Сенбі, 20 сәуiр, 11:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Ботагөз Мәдіғали, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аудармашысы: «Тіл үйренудің қиындығы жоқ»

11.10.2022

855 0

«Бірнеше тілді білу немесе полиглот атану үшін даналықтың, болмаса туабітті ерекше генетикалық қабілеттің қажеті жоқ», – дейді кейіпкеріміз. Тіл үйренуді алынбас қамал санайтын көпшілік үшін бұл таңданыс тудырары хақ. Иә, көп тіл үйрену үшін көп нәрсе қажет емес, тек жалқаулықты жеңе білу керек. Біз бір емес, бес тіл білетін  Ботагөз Мәдіғалимен әңгімелескенде осындай ой түйдік.

Ботагөз Русланқызы 12 жасынан тіл үйренуді бастаған. Ол қазақ-түрік-лицейінде оқып жүргенде ағылшын тіліне қатты қызығады. Нәтижесінде қазақ, орыс, ағылшын, түрік, корей тілдерін жетік меңгерген. Ал неміс тілі мен латын тілін бірінші деңгейде біледі. Сонымен қатар араб тілін үйреніп жүр. Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде аудармашы болып қызмет атқарады.

Шет тілін қалай тез меңгеруге болады? Біз бес тілді білетін Ботагөзге көкейде жүрген сұрақты қойдық.

– Тіл үйренуге қызығушы­лық қалай пайда болды? 

–  Жетінші сыныпта қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенімде тіл үйрену қажет болды. Ол кезде барлық сабақтар ағылшын тілінде болатын. Сондықтан ағылшын тілін үйренуге міндетті болдық. Сол кезде басқа тіл үйренуге қызығушылығым арта түсті. Яғни көп тіл үйренуді алдыма мақсат еттім.

– Тілді үйренетін кезде өзіңіз­ге қандай талап қойдыңыз?

– Ағылшын, түрік тілін мін­детті болғандықтан үйрендім. Яғни сабақ барысында аса қиындық туындамады. Де­генмен қосымша тіл үйренуді мақсат етіп, төрт тіл үйрендім. Өзім тіл үйренуге ыңғайлы екенімді байқадым. Уақыт өте келе акцентсіз сөйлеу  біліктілігім байқалды. Содан кейін полиглот болуды мақсат еттім. Көп нәрсе өзімізге байланысты. Ештеңені қиын­датудың қажеті жоқ. Ең бастысы, көп тіл үйрену болашағым үшін, мақсатыма жету жолында маңызды құрал екенін түсіндім. Сол мақ­саттарға жету жолында аянбай жұмыс істеп келемін.

– Қай тілді үйрену тез және қиын болды?

– Түрік тілін тез үйрендім. Түрік тілі – түркі тілдес ел­дер қатарына жататын бол­ғандықтан үйрену оңай болды. Сөздері де ұқсас. Ал ең қиын болғаны корей тілі. Корей тілінің әріптері кириллица емес, таяқшалар болып келеді. Сол таяқшаларды оқу­дың өзінен бөлек, оның грам­матикасын оқу мен үшін біраз қиындыққа түсті. Сондықтан қосымша сабақтарға қатысып, мұғалімдерге өтініш айтып, қиын болса да үйрендім. Мақсатыма жету жолында ерін­бедім.

– Қазіргі уақытта жас­тарға қандай тілді меңгерген маңызды деп ойлайсыз?

 – 8 сынып оқып жүргенде қазіргі Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек­тің семинарына қатыс­тық. Оқу­шыларға семинар өту барысында жастарға итальян тілін білу маңызды екенін айтқан еді. Сонымен қатар испан, түрік, ағылшын, жапон тілдерін алдағы уа­қытта қажеттіліктер үшін үйрену қажеттігін айтты. Мен сол уақыттан бастап осы кісіні үлгі тұттым. Жақында ең көп тіл білетін министрлер тізімі шыққан еді. Тізім басында Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат көш бастады. Министр жеті тілде – қазақ, орыс, ағылшын, итальян, түрік, жапон және латын тілдерін білетіні ай­тылды. Осы кісіден үлгі ал­ғаныма қуанамын.

– Бірнеше тіл білетін­дердің басқаларға қара­ғанда ұқыпты, ойын тез жеткізе алатын қабілетті екені байқалады. Өзіңіздің бойыңыздан ерекшеліктер байқала ма?

– Көп тіл меңгергеннің білімі мен дүниетанымы да кеңейе түсетіні анық. Мен 4-5 тілде ойланатындықтан көбіне маған бәрін реттілік­ке қою қиынға түседі. Сон­дық­тан қай тілде сөйлесем де ұқып­тылықты қажет етеді. Осы арқылы қандай іс болса да, ұқыпты болу қажет екенін үйрендім. Бойымнан аса бір ерекшелік байқалмады. Менің көп тіл білетінім таңғаларлық нәрсе емес. Себебі менімен қатар оқыған достарым да көп тіл біледі. Олар қазір Алматы қаласында тұрады. Көп тіл білу уақыт талабы болғандықтан жастар үшін үйреншікті жағдай деп ойлаймын.

– Ана тіліне деген құр­метіңіз қандай? Өзге ұлттар қазақ тілін білуге қызығады ма?

– «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзін әркез жадымда ұстаймын. Алдымен ана тіліне деген құрмет қалыптасуы маңызды деп түсінемін. Яғни өз тіліңді сыйламау, түп-тамырыңды біл­мей, өзгені бағындырам деу бекершілік. Сондықтан да менің ана тіліме деген құрметім жоғары деңгейде. Өйткені қазақ әдебиеттерін жақсы көремін. Мұхтар Шахановтың кітаптарын өте қызығып оқып, өлеңде­рін жатқа білемін. Қазақ жазу­шыларының шығарма­ларын «кітап құрттары» секілді оқитынмын. Жақында Қорқыт ата университетіне ағылшын тілі маманы келді. Сол кісіден сұраған кезде «маған орыс тіліне қарағанда қазақ тілінің дыбысталуы өте қатты ұнайды, мен қазақ тілін үйренгім келеді» дегенде таңғалдым әрі қуандым. Бұл басқа ұлттардың қазақ тілін үйренуге ниетті екендігін көрсетеді.

– Арнайы курсқа бар­май-ақ, өз бетінше тіл үйренуге бола ма?

– Кез келген адам өз бе­тінше тілдің алғашқы кезеңін үйренуге болады. Алайда практикалық түрде үйрену де қажет. Сондықтан арнайы курстан немесе ма­маннан үйренген дұрыс. Тілдердің жазбаша түрін үйден үйренгенмен, айтылуы мен оқылуы қиынға түседі. Негізі тіл үйрену белгілі бір жасты таңдамайды. Адамға қажеттілік болған кезде тез үйреніп алады деп ойлаймын. Тіл үйрету орталығында жұ­мыс істегенімде бізге 52 жастағы апай келіп, ағыл­шын тілін үйренді. Ол кісі 2-3 айда ағылшын тілін бірінші деңгейде үйреніп шықты. Сондай-ақ ағылшын тілін үйренуге төрт жастағы баланы берген. Бұл ертерек әрі қиындау. Негізінен 7-8 жастан кейін тіл үйретіп бастаған дұрыс. Яғни бүгінгі заман  талабы көп тіл білуді қажет етеді. Бүгінде балаларға қосымша тілді үйренудің еш артығы жоқ.

– Тіл үйрену үшін нені ескеру керек. Сізден лайфхак?

– Тіл үйренген кезде сол елдің салт-дәстүрін ескеру қажет. Біздің тілде де диалект сөздер кездеседі. Қай кезде қай сөзді айтқан дұрыс. Оның өзінің заңдылықтары бар. Мәселен, корей тілінде үлкен адамдарға сыпайы түрде сөйлесе, жастарға бас­қаша түрде айтылатын фор­масы бар. Егер үлкен адамды жастарға сөйлегендей қаратсаңыз, дұрыс түсінбей сізді сөгіп тастауы мүмкін. Сондықтан да ең бірінші салт-дәстүрін үйрену, есте сақтау маңызды.

– Көп тілді білу үшін орта әсер етеді деп жатады. Қазақы ортада өзге тілдерді ұмытып қалмайсыз ба?

– Әрине, оның үлкен әсері бар. Сол үшін де ұмытып қалмас үшін бір айда бір тілді қайталап отырамын. Әр айда бір күнді әр тілге арнап, киноларын көремін, сол тілде кітап оқимын.

– Кітапты қай тілде оқисыз?

– Қазіргі уақытта қазақ авторларының әдебиеттерін және орыс тіліндегі психоло­гиялық, яғни өзін-өзі дамыту тұрғысынан жазылған кітап оқудамын.

– Тіл үйренем деп қы­зығушылық танытушы­ларға курс ашу ойыңызда жоқ па?

– Осы уақытқа дейін тіл оқыту курстарында жұмыс істедім. Полиглот орта­лығында кішкентай бала­ларға ағылшын тілін қазақ, орыс топтарына үйреттім. Бірақ курс ашу әзір ойымда жоқ. Өйткені үлкен жауапкер­шілікті, практи­ка­лық жұмыс­ты талап етеді.

– Сіз үшін қай тілде сөйлеген қызық әрі оңай?

– Түрік тілінде сөйлеген оңай. Осы тілде ойымды оңай жеткізе аламын. Алай­да ортам қазақ тілінде сөйлегендіктен ана тілінде сөйлеймін. Ал отбасымда анам өзіне практика ретінде менімен орысша сөйлеседі. Отбасында үш ағайындымыз. Бауырларым тіл үйренуге қатты қызыққан емес. Тек енді ағылшын курстарына қатысып жүр.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: