Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері — Рүстем Ізтілеуов, Талғат Телеубаев, Асылжан Жаманқұл және Нұрлан Әмір білім саласының өкілдерімен мазмұнды кездесу өткізді. Жиынның басты мақсаты – 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға ұсынылған Жаңа Ата заң жобасының негізгі бағыт-бағдарын түсіндіру, оның қоғам үшін маңызын ашып көрсету болды.
Кездесу барысында Талғат Рахымұлы Жаңа Конституция жобасының мән-маңызына жан-жақты тоқталды. Ол құжаттың ең басты ерекшеліктерінің бірі – ана тілімізде әзірленіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін нақтылай түсетіндігі екенін атап өтті. Бұл – тек құқықтық құжат қана емес, ұлттық болмыс пен мемлекеттік тұтастықты айқындайтын стратегиялық негіз екенін жеткізді. Сонымен қатар, референдум – халық еркін тікелей білдіретін демократиялық тетік екенін айтып, барша азаматтарды 15 наурыз күні өз таңдауын жасауға шақырды.
Асылжан Жаманқұл өз сөзін ұстаздар қауымын алдағы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаудан бастады. Ол білім саласы қоғамның рухани тірегі екенін, ал ұстаздар ел болашағын тәрбиелейтін негізгі күш екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Жаңа Ата заң жобасының әлеуметтік бағыттарына тоқталып, референдумның өркениетті, зайырлы мемлекеттерде кеңінен қолданылатын саяси құрал екенін түсіндірді. Халықтың тікелей қатысуы арқылы қабылданған шешімнің легитимдігі мен маңызы жоғары болатынын баса айтты.
Рүстем Ізтілеуов пен Нұрлан Әмір өз кезегінде Жаңа Конституция жобасында қарастырылған бірқатар маңызды мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда:
– азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту;
– әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нақтылау;
– білім беру саласына қатысты кепілдіктерді айқындау;
– мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен есептілігін арттыру.
Олар реформалардың табысты жүзеге асуы әр азаматтың белсенді азаматтық ұстанымына байланысты екенін атап өтті. Әсіресе білім саласы қызметкерлерінің қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі ерекше екені айтылды.
Жиын соңында коалиция өкілдері барша жиналған қауымды 15 наурыз күні өтетін референдумға қатысып, ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдауға шақырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
