Бүгін мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Қызылорда бойынша филиалының фронт-офистерді үйлестіру басқармасы мен қызметкерлері туралы айтқым келіп отыр.
Кез келген кәсіпорынның жетістігі бір мақсатты көздейтін жұдырықтай жұмылған ұжымға тікелей байланысты. Әр күнгі ұраны «Барлық тұтынушыларға – сапалы қызмет» болған филиалдың үлкен ұжымында аталмыш басқарманы «өндірістің моторы» деп атайды.
Халықпен тікелей байланыста болмағанымен, фронт-офистерді үйлестіру басқармасының басты міндеті – қызмет алушылардың барлық мерзім ішінде қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ете отырып, олардың сұранысын толықтай қанағаттандыруға саяды. Мамандар бейнебақылаудың көмегімен қызмет алушылардың орталыққа кіргенінен бастап әр қадамына ілесіп отырады. Қызмет көрсету мерзімдеріне қатысты кез келген мәселелерді бірінші көріп, оның себеп-салдарын анықтап, тиісті құзыретті қызметкерлерге мәлімдейді.
Басқармада әрқайсысы өз жұмысын жақсы, әрі сапалы орындауға дағдыланған 7 маман қызмет етеді. Жұдырықтай жұмылған ұжымға Бадрақова Гүлназ Өмірзаққызы басшылық етеді. Ұжым жұмысының қаншалықты табысты болуы басшының командадағы өзара қарым-қатынасты дұрыс орнатуынан екені белгілі.
«Әр қызметкер мен үшін отбасымның бір мүшесіндей. Басқарманың жұмысын жандандыруға өз үлестерін қосып жүрген тәжірибелі қызметкерлеріміз де жеткілікті. Жұмыс барысындағы жүйелілік және жеделділік, сондай-ақ дер кезінде қабылданып жатқан шаралар тұтынушылар және басшылық тарапынан оң пікірлер қалыптастырып, әрдайым жоғары бағаланады. Сол себепті біз мамандарымызбен мақтанамыз», – дейді бөлім басшысы Гүлназ Өмірзаққызы.
Айта кету керек, фронт офистерді үйлестіру басқармасы жыл бойы атқарған жұмысымен республика бойынша 1 –орынға шықты. Негізгі тиімділік көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы 1 – орында.
Халыққа қызмет көрсету – өз алдына жоғары жауапкершілікті қажет етеді. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін бұл мамандықты абыроймен атқарып, халық игілігі үшін қызмет жасап, үлкен жауапкершілікті артқан ұжымға толағай табыстар тілейміз!
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!