Зайырлы мемлекеттегі қоғамда діндар да, дінсіз де, құдайды мойындағанмен, құлшылық жасамайтындар да қатар өмір сүре алады. Олардың барлығы зайырлылық қағидаттарын, зайырлы мемлекет заңнамаларын мойындамаса оның аясында тіршілік ете алмас еді. Яғни зайырлы көзқарастарды қабылдап, олардың да дамуға құқылы екенін мойындау – зайырлы мемлекеттегі дінді-дінсіз әрбір азаматқа тән ерекшелік.
Дәстүрлі діндер іліміне сәйкес, діндар адам туған жерін, халқын, отбасы мен мал-мүлкін қорғауды қасиетті борышы деп санайды. Діндар адамның зайырлы және діни құқығы әрі міндеті – білім алу. Білім игеру, сауатты болу – ислам діні мен зайырлы азаматтық кодекс нормаларында әрбір адамға жүктелген парыз.
Бейбітсүйгіштік, зиялылық, имандылық, шапағат, қайырым, мейірім – дінді дұрыс түсініп, шынайы сеніммен ұстанушының бойынан табылатын қасиеттер. Бұл қасиеттер зайырлылықтың моральдық-адамгершілік қағидаттарымен толығымен үйлеседі.
Діндар адам – діни және зайырлы құндылықтарды қатар ұстанып, қадірлейтін тұлға. Өйткені жоғарыда келтіргендей, зайырлылық пен дін – адам өмірінің басым салаларында бір-бірімен үйлесетін құндылықтар. Сондықтан діндардың да оларды бірге ұстануы ешбір моральдық-этикалық нормаларға қайшы келмейді. Діндар адам осы тұрғыдан алғанда зайырлы немесе діни мемлекетте өзін еркін құқық субъектісі ретінде таниды.
Ислам діні мен зайырлылықтың үйлесетін ортақ құндылықтары көп. Олардың қатарына мысалы қоғам мүшелерінің діни, саяси және тағы басқа ұстанымдарына тағаттылық таныту мәселесі жатады. Сонымен қатар діни заңнамаларда зайырлылық қағидаттарындағы «өзгенің ақысына қол сұқпау» немесе «өзгелердің құқығын құрметтеу секілді талаптарды сақтау парыз деп берілген. Осыған орай дінді шынайы ниетпен ұстанған әрбір діндар өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, басқа адамдарға дініне, ұлтына немесе саяси ұстанымдарына қарамай зиянын тигізбеуі керек.
Өзара тағаттылық – басқалардың діни сеніміне мәлімгерлікпен, құрметпен қарау әрі өзге діни танымдарды шеттетпеу деген мағынаны білдіреді. Толеранттылық терең мағыналы ұғым ретінде қоғамдағы демократия, адам құқықтары мен бостандықтары, диалог мәдениеті, мәдениетаралық байланыс, саяси плюрализм, этикалық плюрализм, мәдени плюрализм ұғымдарымен тығыз байланысты. Бұл ұғым қазір әлеуметтік, жеке, саяси, құқықтық, идеологиялық, коммуникативті, этикалық, педогогикалық, тұрмыстық салаларда кеңінен қолданылады.
Әлемдік барлық діндер адамды дұрыс және бұрыс нәрселерді ажыратып, жақсысын қабылдап, жаманынан бас тартуға шақырады. Адамның және адамзаттың мінез-құлқы мен адамгершілік қасиеттерін көркейту – зайырлы және діни қағидаттардың ортақ мақсаты.
Қоғамға шынайы пайдасын тигізетін, белсенді азаматтық ұстанымдағы тұлға ізгі адам болып қалыптасады. Діни моральдық түсініктерге тән бауырмал, көмекке зәру жандарға дініне, ұлтына немесе саяси ұстанымдарына қарамай шама-шарқынша қол ұшын созу мейірімділік пен қайырымдылық, қайыр-садақа және зекет беру, адал еңбек ету сынды көптеген құндылықтар зайырлы тәлім-тәрбиенің алтын өзегін құрайды.
Балауса СЫЗДЫҚОВА,
Қызылорда облысы дін
істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің журналист маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!