Сенбі, 27 сәуiр, 12:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

«Ziуatker» инновациялық мектеп-лицейінің негізін салушы Руслан Дүлдүл: «Бұл күннің маңызы зор»

15.10.2022

1139 0

Президент ҚасымЖомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жуық арада жүзеге асатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы туралы айтып, елдің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін қозғап, сол бағытта атқарылатын ісшараларды белгіледіІзгі мақсатты жүзеге асыру үшін аға буынның үлесі қандай? Біз «Ziуatker» инновациялық мектеплицейінің негізін салушы Руслан Дүлдүлмен осы бағытта әңгіместік.

– Руслан Кажданбекұлы Президенттің жаңа Жолдауынан не түйдіңіз?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында кезек күттірмейтін бас­та­маларға, ел экономикасын жетілдіруге, инфрақұрылымды  дамытуға, шағын және орта бизнесті нығайтуға, ауыл  шаруашылығы  секторын қарқынды  дамытуға ерекше  басымдық  берілді.  Жолдауда  еліміздің  әрі қарай  дамуы үшін бірқатар  бағыт  ай­қындалып, нақты тапсырмалар  берілді. Білім  саласына баса  назар аударып, сапалы  білім берудің маңыздылығын атап көрсетті. Ел  игілігі  үшін  жасалып  жатқан әлеуметтік маңызды салалардың  жаңғыруына тың  серпін  беретін  жобаларды  ұсынуы қуантарлық  жағдай дер едім. Жалпы, Мемлекет бас­шысының жолдауында айқындалған баста­малар еліміздің саяси жүйесін және әкімшілік-аумақтық құрылымын барынша өзгертуге бағытталған. 

– Жолдауда, әсіресе жоғары білімді қолжетімді ету, жастарды жұмыспен қамту мәселесіне назар аударғаны белгілі. Осы тұрғыда қандай нық қадамдар қажет?

– Президент жаңа жолдауында: «Білім беру саласының басты міндеті – білім беруді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны орындай отырып, осы саланың сапалы қызмет көрсету аясын кеңейту» – деген еді. Қай сала­да болсын, жұмыстың нәтижесі сапамен өлшенеді. Білімнің сапалы болуы білім дә­режесі мен іздену шеберлігіне байланысты. Білімнің құндылық ретіндегі сипатына терең мән беруі, нәтижеге бағытталған білім беруде жаңа жолдар мен әдістерді табуға дағдыланған маман болуы қажет.

Президент Жолдауындағы «Ел болаша­ғына арналған стратегиялық  инвестиция» атты үшінші бағдарында еліміздің  болашағы дарынды, отаншыл  жастардың білім алуы үшін реформалардың орындалуына, қоғамдағы бірлік пен келісімнің, барша қазақстандықтардың жасампаз еңбегінің арқасында дамуда айтарлықтай өсім бола­тындығы  айтылды. Бұл жастарға жан-жақ­ты қолдау көрсетіп, білім алуға жасалған  мүмкіндіктердің бірі. Сонымен бірге  еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыру, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету, жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілуі, қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал ететін қадамдарды айшықтап беруі – жұмыссыздықпен  күресудің тиімді жолы деп білемін.

– «Бір жылдығыңды ойласаң күріш ек, он жылдығыңды ойласаң ағаш отырғыз, мың жылдығыңды ойласаң ұрпағыңды тәрбиеле» деген аталы сөз бар. Білім беру жүйесінің бір мақсаты жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру ғой. Осы жұмыстар бізде  қалай атқарылуда?       

– Қанша уақыт өтсе де өзінің құнды­лығын, өзектілігін жоймайтын бір маңызды мәселе бар, ол – жас ұрпақ тәр­биесі. Өйткені жас ұрпақтың өсіп-жетілгенде қандай болатыны ең алды­мен оның тәлім-тәрбиесіне тікелей бай­ланысты.  «Тәрбиесіз берілген білім – адам­заттың қас жауы», – деп  Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз айтып өткендей, жас ұрпаққа  білімнен бұрын дұрыс тәрбие берілуі қажет. Себебі білім алдыңғы орынға шығып, тәрбие кейіндеу қалып қойса, мұның арты адамның толыққанды тұлға болып қалыптасуына айтарлықтай кері әсерін тигізері хақ. Білім – қарапайым тілмен айтқанда, белгілі бір ақпараттар жиынтығы ғана. Ол санаға сіңіп, ойда қалады. Ал тәрбие адамның күллі жан-дүниесіне әсер етіп, тұлғалық  қасиеттерін қалыптастырады. Нарық заманында адами құндылықтардың өзгеріп кеткені рас. Ғаламтордың, жаңа технологиялардың, теле-өнімдердің қарыштап дамуы тәр­бие­нің насихаттық жағына кері әсер еткені сөзсіз. Егемен еліміздің болашақ ұрпақтарының сана-сезімін, ұлттық пси­­хо­логиясын, ата-бабаларымыздың салт дәстүрімен сабақтастыра отырып, тәр­­биелеу – ең өзекті мәселенің бірі. Егер бүгін бүлдіршіндер өз халқының рухымен тәрбиеленіп өспесе, онда елдің келешегі бұлыңғыр болмақ. Өйткені ұлттың барша мұрасы жастарға аманат етіледі. Ата-ана  мен  мұғалім бірлесіп   жұмыс  істегенде ғана бала  бойына  ізгі  қасиеттерді   толығынан  сіңіруге  болады. Олай болса, ұлт болашағын тәрбиелеуде еш қателеспей, өз үлесімізді қосу – әр­қайсымыздың азаматтық борышымыз.

– Жаңа Қазақстан – білімді жас­тардың қолында.  Сапалы білім беру үшін не істеу керек?

– «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауының басты бағытының бірі – білім саласы. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адам­ның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен-күнге айқындалып келеді. Бүгінгі заман білім беру жүйесі жан-жақты дамыған, өздігінен жұмыс істей алатын, үздіксіз білім алуға ынтасы бар жастарды дайындауды талап етеді. Себебі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында білім беру жүйесі жетекші рөл атқарады. Елімізде ондаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі білім беру моделі әлемдік көшке ілесуге ниетті. Ал оның алғышарттары жыл сайын қабылданатын мемлекеттік бағдарламалар. Бағдарламаның басты тетігі – білім, мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Демек, ұдайы дамып, үздіксіз жаңалықпен толығып отыруға бейім салмақты салаға артылған жүк те ауыр. Себебі интеграциялық даму мен инновациялық өрлеу қа­рыштаған сайын бірқалыпты жүйемен көшке ілесу мүмкін емес. Осы ретте, нарықтық эко­но­мика тұсында сапалы білімнің қолжетімділігін қам­тамасыз ету­ге қаржыландыру жүйесін оң­тайландырып, білімнің бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру маңыз­ды деп білемін. Сапалы маман даяр­лау бағытында жан-жақты жұмыс істеудегі миссиямыз – сапалы білім беру. 

– 25 қазан – Республика күні биыл ресми статусына қайта ие болды. Атаулы күнді қайтарудың маңыз­дылығы қандай?

– «25 қазан – Республика күні» деп ресми түрде жариялануы еліміздің тәуел­сіздік жариялауына негіз болған айту­лы күн. Дәл осы күні 25 қазанда қазақ елі декларация жариялап, мем­лекет­тің тәуелсіздігін айқындады. Тәуелсіздігіміздің кірпішін қалаған бұл күнді мерекелеу қазақ халқының қуа­нышы деп білемін.

Республика күнінің мемлекеттік деңгейде, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа ортақ мереке ретінде той­лануы – халқымыздың бойына қуат, жүзіне қуаныш сыйлаған оң шешім деп білемін! Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өту – жастарға патриоттық сезім сыйлайды. Осы күні еліміздің Тәуелсіз мемлекет ретінде маңыздылығын айқындайтын іс-шаралар ұйымдастыруы қажет. Отанға, елге деген жас буынның құрметін арттыру керек.

– «Мақсатқа жету үшін мемлекеттік аппаратты жаңарту немесе кадрлық ауыс-түйіс жасау жеткіліксіз. Өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс», – деді Президент. Осы елдің азаматы ретінде жаңа Қазақстанның құрылуына қан­дай үлесіңізді қосқыңыз келеді?

– «Өмірден үйренген адамдар ғана ұлтының ұлы перзенті бола алады», – деген екен Қытай реформаторы Дян Сяопин. Осы сөз ойға оралған сайын, «елімнің дамуына қосқан үлесім қандай?» деген сұрақ туындайды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қай сала болмасын білімді, жасампаз, жан-жақты дамыған мамандарды қажет ете­ді. Осы бағытта еліміздің ертеңі болатын мамандар даярлауға өз үлесімді қосып, «Жас кәсіпкерлерді қолдау» мақсатындағы жоба аясында қаламызда ал­ғашқы ашылған жекеменшік 600 орын­дық «Ziуatker» инновациялық мек­теп-лицейінің негізін салып, сапалы білім беру бағытында үздіксіз жұмыс істеп, жас ұрпақтарымыздың бойына ең жақсы деген қасиеттерді дәріптеуге қосар үлесім арта берсе екен деймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: