Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 13:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бұл салаға ердің ері шыдайды

18.10.2022

911 0

Құтқарушы – ең қауіпті мамандықтың бірі. Оларды бейбіт күннің батыры деп айтуға әбден болады. Өз өмірін қауіпке тігіп, өзгенің өмірін аман сақтап қалуды азаматтық борышы санайды. Талай мәрте ажалмен бетпе-бет кездесіп, сан мыңдаған тағдырға қайта өмір сыйлауда. Осындай ерлікке толы еңбектерін олар күніне бірнеше мәрте атқарады.

Мың түрлі саланың ішінде қиындығы мен қызығы қатар жүретін құтқарушылар күні күрең күздің екінші айында аталып өтеді. Құтқарушылар өмiрі тәуекелге толы. Бұл түрлi табиғи және техногендiк апаттар­дан адамдарды құтқаруға бағытталған адамгершiлікке толы, игілікті іс. Қай уақыт­та болсын, құтқарушы мамандығының мәр­тебесі биік екені сөзсіз. Өйткені олар су тасқыны, өрт, апаттар, тіпті қарапайым тұр­мыстық мәселелерде де алдыңғы қатарда жүреді. Осындай келеңсіздікке кездес­кен уақытта ең бірінші құтқарушылар қызметіне жүгінетініміз жасырын емес. Қиындыққа қарамастан қажыр қайратымен лаулаған оттың ортасына кіреді, қиындықта қалған адамды құтқарып, қытымыр қыстың аязында қалғандарға да қол ұшын созады. Міне, ерлік деп осындайды айтса керек-ті!

– Төтенше жағдай кезінде жұмыстың дұрыс үйлестірілуі және ұжымның ауызбір­шілігі аса маңызды. Батыл мамандар ел­дің кез келген жеріне жедел көмекке келу­ге дайын. Адам өміріне қауіп төнген уақытта еш кідіруге болмайды. Қарапайым құтқарушыдан мамандандырылған жасақ қай кезде де өз ісіне адал. 2022 жылғы 9 айында Қызылорда облысы Төтенше жағ­дайлар департаменті «Өрт сөн­діру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесіне 9422 мәрте шақыр­ту түскен. Оның ішінде жедел құтқару жасағы 624 рет шықты. Өткен жылы 6950 шақырту түсіп, жедел құтқару жасағы 586 рет жолға шыққан. Өткен жылмен салыс­тырғанда құтқарушылар көмегіне жүгіну жағдайы 26,3 процентке көбейген. Жедел тактикалық салада ең маңызды және қиын ұйымдарда және ауыл­дық, аудандардың елді мекендерінде өрт сөндіруді ұйымдастырау мақсатында, әр түр­лі нысандарға 39 өрт-тактикалық жаттығу өткізілді. Сонымен қатар ағым­дағы жылы 20 маман тұрақты жұмысқа орналасты. Айта кету керек, оның ішінде арнайы іс тәжірибеден өткен мамандар мен оқу бітірген жастарда бар. Тағы бір айта кетерлігі осы салада жет­кен жетістіктеріміз де бар. Өрт сөндіру-құтқару спортынан XXVIII ерлер арасында VIII әйелдер арасындағы чемпионаты Сыр өңірінде өтті. Жалпы 400-ден аса спортшы қатысқан шарада  Қызылорда облысының қыздар командасы жауынгерлік қанат жаюдан жүлделі екінші орын жеңіп алса, шабуыл сатысымен оқу мұнарасының 2-ші, 4-ші қабатына шығу бойынша ерлер құрамасы 3 орын иеленді. Сондай-ақ 7-17 қыркүйек ара­лығында Алматы облысында өткізілген «КАЗҚҰТҚАРУ-2022» оқу жатты­ғында Сыр құтқарушылары қанжы­ғаларына жүлделі 2 орынмен марапатталды. Бұл – осы саладағы Сыр тарихындағы алғашқы жеңіс. Су астында іздестіру кезеңі бойынша 1 орын,  үйінділер арасынан іздес­тіру-құтқару кезеңі бойынша 2 орын, кросс күштік жаттығу бойынша 1 орын иеленді. Мұның барлығы құтқарушылардың кәсіби біліктілігін арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға насихаттайтын шара­­лар деп есептеймін. Кәсіби мереке қар­саңында әріптестеріме амандық, жұ­мыстарына абы­рой тілеймін. Бірқатар ма­мандар мереке қар­саңында министрлік тар­апынан арнайы медальдар мен алғыс хат­тармен марапатталды. Біз үшін ең бірін­ші адамның амандығы. Бұл жұмыс барысын­да қызметкерге қойылатын талап, – дей­ді облыстық ТЖД өрт сөндіру және ава­риялық құтқару жұмыстары қызметінің бас­тығы, азаматтық қорғау полковнигі Әбділда Баякеев.

– Мен ешқашан құтқарушы боламын деп ойламадым. Бірақ бұл салаға мені өмірдің өзі әкелді. Мен өзімді абыройлы мамандық иесімін деп санаймын. Сондықтан жұмысыма еш өкінбеймін. Күн сайын сан түрлі қоңы­раулар келіп түседі. Мысалы, жабылып қалған пәтер есігін ашу үшін хабарласады, өйткені үйдің ішінде кішкентай бала жалғыз қалып қояды. Қар көшкіні кезінде, зиянды заттармен уланған жағдайда тұрғындар біз­дің көмегімізге зәру. Құтқарушылар әрбір қысылтаяң сәттің артында адам және оның өмірі тұратынын біледі. Кез келген адам құтқарушы бола алмайтыны анық. Бұл мамандықты тек таңдаулылар ғана атқара алады. Құтқарушы болу үшін жүрек керек. Өйткені біздің жұмыста ауыр да көтересің, төбеден жіппен де секіріп түсесін, қанды да көресің, алғашқы көмек те көрсетесің. Сондықтан бұл жұмысқа ер мінезді адамдар ғана шыдай алады. Құтқарушылар оқиға орнында алдымен баскиім, қолдарына арнайы қолғаптарын киюді ұмытпау керек. Ол өте маңызды талаптардың бірі. Негізі­нен құтқарушы мамандығына жастар көп қызығушылық білдіруде және бұл өте жақ­сы. Өйткені жасы 30-дан асқандардың көбі биіктіктен секіру, тез жүгіру сынды нәр­селерді орындай алмай жатады. Ал жастар­дың бойында күш-қуат тасып тұрады. Бұл мамандыққа кездейсоқ адам келмейді, – дейді сүңгуірлік құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Бағдат Әлжанов бізбен әңгі­месінде.

Р.S. Ержүректілік, батырлық, жанқиярлық – құтқарушыларға тән қасиеттер. Салмағының өзі бес келіге жуық болатын киімді небәрі он сегіз секундта киіп болуың керек. Брезент киім арнайы құтқару жасағы жұмысшыларына арналып тігілген. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, үстіңде қалың киім, қолыңда ұзын су шлангасы, арқаңда он бес келілік ауа аппараты бар. Онымен қоса жауынгерлік балта, каска, қол шам тағы бар. Осыларды арқалай жүріп, отыз екі метрлік сатымен төмен қарай адам алып шығуың міндетті. Міне, ерлік деп осыны айт. Расымен, сіз бен біздің бас амандығымыз әуелі өзімізге содан соң мамандар біліктілігіне байланысты. Ендеше, құтқарушылар еңбегін қалай мадақтап, қандай марапат ұсынсада жарасады. Әрбір құтқарушы – қаһарман. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған саяды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: