Сенбі, 27 сәуiр, 02:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Дипломмен ауылға» тиімді ме?

30.08.2022

1168 0

Бүгінде қалалармен қатар ауылдарды да дамыту, тұрғындарға жұмыс көзін ұсыну маңызды. Одан бөлек білікті мамандардың қатарын арттыру да ауыл жағдайының ілгерілеуіне өз үлесін қосады. Ауылдың қалыпты тіршілігін және ауыл-аймақтың әлеуетінің өсуін қамтамасыз ету, сонымен бірге ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік саланың сапалы қызметін көрсету, ауыл-аймақты тұрақты дамыту, елді мекенге жұмыс істеуге және тұруға келген сала мамандарын ынталандыру да маңызды. Бұл мақсатта жұмыс істейтін «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы да бар.

Ел Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысы мен Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығы негізінде жүзеге асатын бұл бағдарлама Қызылорда қаласына қарасты ауылдарда да жүйелі жүзеге асуда. Дипломы бар мамандар ауылдық жерге жұмысқа қалай орналаса алатыны және «Дипломмен ауылға» бағдарламасының артықшылықтары туралы қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас­шысы Нұрбек Әзірбек айтып берді.

− Денсаулық сақтау, білім беру, әлеу­меттік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласын­дағы мамандар және ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері апараттарының мемлекеттік қызметшілері ауылдық елді­мекенге жұмысқа орналасқан жағдайда, 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы және қажет­тілігіне қарай тұрғын үй сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 процент мөлшерiндегі сыйақы мөлшер­лемесімен бюджеттік несие түрінде әлеумет­тік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар, − дейді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Бағдарламаға қатысу үшін ауылдық жерлер аумағында елді мекенді таңдап, өздігінен онда жұмысты табу қажет. Өздігінен жұмысты іздеу мүмкіндігі бол­маса, облыстық әкімдікке жүгі­нуге болады. Сондай-ақ бос орын болуы туралы әкімдіктер сайтында да білуге болады. Кейін жобаға қатысу туралы өтініш­пен аудандық әкім­дік немесе аудандық маңызы бар қала әкімдігіне жүгіну керек. Онда арнайы комиссия құжаттарды қарап, шешім шығарады.

Ал әлеуметтік қолдау ша­раларын алу үшін қызмет беруші­ге мемлекеттік корпора­ция неме­се электрондық үкі­метке веб-пор­талына құжат­тарды ұсыну керек. Назарда ұстау керек шарт – қағидаға сәйкес әлеуметтік кө­мекті алушы ауылдық жерде ке­мінде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады.

Мысалы, Салтанат Қалиева Жақыпбек Махамбетов ауылын­дағы «Дәрігерлік амбулаторияда» медбике болып қызмет атқарады. Бүгінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін пайда­ланып отырған маман өзінің ауыл­дағы тыныс-тіршілігімен де бөлісті.

− Қызылорда облыстық меди­цина колледжінде «мейірбике ісі» бойынша білім алдым. Дәрігерлік амбулаторияда 2017 жылдан бері қызмет етемін. Жалпы бұл бағдарламаның тиімді тұсы көп. Атап айтсақ, баспана алу оңайырақ. 2 жыл бұрын аз пайыздық несиемен жас отбасы баспаналы болдық. Одан бөлек, айлыққа да ауылдық квота қосылады. Бұл да өз кезегінде «отбасылық экономикаға» елеу­­лі үлесін тигізеді. Жалпы ауыл­дық жердегі өмірді жаман деуге келмейді. Ауыл халқының бар­лығы қарапайым, тез сіңісіп кетесіз. Бұл дипломын енді алып, үлкен өмірге қадам басқан жас маманға қай жағынан да тиімді. Балаларымды балабақшаға ор­наластыруда да ешқандай қиын­дық туындамады, − дейді Салтанат Әлижаппарқызы.

Салтанат Бакенова да бағ­дарламаның игілігін көріп отырған маманның бірі. Ауыл балабақшасында тәрбиеші бо­лып қызмет атқаратын ол бү­гінде Қызылжарма ауылдық округінің тұрғыны. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 2015 жылы ауылға барған Салтанат Жанабергенқызы Қы­зылжармадағы «Сыр дидары» балабақшасында жұмыс істейді.

− Қорқыт ата университетін мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу мамандығы бойын­ша тәмамдадым. 2 жылдан кейін «Дипломмен ауылға» бағ­дарламасы туралы зерттеп біліп, ауылдық жерге жұмысқа тұруды жөн көрдім. 2018 жылы мемлекеттен берілетін жәрдемақыны алсам, биыл аз пайыздық несиемен баспана­лы болдық. Осылайша қызыл­жармалық отбасы атандық. Жалпы жұмыс істейтін адамға ауылда да барлық жағдай жа­салған. Бастысы, ешқандай қор­қынышқа бой алдырмай, өзіңе сену керек. Мемлекет ауылға келген мамандарға мүм­кіндігінше бар жағдайды жасаған. Азаматтар бұл бағдарламаның маңыздылығын түсініп, ауылға көптеп тартылса, − дейді «Сыр дидары» балабақшасының тәр­биешісі.

P.S. Биыл Қызылорда қа­ласына қарасты ауылдарда қызмет ететін 110 маман көтерме жәрдемақыға өті­ніш беріп, оларға жалпы саны 33 млн 693 мың теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ бюджеттік кре­дитке 114 млн 863 мың бөлі­ніп, ауылдық елді мекендегі 22 маман баспанаға несие алған.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: