Тәуелсіздік – саяси құндылық ретінде саяси субъектінің дербестігі, өзін-өзі басқаруы және бостандығын қамтитын негізгі қағидат. Егемендік пен дербестік ұлттық бірегейлікті анықтауға ықпал етеді. Ол сыртқы бақылау мен үстемдіктен еркіндікті білдіреді. Көптеген елдер үшін саяси тәуелсіздікке қол жеткізу – тарихи кезең. Бұл жолдағы күрес отаршылдық, басқыншылық және сыртқы бақылаудан құтылу үшін күш салуды қамтиды.
Ел тәуелсіздігінің тарихи рөлі құндылықтар тұрғысынан қарастырған кезде терең және жан-жақты. Еркіндік алу – ұлт тарихындағы елеулі бетбұрыс. Ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын тарихи тұжырымдар, ортақ тәжірибе және мақтаныш сезімін қамтитын анықтаушы сәт ретінде қызмет етеді. Елдегі түрлі этникалық, мәдени және тілдік топтар арасында бірлік сезімін дамытуға көмектесе алады. Оның құндылығы жалпыұлттық бірегейлікті нығайта отырып, азаматтар үшін ортақ бағдар болды.
Тәуелсіздік бостандық, демократия және өзін-өзі анықтау секілді құндылықтарды насихаттаумен тығыз байланысты. Мемлекеттер бұл мұраттарды өздерінің негізгі құжаттарында тұжырымдайды және басқарудың жетекші қағидалары ретінде пайдаланады. Тәуелсіздік тарихын тәрбиенің құрамдас бөлігіне айналдырған маңызды. Әсіресе, ұрпақ бойында құндылықтар, отансүйгіштік пен жауапкершілік сезімін оятатын баяндаулар жасалғаны дұрыс. Ол ұлттың одан әрі дамуын анықтайтын тарихи мұраны қалыптастырады. Процестер позитивті түрде түсіндірілгенде ғана, құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа сәтті беріледі деп ойлаймыз.
Саяси тәуелсіздік өзін-өзі анықтау қағидасына сәйкес келеді. Халық өз тағдырын басқару, өз мүдделеріне қарай таңдау жасау, саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйелерді анықтауға ұмтылады. Азат елдер ішкі және сыртқы мәселелер бойынша шешім қабылдауға құқылы. Осы дербестік басқару құрылымдары, құқықтық жүйелер, экономикалық саясат және дипломатиялық қатынастарға таралады. Саяси тәуелсіздік халықаралық қауымдастықтың мойындауымен де байланысты. Тәуелсіз мемлекеттер халықаралық ұйымдарға және тең құқылы егеменді субъектілердің құқықтарындағы дипломатиялық қатынастарға қатыса отырып, әлемдік қоғамдастықта танылған мәртебеге ие.
Саяси ғылымдарда ел тәуелсіздігі ұғымы көп қырлы және бірнеше өлшемдерді қамтиды. Ең алдымен, егемендік саяси тәуелсіздіктің негізгі аспектісі саналады. Ішкі егемендік мемлекеттің өз территориясы мен халқына билігін білдіреді. Сыртқы жағынан мемлекеттің халықаралық жүйеде тең құқылы ретінде танылғанын көрсетеді. Саяси тәуелсіздік белгілі бір аумақтық кеңістікті бақылауды айқындайды. Бұл мемлекеттің өз шекарасы, жерді пайдалану және табиғи ресурстар туралы шешім қабылдай алатындығын дәйектейді.
Өзін-өзі билеу қағидасы ұлттың саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени тағдырын сыртқы араласусыз шешуге құқығы бар деген идеясынан туындады. Тарихи тұрғыдан алғанда, өзін-өзі билеу қағидасы отарсыздандыру процесінде шешуші рөл атқарды және тәуелсіздік алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, саясаттану ел тәуелсіздігін халықаралық құқық призмасы арқылы қарастырады. Мемлекет халықаралық құқықтың субъектілері болып саналады, ал олардың тәуелсіздігі құқықтық нормалармен қорғалады.
Тәуелсіз мемлекет өзінің ұлттық қорғанысы мен қауіпсіздігін сақтау мүмкіндігіне ие. Мемлекет қарулы күштер құра алады және өзінің қорғаныс саясатына қатысты шешім қабылдайды. Саяси ғылымдардағы ел тәуелсіздігіне қатысты басқа да түсіндірмелер мәселенің ішкі және сыртқы өлшемдері, құқықтық мәртебесі, мемлекеттердің жаһандық жүйедегі басқару өкілеттіктерін тану мен жүзеге асыруды жан-жақты талдауды қамтиды деуімізге негіз бар.
Тәуелсіздік еркіндік әкелумен қатар жауапкершілік те жүктейді. Мемлекет тиімді басқару, ішкі мәселелерді шешу және өз азаматтарының әл-ауқатын қамтамасыз етуге тиіс. Халықтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне ықпал етеді. Тәуелсіз мемлекеттер өздерінің қауіпсіздік саясатын қалыптастыру, басқа елдермен өзара мүдделер негізінде дипломатиялық қарым-қатынастар мен ынтымақтастық орнатуға құқылы. Әлемнің көптеген тәуелсіз елдері азаматтарға шешім қабылдау процестеріне қатысуға мүмкіндік беретін демократиялық басқаруды басшылыққа алады. Осы демократиялық қағидалар билік түптеп келгенде халыққа тиесілі деген идеяға сәйкес келеді.
Ел тәуелсіздігінің тарихи рөлі мемлекет қолдайтын құндылықтармен терең байланысты. Өзінің құқықтық және саяси мәртебесінен бөлек, уақыт өткен сайын ұлттың болмысы мен ұмтылысын қалыптастыратын мәдени, әлеуметтік және адамгершілік мәні бар құдіретті символ. Сондықтан тәуелсіздік – саяси құндылық ретінде ұлттардың бірегейлігі, бостандығы және өзін-өзі анықтауының құрамдас бөлігі. Бұл сыртқы бақылаудың жоқтығын ғана емес, халықаралық нормалар мен ынтымақтастық контекстінде азаматтардың әл-ауқатын тиімді басқару және қамтамасыз ету жауапкершілігін де білдіреді.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер секциясының қауымдастырылған профессоры
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!