Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ел экономикасының темірқазығы

16.11.2021

2755 0

«…Қазақстан Республикасы аумағында 1993 жылғы 15 қарашада сағат 8-00 ден Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілсін; 1993 жылғы 18 қарашада сағат 8-00-ден бастап теңге Қазақстан Республикасының заңды төлем құралына айналды».

Бұл – 1993 жылы 12 қарашадағы Президент Жарлығынан үзінді. Ресми құжат қазақ елінің төл теңгесінің дүниеге келуіне сеп болды.

Ел тәуелсіздігін алып, әлі де аяғынан нық тұрмаған елең-алаң шақтағы тарихи шешімнің бірі – қазақ елінің төл валютасын айналымға енгізу еді. Құн­сыз ақша, азық-түлік тапшылығы, күн­көріс қамы секілді күйбең тірлікке ай­налған қарапайым елдің бір күнде «ақша ауысты» деген селт еткізер жаңалықты қандай көңіл-күйде қабылдағанын сол кездегі ойын баласы болған біздер біле бермейміз. Тек үлкендердің бүгінде жыр қып айтар естеліктеріне сүйенсек, әбден құнсызданған сабан ақшаны санаулы теңгеге айырбастағанын, ағайыннан қарыз алған 1000 сомының бар болғаны 1-2 теңгеден аспағаны қызық. Тек бір айта кетерлігі, қарапайым халық үшін ең алғашқы әсер теңгенің құнынан бұрын дизайны қызықтырғандай. Тағы да аға буын естеліктеріне құлақ түрсек, төл теңгені қолға алып, Сүйінбай, Абай, Құрманғазының бейнесін қызықтап, мұны тосын әрі қызық көргенін алдымен атап айтады. Бір күнде ауысқан ақшаның, босағадан жаңа ақша ғана емес, рухани байлық болып енгені әр қазақ отбасына қуаныш сыйлағандай. Осы тұста бір айта кетерлігі, жаңа валютаның дизайны ұзақ талқыланады. Тіпті Тұңғыш Президент бейнесін салу секілді идеялар да болады. Алайда…

– Алғашқы эскиздерді Алматы қаласында жасадық. Түрлі идеялар болды. Министрлер, ғалымдар, тарихшылардың қатысумен қай­та-қайта талқыланды. Еліміздің табиғат көріністері, көне заман ескерткіштері, жаңа сәулет ғимараттары ұсынылды. Сонымен қатар еліміздің тұңғыш Президентінің бейнесі де ұсынылды. Алайда Елбасының өзі қарсы болды. Ең соңында белгілі тұлғалар бейнеленген эскизді комиссия мүшелері қолдады, – дейді теңге дизайнын жасауға атсалысқан сырбойылық суретші Ағымсалы Дүзелханов.

Ел экономикасының темірқазығы

Шыны керек, жұртшылық үшін бір күнде  теңге пайда болғандай көрінетін осы бір тарихи сәт үшін тәуелсіз ел мемлекеті жіті дайындық жасады. Англияның фаб­рикасында төл теңгені дайындау, уақытпен санаспаған дизайнерлер еңбегі секілді жіті дайындық процесінен кейін ғана жарқ ете қалған төл теңге 1993 жылдың 15 қа­рашасында қазақ елінің ұлттық валютасы ретінде айналымға енді.

 Қиын да жауапты істі қалай атқарғанын суретші Ағымсалы Дүзелханов былай деп еске алады.

– Тәуелсіз елдің алғашқы валютасын дайындаудамыз. Кеңес Одағының ақшасы құнсызданып, халықтың тұрмысы төмендеп қалған кез. Тезірек өз теңгемізді жасауға үлкен шабытпен жұмыс істедік. Уақыт тығыз. Үкімет тезірек аяқтауға жоспар берген. Біздің жұмыс істейтін офисіміз Лондон қаласынан үш сағаттық жерде орналасқан. Жолға уақыт кетеді. Мен фирма басшыларына түсіндіріп, қонақүйден шықпай жұмыс істеуге рұқсат алдым. Сурет құралдарын, қағаз, үлкен микроскопты қонақүй бөлмесіне әкеліп берді. Енді теңгенің суреттерін нағыз шығатын көлемінде салу керек болды. Көлемі өте майда суреттер. Микроскоп ар­қылы сурет салуға мәжбүр болдым. Бұрын-соңды микроскоппен сурет салып көрмегем. Акварель кистінің бір ғана қылымен барлық суретті салып шықтым. Қиын да қызықты жұмыс болды, – дейді А.Дүзелханов.

 Бүгінде айналымға енгеніне 28 жыл толған теңге осы уақыт ішінде дизайны түрленіп, қорғаныштық қабілетін жетілдіріп отырды. Тәуелсіз елдің  дербес қаржылық экомикалық жүйесін қалыптастыруға сеп болған төл теңгенің тәуелсіздік тарихында орны бөлек.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: