Бейсенбі, 26 желтоқсан, 14:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Борышын өтемеу бөріктіге сын

01.11.2022

900 0

Бұрынғы кезде ата-ана «ұлым әскерге аттанады» деп қуанатын. Дәл қазіргі уақытта олардың түн ұйқысы төрт бөлінді. Бірі әскердегі ұлының бас амандығын ойлайтын болса, екіншісі «ұлым әскерге жарамсыз болып шықса  екен» деп тілеуін тілейді. Неге? Өйткені қоғамдағы әділетсіздік осындай халге жеткізді. Себебі әскерде әділетсіздік көп болып тұр. Жігіттер қалай болғанда да Отан алдындағы борышын өтеп, ел басына күн туғанда елін, жерін қорғауға міндетті.

Рас, елімізде жастарды әскерге баруға ынталандырмайды. Сонымен қатар ондағы келеңсіз жайттар бозбалалардың сарбаз сапында тұруға деген ниетін қашырғандай. Қалай болғанда да ер-азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге міндеттеу қажет. Әскерге жігіттерді шақыру мақсатында елімізде түрлі жобалар қарастырылды. Соның бірі – мерзімді әскери қызметін өткерген барлық азаматқа ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, әскери борышын өтеген соң екі жыл ішінде жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік береді.

Қорғаныс ми­нистрлігі тиісті ережелерге өзгерістер енгізу жұмыстарын бастап кетті. Жобаны іске асыру білім беру сала­сындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етпейді. Бұл жоба 2023 жылдан басталады. Мұндай жеңілдіктер қа­зіргі уақытта борышын өтеп жүрген азаматтарға және 2022 жылы әскерге шақырылуға жататын сарбаздарға жасалмақ. Демек, күнтізбе бойынша күзде әскерден келген соң, олардың оқуға түсуге мүмкіндіктері бар. Бұрынғы әскери қызметшілер жо­ғары оқу орындарының әскери ка­федрасында тегін оқи алады. Жаңа жобаны Ғылым және жоғары білім министрлігі де қолдап отыр. Бұдан бөлек, әскерге барып келгендерге бірнеше жеңілдік жасалады. Атап айтқанда, олар – ҰБТ-ны есепке алмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу, ЖОО әскери кафедрасында тегін оқу және әскери оқу орындарына емтихансыз және ҰБТ-сыз оқуға түсу мүмкіндіктері.

Қорғаныс министрлігінің мәлі­метінше, күнтізбе бойынша күзде әскерден келген соң олар оқуға түсе алады. Ал бұрынғы әскери қызметшілер жоғары оқу орында­рының әскери кафедрасында тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Қор­ғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Түлембаеваның айтуынша, жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне қарай әскери қызметшілерге жоғары оқу орнының гранты есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі беріледі.

– Мұндай жастарға Қорғаныс ми­нистрлігінің әскери оқу орын-дарына емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай-ақ оқуға түсу мүмкіндігі ұсынылады. Әскери оқу орындарына емтихансыз түсу және азаматтық жо­ғары оқу орындарында оқу грантын алу кезінде әскери қызметшілердің Отан алдындағы борышын өтеген балаларына да басымдық беріледі. Жобаны іске асыру білім беру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етпейді,– деді Айгүл Түлембаева.

Оның айтуынша, еліміздің барлық өңіріндегі 40-қа жуық жоғары оқу орны әскери боры­шын өте­ген азаматтарға білім алуға жеңілдіктер береді.

Осы орайда көпші­лікті сарбаздарды әс­керге ша­қыру арқылы сапасыз маман даярлап шықпаймыз ба? де­ген мәселе алаңдатып отыр. Одан бөлек бұл жоба жылдар бойы жақсы оқыған бала мен әскерге бір жыл ғана барып, грантқа түскен баланың арасына теңсіздік туғызбай ма? Осы мәселелер бойынша пікір-талас өрбіді. Пікірлерге сүйенсек, сапалы кадр дайындауға кері әсер ететінін де айтқандар бар.

Мәселен, химия ғылымдары бойын­ша PhD, Аятжан Ахметжан­ұлы бұл жобаны іске асыру арқылы болашақта сапасыз кадрлар дайындап шығатынын айтады. «Жалпы білім ең алдымен білімді адамға берілуі керек. Білім жарысында озып шыққан, білім олимпиадаларында жеңіс­ке жеткен, әлемдік деңгейдегі білім сайыстарынан орын алып келген балаларға тегін грант беру – басқа әңгіме. Заң бойынша оларға грант беріледі. Дұрыс әрі түсінікті. Кез келген мемлекеттік грантты әскерден келген балаға ұстата салу деген – са­палы кадр керек емес деген әңгіменің жобасы ғой. Ақылға келмейтін дүние деген ойдамын», – деп жазады ол.

Аятжан Ахметжанұлының сөзіне сүйенсек, «университеттердің бұл бастамаға қолдау білдіріп жатуының басты себебі – білім гранттарын алғысы келетінінде. Баласын оқуға түсірудің амалын іздеген ата-аналар да бұл бастаманы қолдауы мүмкін» дейді ол. Дегенмен болашақта елі­мізге сапалы маман қажет екенін ұмыт­пағанымыз абзал. Себебі қазіргі таңда тек білімділер алға шығатын заман болып тұр.

Ал сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов сарбаздарды ынталан­дыру үшін тегін оқытқан дұрыс деген шешімді қолдайды. Алайда оның пікірінше, жас сарбаз өз саласында, яғни әскери оқу орындарында оқуы керек. Атап айтқанда, әскерден кейін жігіттерді Жаяу әскер академиясына, Әуе қорғаныс күштері Әскери инс­титутына тарту қажет.

– Басқа бағыттағы мамандыққа түсетін сарбаздар арасында бөлек конкурс өткізу қажет. Әскерге барды екен деп барлық азаматқа грант бере салуға болмайды. Сондықтан әскерге барғандардың арасынан да ең үздіктері грант иегері атануы керек. Олардың білімі орта мектепті бітірген түлектердің деңгейінен төмен болмағаны жөн. Кеңес үкіметі кезінде әскерден келген азаматтарға жеңілдік жасап, жұмыс өтіліне қоса­тын. Соны­мен қатар әскерден келген балаларға бұрынғыдай дайындық курсын өткізу керек, – дейді сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов.

Айта кетейік, жігіттерді әскерге шақыру мақсатында тағы да бірнеше жоба қарастырылуда. Мәселен, оларды жұмысқа орналастыру мәселесі де кеңінен қаралған. Соны­мен қатар әскери борышын өтеп жатқан қа­зақстан­дықтарға кредитті 1 жылдан соң төлеуге мүмкіндік  берілмек. Бұл туралы Қорғаныс вице-министрі Дархан Ахмадиев хабарлаған.

«Жақында Қаржы нарығын рет­­теу және дамыту агенттігімен несие­лерге «демалыс беру» туралы келісімді жа­риялаймыз. Яғни сарбаздар­дың несиелері мерзімді қызмет кезінде 13 айға тоқтатылады. 12 ай қыз­мет ету+1 ай жұмысқа орналасуға беріледі. Сон­дай-ақ жоспарымызда әскер­ден кейін  сарбаз­дарды жұмыс­­қа ор­на­ластыру туралы кәсіп­орындармен уағдаласу тұр» – деп жазған министр­дің орынбасары  фейсбук әлеу­меттік желі­сінде.

Қалай болғанда әскерден жал­тарған жастарды сарбаз болуға ынта­ландыру қажет. Сон­дықтан да Отан алдындағы борышын өтейтін аза­маттарға басымдық беру заңдылық та шығар. Дегенмен боры­шын өтемеу бөріктіге сын екенін ұмытпағанымыз абзал.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: