Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар министрлермен кездесіп, өңір үшін маңызды жобаларды талқылады.
Алдымен аймақ басшысы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменовамен кездесті. Бүгінде Сыр елінің шаруалары республика бойынша күрішке деген қажеттіліктің 90 пайызын өтеп келеді. Нұрлыбек Машбекұлы шаруаларды алаңдатып отырған проблема – суару желілерінің қанағаттанарлықсыз жағдайын көтерді. Жыл сайын шамамен 2 млрд м3 су жоғалады, бұл республикадағы жалпы су шығынының жартысын құрайды. Мәселені шешу мақсатында өңір басшысы суару жүйелерін қалпына келтіру және жаңғырту жобаларын іске асыруды қамтамасыз ету, су бөлу процестерін автоматтандыру және цифрландыру керектегін ұсынды. Сондай-ақ, өңірдегі өзекті мәселенің бірі – Арал теңізі. Соңғы 12 жылда 8,5 млрд.м3 тартылған теңіздің жағдайы алаңдатарлық. Аймақ басшысы министрге маңызды мәселені айта отыра, вегетациялық кезеңде дарияның жоғарғы сағасындағы елдермен келіссөздер жүргізіп, мәселені шешу жолдарын талқылады.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлімен кездесу барысында Қызылорда облысының қоғамдық-саяси ахуалы туралы өзекті мәселелер мен жастар саясаты саласындағы жаңа бастамаларды талқылады. Министрдің ұсынысына сәйкес өңірде Дін басқармасы қайта құрылатын болды. Сонымен бірге, ашық азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс орнатудың жаңа тәсілдері талқыға түсті.
Аймақ басшысының ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевпен кездесуі барысында облыс әкімдігі тарапынан қабылданып жатқан қаулы-қарарлар мен нормативтік-құқықтық актілердің заңнамалық сипаттамалары сөз болды. Облыстағы норма шығармашылық қызметті жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровпен кездесіп, елді мекендерді дамыту мақсатында қаржыландыруға ұсынылатын жобаларды пысықтады. Аймақта аталмыш министрлікпен 2023 жылы жалпы құны 5 млрд.теңгені құрайтын 17 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Республикалық бюджетті нақтылау барысында тағы да 72 жоба ұсынылмақ. Атап айтқанда, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 7,6 млрд.теңгені құрайтын 41 жоба, «Облыс орталықтарын дамыту» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 17,1 млрд. теңгеге 23 жоба, «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша жалпы құны 6,5 млрд.теңге болатын 8 жоба бойынша өтінім берілді. Барлық жобалар елді мекендердің өзекті мәселелерін шешуге және тұрғындарға аса қажетті инфрақұрылымдық желілерді салуға бағытталған. Министрмен кездесу барысында Қызылорда облысының бюджетін көтеру, экономиканы әртараптандыру, кіріс көлемін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, нақты ұсыныстар айтылды.
Облыста білім саласын дамытуға бағытталған арнайы бағдарлама қабылданатын болды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың кездесуі барысында шешім қабылданды. Аталмыш бағдарлама – білім сапасын арттыру, оқу-тәрбие процесін жетілдіру, білім нысандарының инфрақұрылымын дамыту, бала саны көп мектептер жанындағы қосымша құрылыстар мен апатты жағдайдағы білім ошақтарының және бейімделген ғимараттардың мәселелерін шешуге бағытталатын болады. Облыстағы білім беру саласын жетілдіруге бағытталған бұл ұсыныстар министрлік тарапынан қолдау табатын болды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының қолдауымен облыста алдағы 3 жылда Ұлттық жоба аясында 21 жайлы мектептің құрылысы жүргізіледі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!