Ресей Украина жерінде «арнайы операциясын» бастаған тұста әлем елдері тұрмақ ресейліктердің пікірі екіге бөлінді. Бірі Мәскеудің бұл ісіне қолдау білдірсе, өзгесі Кремльдің әрекетін құптамады. Украинадағы қарулы қақтығыстың әсерінен бірнеше ел Ресейге жаппай санкция салды. Бұл шектеулер Ресейдің экономика, технология мен өндіріс секілді салаларына кері әсер етті. Рубльдің құлдырауынан бастап әлемдік серіктестерден айырылуы Ресей халқын алаңдатпай қоймады. Сол себепті туған жерін тастап, шетел асып кеткендер де жоқ емес. Осы мәселеге орай қоғамда «Қазақстан азаматтығын беру» туралы түрлі пікір айтылды.
Қазақстандықтар шетелден келгендерге Қазақстан азаматтығын беруді қатаңдатуды талап етіп, әлеуметтік желіде жаппай жазба жариялауда. Бірі «бізге шетелдік азаматтар керек емес» деп ұрандатса, өзгесі «жұмысымызды тартып алады, қоғамға кері әсерін тигізеді» дейді. Мұндай пікірдің болуы заңды еді. Себебі ешкім өз елінде шетелдіктер азаматтық алып шалқып-тасып жүргенін қаламайды. Ал ресми статистика не дейді?
Негізінен ресейліктер көбіне Германия, АҚШ пен Канадаға көшуді қош көреді екен. Ең алдымен, бұл елдерде тұруға рұқсат немесе азаматтық алу оңайырақ. Одан бөлек, еуропа елдерінде экономика әлдеқайда жоғары. Өмір сүруге де қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, «Левада-центр» зерттеу ұйымының пайымдауынша, 2022 жылы ресейліктердің 15 проценті өзіне және отбасына қолайлы әрі қауіпсіз деп шетелге қоныс аударуға ниетті. Оның ішінде студенттер шетелдің жоғары оқу орындарын оқығысы келсе, ересектер отбасы жағдайын жақсарту мақсатында дамыған елдерде жұмыс істегісі келеді. Одан бөлек экономикасы дамыған елдерге инвестиция құю арқылы әлеуетін арттырғысы келетін бизнесмендер де бар.
Елдегі жағдайға оралар болсақ, қазіргі кезде Қазақстанға тұрақты болмаса да уақытша пана іздеп келген азаматтар бар. Олардың қазақ жеріне келуіне жұмыс жасауға қолайлы жағдай, оңтайлы миграциялық заң мен жоғары экономика себеп. Мәселен, «Хабар 24» арнасына пікірін білдірген ресейлік азамат Қазақстанның болашағына сенетінін алға тартқан. «Соңғы уақытқа дейін Мәскеуде тұрдым. Бірақ өткен аптадан бастап Алматы қаласының тұрғынымын. Мен Қазақстанның жарқын болашағына сенгендіктен көшіп келдім және қазір Ресейден гөрі осы елдің болашағына сенемін. Қазіргі кезде Қазақстан бұрынғы КСРО елдерінен Ресейден кейінгі ең бай мемлекет», – дейді ресейлік мигрант В.Новиков.
Ол өз сөзінде шекара жабылуы мүмкін деп қорыққанын да жасырмады. Дегенмен ол Қазақстанға түпкілікті көшіп келмегенін, ахуал бірқалыпты күйге түскенше бір-екі ай осында күте тұруға бел буған. Ал заңда қалай?
Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 6-1 бабы бойынша Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат отбасын біріктіру мақсатында, заң жүзінде еңбек шартын жасасқан, білім алу немесе ем қабылдау, діни миссионерлік және кәсіпкерлік қызметті атқару мақсатында келген азаматтарға беріледі. Сондай-ақ олар визаның қолданылу мерзімі аяқталған дейін көшіп келушілер Қазақстан жерінен шығуға міндетті.
Ал Қазақстан азаматтығын алуда қоғамдық пікірдің айтылуы мәселе ретінде қарастырылуы шарт. Қазақстанның «Азаматтық туралы» заңында кімдер азаматтық ала алатыны ашық көрсетілген. Мысалы, ата-анасы шетел азаматтары болса, бала Қазақстан территориясында туғанына қарамастан азаматтық ала алмайды. Ал ата-анасының азаматтығы әртүрлі болып, бала Қазақстанда дүниеге келсе немесе шетелде туғанымен ата-анасының біреуінде Қазақстанда тұрғылықты жері болса, азаматтық ала алады.
Осы заңның 15-бабында «Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өздерінің өтінішхаттары бойынша осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдануы мүмкін. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініштер бойынша шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды» делінген. Президент қабылдайтын өтініш жазудың да өзіндік шарттары бар. Мәселен, ҚР азаматтығын алу үшін ол азамат заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын немесе Қазақстан Республикасының азаматымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданады.
Бүгінде көпшілік «Азаматтық алу» туралы заңды қатаңдатуды сұрап жүр. Мұның мәнісі – «Азаматтық туралы» заңның 16-бабында. Бұл бапта «Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi – баласы, зайыбы және ата-анасының бiреуi, апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан қабылданатын болады» деп ашық көрсетілген. Алайда барлық ресейліктердің Қазақстанда туыстары бар деуге келмейді. Сондықтан бұл заң аясында қазақ жеріне ресейлік мигранттар көптеп келіп, азаматтық алады деу көңілге қонымсыз.
Ресейге салынған санкциялардың бір ұшы бізге де тигені рас. Бүгінде үкіметтегілер экономиканы жақсарту мақсатында бірнеше шараларды қолға алды. Бұл орайда қазақстандықтардың жұмыс орнын шетелдіктерге бермеу маңызды. Бұл мәселеге қатысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов көптің көңіліне сенім ұялатқандай болды.
«Біз қазір нарықтағы жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Бірақ дәл қазір мұндай жаппай ағын, яғни ресейлік азаматтардың бізге келіп жұмыс істеуі байқалмайды. Әзірге мұндай болжам жоқ. Алайда жағдай күн сайын өзгереді. Біз мониторинг жүргізіп отырмыз», – дей келе министр ресейлік мамандар Қазақстанға жаппай ағылса, тиісті шаралар қабылданатынына сендірді. Мәселен, жұмыспен қамту орталықтары бірінші кезекте қазақстандықтарды жұмысқа орналастырады.
Ал Ресейлік азаматтарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру туралы әзірге билік тарапынан ешқандай жаңалық жоқ. Қолданыстағы заң бойынша бүгін-ертең көшіп келгендердің азаматтық алуы екіталай. Алайда билік «Азаматтық» туралы заңды одан әрі қатаңдатса дәл қазіргі жағдайда көптің көңілінен шығары анық. Бастысы азаматтықты әркім алмаса…
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!