Жексенбі, 24 қараша, 20:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Елдің тілегі – халықтың амандығы

11.01.2022

569 0

Отанды қорғау – әрбір азаматтың борышы. Қазірігі кезде арамызда әскерге бармай, борышын өтеуден қашып жүргендер көп. Елімізде орын алған келеңсіз жағдайдың бірден-бір себебі жұмыссыз, екі қолын қалтасына салып, бос жүрген жастардың көптігінің салдары. Олар өкінішке орай, арандатушы топқа еріп, ертеңгі күнін ойламады.

Қарап отырсаңыз, Абай хакімнің «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деген тәмсіл дәл қазіргі ұрпаққа арналып айтылғандай. Біз кезінде көгерген нанды жеп, тоқтық пен аштықтың қадірін біліп өстік. Соның нәтижесінде әскерде жүріп, жас болсақ та Отанды қорғауға атсалысып, кеудемізді оққа тостық. Мұны қазір ұл-қызыма мақтанышпен ұялмай айта аламыз.

Бұрын біздің кезімізде жігіттердің әскерге бармауын намыс көретінбіз. Сондықтан әскерге барып келу үлкен абырой саналатын. Ал қазір жастардың көбі әскерге барып, уақытын босқа өткізгенше, ақша тапқанды жөн көреді. Бүгінде ата-ана баласын әскерге жібермей, қарсылық танытуда. Оған себеп көп. Қазір әскерге деген қоғамдық көзқарас өзгерді. Бұрын да ол жақта дәл бүгінгідей темірдей тәртіп бар болатын. Ол бола береді де. Дегенмен ол кезде мұндай өлім-жітім, психикалық ауытқулар орын алған жоқ. Бәріміз де ұл-қыз өсіріп отырмыз. Қазір ер жеткен баласын «аппағым» деп, «үкілеп» бар тәттісін алдына қойып, айтқанын істеп отырған ата-ана көп. Бұл да баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Соның салдарынан бала қиындыққа төзбей, «жоқ» дегенді түсінбей өсуде. Оның үстіне әлеуметтік желі, компьютердегі түрлі ойындар жастардың миын улауда.  Бірақ олардың жағдайын жасап, бетінен қақпай өсіргеннің салдарынан жігіттер ұсақталып барады. Әрбір бала әскери өмірді көру керек. Отан алдындағы борышын сезіну қажет. Сондықтан ата-аналар «Балаңды аясаң, аяма» деген сөзді берік ұстануы тиіс. Сонда ғана отансүйгіш, ержүрек азаматты тәрбиелеп шығуға болады.

Жастардың басым көпшілігі әскерге барып, елдің, жердің, қара нанның қадірін ұғынса, елімізде мұндай келеңсіз жағдайлар болмас еді. Мына оқиғадан кейін халық бейбіт өмірдің бағасын ұғынған секілді. Бізге керегі елдің тыныштығы мен халықтың амандығы. Өкінішке орай қаншама отбасы қара жамылып, қаншама өрімдей жас өмірден өтті. Жап-жас балалар арандатушылыққа еріп, өз өміріне балта шапты. «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» демекші бүгінде еркектер бір күнінің өткеніне мәз секілді.

Жандос ӘЛІМБЕТОВ,

Ұрыс қимылдарының ардагері,

«Ардагерлер одағының (Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың)» республикалық ҚБ Қызылорда облысы бойынша филиалы төрағасының орынбасары.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: