Бейсенбі, 28 наурыз, 19:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Отыз күн ояу

16.02.2021

2125 0

Күні кеше жергілікті мәслихат депутаттарының қолына мандат алып, жұмысқа кіріскеніне тура бір ай болды.  VІІ шақырылған қалалық мәслихатта үш партияның өкілдері бар. Атап айтқанда «Nur оtan», «Aq jol», «Қазақстан халық партиясы» атынан сайланған барлығы 22 депутат ел сеніміне қызмет етуге кірісіп кетті.

Жалпы жауапкершілік арқалаған депутаттарға қоғамда айтылатын өкпе-наз да аз емес. «Сайлаудан кейін жоқ болып кетті, уәдесі қайда қалды, депутатты танымаймыз» деген секілді пікірлер қай кезде де кейбір халық қалаулылары атына айтылып жатады. Осы орайда «халықтың үні, құлағы, көзі» саналатын баспасөз өкілі ретінде биылғы қалалық мәслихат депутаттарының отыз күн ішінде нендей жұмыс атқарып үлгергеніне шолу жасадық.

Депутат болсам деген үлкен мақсатпен халықтың аманатын арқалаған қалалық мәслихаттың бұл жолғы депутаттарында бір серпіліс сезіледі. Ел сеніміне селкеу түсірмес үшін қолына мандатын ала сала білек сыбана ел мүддесіне қызмет етуге кіріскендер де бар. Тіпті бұрынғыдай 6 айда бір, жыл соңында немесе сайлау науқаны кезінде ғана емес, күн сайын халықтың ортасынан табылып жүрген депутаттар да кездеседі.

Бұған дейін де депутат, қалалық мәслихат хатшысы жауап­кершілігін арқалап көрген, бір сөзбен айтқанда мәслихат жұ­мысынан тәжірибесі мол қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев жетінші шақырылған қалалық мәслихаттың хат­шысы болып сайланғаны белгілі. Оның мол тәжірибесі жаңа құрамның белсене жұмысқа кірісуіне әсер етсе керек. Өзі бастап, әріптестері қолдап, ел сеніміне қызмет етуге үлкен дайындықпен келгендей.

Қалалық мәслихат депутаттығына «Nur оtan» партиясы атынан сайланған  Анар Ізден мандат алған күннен бастап дамыл таппай келеді. Сайлауға дейін де үй аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған ол депутат болып сайланған соң  белсенділігін тіпті күшейте түсті. Бірде саяжайларда, бірде мұқтаж отбасылардың жанынан табылған Анар Ізденді сайлаушы іздемейді, ол сайлаушысын өзі іздеп, мәселесін шешуге ұмтылып жүр. Бір ғана мысал, мұқтаж отбасыға қытымыр қыста өз қалтасынан көмір түсіріп беруі – оның әрбір сайлаушының жағдайына бей-жай қарай алмайтынын байқатады.

Қалалық мәслихаттағы белсенді әрі тыным таппайтын депутаттың бірі – Ерлан Мұсаев. Мәслихаттағы жас депутаттың қатарынан болса да қаладағы көп мәселенің шешімін табуына үлесін қосып келеді. Депутаттың айтуынша, бір ай ішінде қолға алған мәселелері аз емес. Мәселен, қаладағы Өсербаев, Әйтеке би көшесі бойындағы көп­қабатты үйлерде жалдамалы пәтер­лердің көбейіп кеткендігінен тұр­ғындардың тынышы кеткенін мәселе етіп көтеріп қана қоймай, осы түйткілдің шешімін табамын дегенше басы-қасында жүрді. Құқық қорғау қызметкерлерімен бірге рейдке өзі де қатысып, бүгінде тынышы кеткен аумақта тәртіп орнағанын жеткізді. Сергек депутаттың отыз күн ішіндегі жұмысы бұл ғана емес. Денсаулығына шағым еткен сайлаушысымен бірге денсаулық мекемелерінің есігін қа­ғып, сайлаушылармен бірге қуанып, бірге мұңайып жүрген депутаттың бірі. Депутаттың тағы бір көтерген мәселесі – саяжай жайы да алдағы уақытта шешімін тауып қалады деген үмітте. Яғни бюджеттен қаржы бөлінсе, саяжайға жол түседі деп өзі де сайлаушылармен бірге сол күнді асыға күтіп жүр.

Депутат Айгүл Мұсабаева да отыз күнін босқа өткізбегенін айтады. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, бір ай ішінде 6 депутаттық сауал жолдапты. Қаладағы бос жатқан жер болса, сол жерге мүмкіндігінше спорттық алаң, балалар ойын алаңын көбейтуді ойлаған халық қалаулысының де­путаттық сауалының басым бөлігі де осы мәселелер. Сондай-ақ білім саласының өкілі ретінде мектептер мен балабақшалардың жайын да назардан қалдырмай келеді. «Депутаттық сауал­дарымның шешімін табуы алдағы уақыт еншісінде» дейді ол.

Айта кетелік, қалалық мәслихат аппараты депутаттар жұмысын үйле­сімді ету үшін депутаттарды 4 топқа бөлген. Яғни халық қалаулылары өз тобындағы аумақтың мәселесін шешуге үлесін қосады. Бұл да депутаттардың қаланың ортақ мәселесін шешуге жұмыла кіріскенінің көрінісі.

P.S. Сайланғанына бір ай тол­ған мерзімде біз белсенділігімен көзге түскен депутаттардың есімін атадық. Алдағы уақытта әрбір халық қалаулысының жұмысын көптің көзінен қалт жібермейтін боламыз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: