Сенбі, 27 сәуiр, 10:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қант жеткілікті болса, байбалам неден туды?

15.03.2022

806 0

Елімізде соңғы күндері қант тапшылығы туралы жиі айтыла бастады. Әсіресе әлеуметтік желілерде азық-түлік бағасы күрт өсіп, қант тапшылығы болады деген дүрбелең хабар халықты алаңдатып қойды.

Осындай хабарламадан соң тұрғындар сауда үйлерінде ұзын-сонар кезекке тұрып, жаппай қант сатып алуда. Соның салдарынан дүкендерде аталған өнім қалмай отыр. Кейбір жеке кәсіпкерлер осы жағдайды пайдаланып, қант бағасын көтерді. Ал ірі сауда үйлері қантты тәулігіне шектелген мөлшерде шығаруға мәжбүр. Осылайша қант қымбаттағаны рас. Біздің аймақта оның келісі 460 теңгеге жетті. Осы мақаланы жазар кезде де дүкендерге барып, бағаларын салыстырып көрдік. Әрқайсысы әртүрлі бағаны айтып отыр. Жасанды дүрбелеңнің нәтижесінде қантқа сұраныс артып, алыпсатарлықтың көбеюі орын алуда.

Алайда мамандар «Үш айдан кейін қор таусылып, қант тапшылығы болады» деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Қант жеткілікті болса, байбалам неден туды? Бұл жерде бір түсініспеушілік болған сияқты.

– Бүгінде елде қант тапшылығы жоқ. Сауда желілері мен тұрақтандыру қорларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының қоры кемі үш айға жетеді. Сонымен қатар қант өндірісі жалғасып жатыр, тоқтамайды. Яғни «үш айдан кейін қор таусылады, қант тапшылығы болады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды», – деп мәлімдеді сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Әлішер Өмірзақ.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Маратқызының айтуынша, алаңдайтын ештеңе жоқ. Өңірде қант тапшылығы болмайды. Себебі Қазақстанның қант өндірісі күнделікті өндірілуде. Ал сырттан алынатын қант көлемі өз деңгейінде жүргізіліп отыр. Нәтижесінде қант қоры үнемі жүйелі түрде толықтырылып келеді. Осыдан 6 жыл бұрын, 2016 жылы да қанттың қымбаттауына байланысты біраз шу шыққан еді. Сол кезде шамамен қант бағасы 300 теңгені құраған. Енді міне, араға бірнеше жыл салып, ел арасында тағы да осы мәселе туындап отыр.

– Қазіргі кезде облыс бойынша 334,2 тонна шамасында қант қоры бар. Оның ішінде сауда үйлерінде 106,6 тонна, ал тұрақтандыру қорында 100 тонна өнім бар. Бүгінде аймақта 36 әлеуметтік дүкенде және ірі сауда орындарының әлеуметтік дүкендерде және ірі сауда орындарының әлеуметтік бұрыштарында қант келісі 263 теңгеден сатылуда. Мамандар бірінші кезекте қажет деп табылатын әлеуметтік азық-түліктердің бағасына күн сайын маниторинг жасап отыр. Айта кетейік, алдағы аптада тұрақтандыру қорына «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы қосымша 136 тонна қант келеді. Жыл соңына дейін 3314,8 тонна қант жеткізу көзделуде, – деді Айнұр Маратқызы.

Сонымен қатар «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жеңісбек Ахметовтің мәлімдеуінше, алыпсатарлыққа жол бермеу үшін әлеуметтік дүкендерде және бұрыштарда бір адамға 2 келіден босатылуда. Сондай-ақ бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік дүкендерде және бұрыштарда барлық 19 әлеуметтік маңызы бар өнім нарық бағасынан төмен сатылуда. Бүгінде барлық облыс бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге әкімдіктер бірлесіп, әр өңірге ай сайын тұрақтандыру қорына жеткізілуі ұйымдастырылуда. Барлық өнім қорлары тұрақты түрде толықтырылып отыр. Сондықтан елімізде азық-түлік өнімдеріне тапшылық байқалмайды.

Қазір әлеуметтік желіде халықтың пікірі екі тарапқа бөлінуде. Бірі «Бүгін жұрт тағы да тамаққа таласып жатыр. Себебі 2020 жылы таласып алған майымнан 5 литр әлі екеуі, бір қап ашылмаған ұн, 5 келі қант, күріштің соңын аштым, горох, гречка дегендер толып тұр. Екінші рет ұрынбаймын» десе, енді бірі қантсыз да өмір сүруге болатынын жарыса жазуда. Азық-түлікті толтырып алғанның еш зияны жоғын ескертіп жатқандар да бар.

Алайда ҚР Сауда және Интеграция министрлiгiнің мәліметінше, азық-түлік өнімдерін өндіру тоқтамайды. Барлық қор жүйелі түрде толықтырылады. Бүгінде республика бойынша барлығы 1,5 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті. Оның ішінде ұн – 145,1 мың тонна, қант – 47,6 мың тонна, күріш – 40,2 мың тонна, макарон – 21,3 мың тонна және 1 млн тонна көкөніс өнімдері бар.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: