелігі салмағы­ның жеңілдігінде. Ал бесікке қажетті қарағай, қайың ағашы сынды шикізатты Алматы қаласынан алдырады. Одан бөлек, ағаш өнім­дерін жергілікті жерден сатып алады. Бү­гінде «Элит бесік» атауымен танымал дү­кеннің өніміне қазақы ою ойылып басылған әрі заманауи үлгіде жасалған. Дүкенде жинал­малы бесік те бар. Алайда оны тек арнайы тапсырыспен ғана жасайды екен.

– Көбіне қарапайым бесікті алады. Жиналмалы бесікке жолда алып жүргенге, пайдаланбайтын кезде жинап қоюға өте ыңғайлы болғандықтан қызы алысқа ұзатылған немесе көпқабатты үйдің тұрғындары тап­сырыс береді. Ал бағасы бірдей, – дейді кәсіпкер.

«Элит бесік» дүкенінде цехтан шыққан өнімдер сатылады. Сонымен бірге балаға қажетті өзге де жабдықтар бар. Бір ерекшелігі кейіпкерлеріміз тек бесік жасап қоймай, оған қажетті жөргек, құс жастық, көрпе, жаялық, жабу сынды жабдығын да өздері тігеді. Расымен, мезгілге сай түрлі матадан тігілген жабдықтар көздің жауын алады.

Отбасылық кәсіпті жүргізіп отырған кейіпкеріміз әңгіме барысында кей тұрғын­дардың ісіне іштей қынжылатынын да жасырмады. Яғни бесікті киелі санаған хал­қымыздың бүгінгі ұрпағы баланың ақ отауын далаға тастауы еді. Иә, кей тұрғындардың мұндай әрекеті соңғы кездері жиі көрініс табуда. Әлеуметтік желілерде бесікті қоқыс­қа тастағандардың әрекеті көпшіліктің нара­зылығын тудыруда. Қазақылықтың қайма­ғы бұзылмаған Сыр өңірінде мұндай жағдай­дың орын алуы өкінішті-ақ.

– Өзім бірнеше рет бесіктің қоқыста жат­қанын байқадым. Көбісі көне, тозығы жеткен деп тастайтын болар. Бірақ бесіктің киесі барын ұмытпау керек. Мұндай көрі­ністі көргенде қорықпай тастағандарына таңғаламын. Алдағы уақытта осындай берекесіздік болмаса екен деген ниетпен көне бесіктерді қайта өңдеуден өткізсем деген жоспарым бар. Әзірге ойдағы мақсатты іске асыру үшін ізденістемін. Сәтін салып бұл істі де қолға алсақ, қасиетті бесігіміз қоқыста жатпайтын шығар, – дейді ренішін білдірген кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпкер бесік жасауда 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ұлттық мұрамызды заманға сай жаңғыртып, кәсіп аясын кеңейтуге мемлекеттің қолдауы да сеп болғандай. Қолдан келер істі уақыт талабына сай жүзеге асырып, үйлестіре білген Қожахметовтер осылайша өндіріс ошағын ашып, өзіміздің өніммен қамтамасыз етуде. Қазір олар жасаған бесік ел аумағынан бөлек, Өзбекстан, Италия, Испания елінде қолданыста жүр.

Айдана СЕЙІЛ,

Суретке түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: